Кеше Қазақстан мұнайын шетелге таситын төрт танкер Қара теңіздің шығыс жағалауында дрондар шабуылына ұшырады. Оқиға «Каспий құбыр желісі консорциумының» (КТК) Қара теңіз жағалауындағы Южная Озереевка мұнай құю терминалынан 45 шақырымдағы су айдынында болған. Греция елінің жалауын желбіреткен «Delta Harmony» танкері «Tengizchevroilдың» мұнайын тиеу үшін, «Matilda» танкері «ҚазМұнайГаздың» Қарашығанақ кенішінен өндірген мұнайын тиеу үшін терминалға қарай келе жатқан. Екі танкердің де үсті біршама қираған, бірақ жөндеп алуға болады. Қазір «Matilda» танкері келген жағына қарай жүзіп барады. Бұдан басқа Қазақстан мұнайын тиеуге келе жатқан тағы екі танкер – «Delta Supreme» мен «Freudті» де дрондар шабуылдаған, бірақ танкерлер бүлінбеген.
Бұған дейін КТК-ның Қара теңіздегі мұнай құю терминалдарын дрондар шабуылдап, екі терминалды қиратқан. Содан бері Қазақстан мұнайын танкерге тиеу бір терминал арқылы жүзеге асатын. Енді сол терминалға бағыт алған төрт танкер шабуылға ұшырады. Қазақстан мұнайын тиейтін терминалдарды шабуылдауды да, танкерлерді шабуылдауды да Украина әскерилері мойындаған жоқ.
Қазақстан мұнайының 80 пайызы КТК құбыр желісі арқылы шетелге сатылады. Соңғы айлардағы Қара теңізде болып жатқан дрон шабуылдары мұнай экспорты жүйесін тығырыққа тіреді. Өткен жылдың желтоқсан айының алғашқы екі аптасын биылғы қаңтармен салыстырсақ, Қазақстандағы мұнай өндіру 35 пайызға қысқарғанын көреміз. Мұндай жағымсыз үрдіс жалғаса берсе, онда еліміздегі экономикалық-әлеуметтік жағдай ушығуы мүмкін.