«Respublica» - жаңа тұрпатты стартап партия

none

Саясат елдегі шынайы жағдайға сүйенуі қажет. Осы тұрғыдан алғанда «Respublica» экономикалық саясаттың реал моделін ұсына алатын партия. Оның себебі де бар. Партия негізін Айдарбек Қожаназаров, Сырымбек Тау, Максим Барышев, Қуаныш Шонбай, Динара Шүкіжанова сияқты кәсіпкерлер құраған. Бұлар Тәуелсіздіктің басында советтік кәсіпорындарды жекешелендіріп алып, аяқасты миллионер-олигарх бола қалған 90-шы жылдардағы «жас түріктер» емес. Олардың қазақ қоғамына қайыры болмады. Ал «Respublica» лидерлерінің әрқайсысы бизнесті нөлден бастап, шаруаның көзін тапқан, қара халықтың ішінен қайнап шыққан кәсіпкерлер. Осы тектес кәсіппен миллиондаған қазақстандық айналысып, бюджетті толтыруға зор үлес қосып отыр.

Respublicaшылар Қазақстан экономикасының тірегі болатын кіші және орта бизнестің жай-күйін, оны еселеп дамытуға жол ашатын мақсат-мұратын жақсы біледі. Мәжілісте де осы саланы дамытуға қажет заң жобаларын ұсынған да - «Respublica» партиясының фракциясы. Соңғы үш жылда «Respublica» партиясы еліміздегі 20 аймақтың бәрінде филиал ашып, бизнес-қауымдастықпен тығыз жұмыс істеп жүр. Respublica Jastary және ReWomen атты жастар мен әйелдерге арналған бизнеске және әлеметтік жауапкершілікке үйрететін жобаларды іске асырып жатыр. Бұл кіші және орта кәсіпкерлікке жаңа серпін береді.

Саясат – экономика мүддесінің жиынтығы дейді ғой. Ал «Respublica» тұтас экономикада стартап кәсіпкерлікті басшылыққа алады. Бұл партияның бағдарламасында айқын көрсетілген. Қазір бизнеспен, кәсіпкерлікпен шұғылдануға екінің бірі талпынады. Әсіресе, жастар өзінің кәсібін ашып, оны дамытуға құштар. Бұл үрдіс Қазақстан экономикасын ғана емес, халықтың әл-ауқаты мен келешегінің қандай болатынын айқындайтын басты бағыт. Осы үрдіске «Respublica» секілді қоғамдық көшбасшы партия қажет. Мұның негіздемесі де бар. Партия Құрылтай сайлауына 17 облыстан 76 кандидат ұсынды, олардың орта жасы - 40,9. Ең жас кандидат - 27 жаста. Кандидаттардың 44-і жігіт, 32-і әйел адам, олардың ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Партиялық тізімдегі respublicaшылардың 70%-ы бұрын сайлауға түспеген жаңа толқын. Қысқартып айтқанда, бұл партия халықтың қоғамдағы ең белсенді әрі көпшілік бөлігінің мүддесін қамтиды. Сондықтан «Respublica» партиясы сайлаушылардың қолдауымен «Әділет» партиясынан кейінгі Құрылтайдың депутаттық қомақты мандатын иеленетін сияқты.

Әрине, «Respublicaмен» жағаласып, «біз кәсіпкерлер мүддесін қорғаймыз» деп жүрген «Ақ жол» атты партия да бар. Ақиқатында, «Ақ жолдың» бэкграунды оңып тұрған жоқ. "Ақ жолдың" бұрынғы төрағасы Азат Перуашев қазақ қоғамына да, қазақ экономикасына да қайыры жоқ күмәнді «бинесмендерді» партиялық тізіммен Мәжіліс депутаты қылған. Солардың бірі Азамат Әбілтаев Ресейдің Украинаға басқыншы соғысы мен Путинді жан-тәнімен қолдаған. Ал Аманжан Рысқалиев Мәжілістегі депутаттық мандатын тастап, ағасы Бергейге ілесіп шетел асып бой тасалап кетті... Ал Перуашевтің өзі «Ақ жолға» дейін Машкевич-Шодиев-Ибрагимов сияқты олигархтардың «Азаматтық» партиясын» басқарған-ды. Сондықтан «Ақ жолды» кіші және орта кәсіпкерліктің жай-күйін біледі деп те, халық мүддесін күйттейді деп те айта алмаймыз.

Екіншіден, «Ақ жолдың» бұрынғы төрағасы Азат Перуашев те, бүгінгі лидері Дания Еспаева да белі қайысып өз алдына бизнес жасамаған, реал экономикадағы кәсіпкерліктің рөлі мен проблемасын түсінбейді. Екеуі де халықтың (оның басым бөлігі кіші және орта кәсіпкерлер) қылша мойнына несие қамытын іліп қойған банкі бар олигархтардың саясаттағы лоббиі болды ғой. Қазір де «Ақ жол» осы позицияда тұр. Ал «Respublica» партиясының өкілдері тың идеялы әрі дамыған технологияға сүйеніп бизнес түрін ашумен қатар, кәсіпкерліктің қыр-сырын жастарға үйретіп, өздері жинаған тәжірибемен бөлісіп жүр. Сол мақсатта стартап жобаны жүзеге асыруды үйрететін бірнеше орталық құрылды. Айдарбек Қожаназаров бастаған respublicaшылардың тың идеясы нақты іспен қабысып жатырқ. «АгромашХолдингте» жыл сайын 200 студент өндірістік тәжірибеден өтеді, ал Түркістандағы кәсіпорнында 100 студент кәсіби тәжірибе жинайды. Қарағандыдағы зауыты колледжбен бірлесіп, өндіріске маман даярлау бағдарламасын жасады. Партия сайлауалды үгіт-насихат науқаны кезеңінде respublicaшылар 20 өңірдің бәрін аралап, 800-ден астам кәсіпорынға барды, 1,5 миллион адаммен кездесіп, халықтың әлеуметтік-экономикалық мәселесімен танысып қайтты. Сондықтан «Respublica» партиясына халықтың тыныс-тіршілігін ішінен білетін, заманға сай кәсіпкерлердің мақсат-мүддесін қамтитын қоғамдық жаңа қозғалыс деп қараған жөн. .

Ораз Әлімбеков, журналист

Айдары: Дүрбі 20.08.2026 75

Қатысты мазмұн