Президент неге Пәкістанға барды?

none

Пәкістан билігі президент Тоқаевты неге сонша қошеметпен қарсы алды? Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сапармен Пәкістанға барды. Пәкістанның әуе кеңістігіне кірген сәттен бастап-ақ ҚР президентіне деген құрмет күшті болды, Тоқаев мінген ұшақтың екі қапталында Пәкістанның екі әскери ұшағы ілесіп жүрді, Исламабад әуежайына салтанатпен қондырды. Ал әуежайда Тоқаевты Пәкістан президенті Асиф Али Зардари мен премьер-министр Шахбаз Шариф қарсы алды. Бұл – халықаралық дипломатияда сирек кездесетін, айрықша ілтипаттың белгісі.

Қала көшелерінде Қазақстан туын желбіреткен тұрғындар қаз-қатар қонаққа қошемет көрсетіп тұрды. Президент Тоқаев та әртүрлі сала басшыларынан құралған делегацияны Пәкістанға ертіп барды. Бұл екі ел арысында бір біріне деген ықыластың, ортақ саяси-экономикалық мүдделестің күшейгенін аңғартады.

Қазақстан мен Пәкістан арасындағы қарым-қатынас бұған дейін оңған емес, соңғы мемлекеттік ресми сапар сонау тоқсаныншы жылдардың соңында болған. Содан бері екі ел арасындағы жылдық сауда айналымы 200 млн доллардан асқан емес. Бұған геосаяси ахуал кесірін тигізді. Пәкістан өз тәуелсіздігін алып шыққан Үндістанның, саяси тұрақсыздықтан көз ашпаған Ауғанстан мен шиғалық Аятолла басқаратын агрессивті Иранның қоршауында қалды. Рас, Үндістанның қысымынан құтылу үшін Пәкістан соңғы жылдары Қытаймен байланысты күшейткен, бірақ бұл Пәкістан экономикасын дамытуға, жан-жақты ырықтандыруға, әлемдік нарыққа барынша ықпалдасуына көп көмегін бермеді. Қазақстанның мұнай-газ сату дәлізі мен сауда жолы Ресей жерімен өтеді. Қазір батыс елдерінің санкциясы бойынша және Украина әскерінің атқылау аймағын кеңейтуіне орай Қара теңіз арқылы батысқа тауар тасу шектелді. КТК мұнай құбырының теңіз жағалауындағы терминалдары бірнеше мәрте дрон шабуылына ұшырап қирады. Балтық теңізі жағалауындағы Еуроодақ елдері Ресей порттарынан шығатын кемелерді өткізбей жатыр. Қара теңізді де, Балтық теңізін де жауып тастауы мүмкін. Бұл Қазақстанның да, Орта Азия елдерінің де экономикасына зиянын тигізеді. Қазақстан саяси себептерге байланысты Баку-Жейхан мұнай құбыры желісіне қосыла алмады. Қазір бұл бағыттың да қию кетіп, келешегі күмән туғызып тұр.

Орталық Азия және оңтүстік Кавказ елдері үшін саяси тұрақсыз Ауғанстан мен Иран сауда жолындағы тот басқан «қара құлып» іспетті. Қазір АҚШ пен Израиль Аятолла режимін құлатып, Иранды әлемдік нарыққа бейімдеймін мақсатты әскери операция жасауға дайын отыр. Егер осы операция мақсатына жетсе, онда түстіктегі «қара құлып» сынады, Иранға салынған санциялар алынады, 90 млн халық бар ел жаһандық экономикаға ықпалдасып, бейбіт өмірге көшеді. Пәкістанда халық 250 млн-нан асты. Бұл әжептеуір үлкен нарық. Оның сыртында 1,5 млрд халқы бар Үндістан тұр, одан әрі оңтүстік-шығыс Азия елдері... Иранның мұнай-газ, пайдалы қазбалары және басқа да экономикалық әлеуеті соншама үлкен нарықты қанғаттандыра алмай қалуы мүмкін. Түркіменстаннан Иранға (немесе Ауғанстанға), одан әрі Пәкістанға мұнай-газ желісін салу жобасы баяғыда-ақ талқыланған, бірақ ол сөз жүзінде қалды. Міне, соны енді іске асыруға мүмкіндік бар. Өзбекстан-Қазақстан-Түркіменстанның мұнай-газ және транспорт желісі бір-бірімен жақсы байласқан, тек оңтүстікке қарай жол шорт кесіліп тұр. Қазір Иран төңірегінде ширыққан геосаяси жағдай оң шешімін тапса, онда бұрын талқыланған аймақтағы экономикалық жобалардың жүзеге асуына жол ашады. Сол жағдайға дайын болу қажеттілігін, «саясат – экономикалық мүдденің жиынтығы» екенін Пәкістан мен Қазақстан басшылары жақсы түсінеді.

Айдары: Дүрбі 05.02.2026 36

Қатысты мазмұн