Интернеттің жады күшті, бәрін есінде сақтайды. Желіге жүктелген ақпарат бір жерден болмаса, басқа жерден табылады екен. Қазір Google-ға «Санжар Боқаев» деп жазсаңыз, оның соты, утильалымға қарсы қозғалысы туралы бүткіл дерек шығады. Бірақ көпшілік біле бермейтін тұстары да бар.
Кезінде журналист Гүлжан Ерғалиеваның «Адам бол» деген журналы болды. Сол журналды жабуға шұйліккендердің бірі әрі бәрегейі – Санжар Боқаев. Ол кезде Боқаев Алматы қаласы әкімдігінде лауазымды қызмет атқаратын. Тіпті журналдың жабылуына қарсы тарап аштық жариялап, кейбірінің денсаулығы бұзылғанда «өздері неге барып тұрғанын білді» деген сарындағы пікір айтқаны да интернет қойнауында сақталып қалған. Мемқызметтен кейін Боқаев утильалымға қарсы қозғалыстың бірсендісі болды. Петиция жариялап, қоғам назарын өзіне аударуға тырысты. Бірақ осы мәселеге арналған алғашқы жиындардың біріне қатыспай қалғаны да әлі есімізде. Себеп ретінде ол министрлік ғимаратына телефон алып кіруге тыйым салынғанын айтқан еді. Сонда күн сайын мемлекеттік мекемелерге кірерде телефонын өткізіп жүрген адамдардың бәрі ақымақ та, Боқаев қана ақылды болғаны ма? Әлде ол үшін хайп маңызды ма?
Утильалым мәселесіне қатысты кездесулерде Боқаевтың ескі мәліметтерді айтып, жауапты мекеменің алдында ыңғайсыз жағдайға қалған сәттерін көпшілік біле бермес. Жиында оның айтқан уәжіне талай рет нақты фактілер келтіріп, тиісті жауап берілді. Сол кез де ол ыңғайсыз жағдайда қалды.
Кейін Боқаев депутат болуға да талпынып көрді. Бірақ әлеуметтік желіде пікір жазу бір бөлек те, электораттың нақты қолдауы басқа нәрсе. Ақырында халықтан қолдау таппады. Одан кейін «Намыс» атты цифрлық партия құрғанын жариялады. Сол кезде өзін жүз мыңдаған адам қолдайды деген. Алайда партия сиезіне ат төбеліндей адам жиналды. Яғни, Боқаевтың мәлімдемесі мен нәтижесінің арасы едәуір алшақ жатыр. Боқаев туралы ақпараттың бәрінен хабарсыз жұрты қана оған тез сеніп қалуы мүмкін. Бірақ тереңірек зерттеп, сыни тұрғыдан қарасаңық, оның ісінен гөрі сөзі көп адам екенін аңғару қиын емес. Қазір әлеуметтік желі арқылы образ жасау оңай болды ғой. Бір-екі эфир, бірнеше сыни мәлімдеме жеткілікті. Соны көрген жұрт «шындықты айтатын адам осы» деп шыға келеді. Ал архив деген үнсіз куәгер ғой. Ешкімді де, ештеңені де ұмытпайды.
«S»