Зеленскийдің офисі де, Ақорда да Украина-Қазақстан қарым-қатынасының ушыққанын қаламайды. Геосаяси ахуалдың ығына жығылып тоңтеріс (антагонистік) позиция ұстану екі тараптың да тағдыршешті мүддесіне қайшы. Дегенмен, Украина-Қазақстан достығына сына қағатын мүдделі күш Ресей империясынан бөлініп шыққан Қазақстан мен Украинада да бар. Қарабасының қамын күйттеген ондай элементтерді импершілдігі қозған елдің құпия қызметі әмісе пайдаланып қалуға тырысатыны анық.
Киевтегі Жамбыл Жабаевтың ескерткішін және Каменское колледжінің кіреберісінде тұрған Нұрсұлтан Назарбаевтың барельефін алып тастау жөніндегі қазақстандық «оппозицияшыл» белсенді Тұрарбек Құсайыновтың талабынан Украина билігі бас тартты. Құсайынов Қазақстан жаңа Конституцияны қабылдаған күні (референдум) Киевтегі қазақ елшілігі алдында наразылық акциясын жасаған. Украинадағы қазақ диаспорасының «С» есімді өкілінің айтуынша, осындай саяси арандатулардың, Украина-Қазақстан қарым-қатынасын ушықтырудың артында тұрған «Бәсе» ютуб арнасының басшысы Наталья Садықова, ал оның «кураторы» Лондонда тұратын Ресей азаматы, «Respublika» порталының жетекшісі Ирина Петрушова. Өзі тасада тұрып біреудің қолымен от көсейтін Садықова Қазақстан елшілігі алдындағы әлгі акцияны видеоға түсіріп БАҚ-та жаппай жариялау үшін Украинаның 1+1 телеарнасының журналисі мен операторын жалдаған. Мұндай арандату «Бәсе» ютуб арнасының ақпараттық негізгі саясаты екені анық.
«Бәсе» ютуб арнасында басқыншылық соғыстан зардап шегіп жатқан Украинаның мүддесіне сәйкесетін контент атымен жоқ. Подкастың бәрі Қазақстандағы билік пен байлыққа таласқан топтардың тартысына, өзара есеп айырысуды көздейтін «разборкасына» негізделген, яғни түгелі саяси немесе коммерциялық тапсырыс материалдар. Мысалы, «Бәседе» Олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиев туралы «ол – ФСБ офицері, қазақ-қытай шекарасын уысында ұстап отыр», «Гаджиев кейбір министрлерлерді тағайындайды екен», «Гаджиев – Айдос Садықов өліміне тапсырыс беруші» деген сыңайдағы дәлел-фактісі жоқ 35-тен астам материал бар. Бұл Гаджиевті қаралау жүйелі жасалғанын әрі қаржысы молынан төленген тапсырыс екенін көрсетеді. Бес жылға созылған осы дәлелсіз қаралаудың себебін зерттеген француз журналисі Эрик Базен (Eric Bazin) «ол (Гаджиев) халықараға танымал екі әйел журналистің (Н.Садықова мен И.Петрушованың) ақпараттық қуғындау кампаниясының құрбаны болғанын» («который стал жертвой кампании преследований со стороны двух международно известных журналисток»), сол арқылы әлгі екі журналистің Мәскеудің пайдасы үшін Қазақстан мен Украина арасына іріткі салып жатқанын жазды («Систематически очерняя успех Гаджиева, две журналистки сеют раздор в отношениях между Казахстаном и Украиной к большой выгоде Москвы!»). Украинада пана тауып, азаматтығын былтыр алған Наталья Сергеевна өзінің геосаясат «қуыршағы» болып кеткенімен ісі жоқ, ол «Бәседе» ақысы төленген тапсырыс материалдан пайда тауып, Киевтен екі үй сатып алғанына мәз.
«Бәсе» ютуб арнасы Қазақстанмен байланысты Украина халқына көмек беруді мақсат тұтқан гуманитарлық іс-шараларға мүлде көңіл бөлмейді. Мысалы, сондағы қазақ диаспорасы, қазақстандық меценаттар және еріктілер бірлесіп Украинаның оншақты қаласына киіз үй тігіп, жарықсыз әрі жылусыз қалған тұрғындарды паналатып, үнемі ыстық тамақ таратып халыққа көмек береді. Бұл гуманитарлық жоба «Мызғымайтын киіз үй» («Юрта Незламності») деп аталады, жобаға Рада депутаты Сергей Нагорняк пен қазақ бизнесмені Дәулет Нұржанов жетекшілік жасайды. Қазақ кәсіпкерлері – Айдын Рахымбаев, Еркін Тәтішев, Қанат Көпбаев Украинаға жүздеген генератор жіберді, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандар салды. Әрине, журналист Наталья Садықова Украинаға қомақты көмек беретіндей бизнесмен емес, бірақ оның ойында гуманистік ниет жоқ. «Мызғымайтын киіз үй» жобасына жүздеген қазақ диаспорасы волонтер ретінде атсалысып жүр – тамақ пісіреді, оны халыққа таратады. Осындай іс-шараға Садықовтар ешқашан қосылған емес, қарабасын күйттеуден әрі аспады, қазір де Наталья Садықова Киевтегі «Мызғымайтын киіз үйдің» жанында тұрса да, қазақ диаспорасының іс-шарасына қатыспайды, тіпті қазақ диаспорасының өкілдерін өзіне жау санайды. Ол қазақ бизнесмендерінің гуманитарлық көмегі мен «Мызғымайтын киіз үй» іс-шарасы туралы «Бәсе» арнасында бір де бір репортаж жасамады. Садықовадан гөрі оппозицияшыл журналист Лұқпан Ахмедияров пен Рауль Упоровтың адамгершілігі зор екен. «Жақсының жақсылығын айт – нұры тасысын, жаманның жамандығын айт – құты қашсын» деген ғой атам қазақ. Әлгі екі журналист Астанадан сонау Украинаға ат арылтып барып «Мызғымайтын киіз үй» жөнінде өздерінің «Просто журналистика» ютуб арнасында ауқымды ақпарат берді. Украина журналисі Григорій Пирлік те «Україна – Центральна Азія» аттты телеграм арнасында постсоветтік түркі мемлекеттерімен достық қатынасты күшейтуді насихаттайды (2-суреттте оң жақта). Бұл – президент Зеленский ұстанған саясаттың бір бағыты. Ал Наталья Садықова басқыншылық соғыстан зардап шегіп жатқан украин халқына қол жәрдемі түгілі, сөз жәрдемін бермей тымырайып отыр.

Енді Қазақстан билігінен қысым көріп Украинаға қоныс аударған Садықовтар мен Козловтар отбасын салыстырайық. Бастапқы мамандығы журналист Владимир Козлов Жаңаөзен оқиғасы бойынша 7 жылға сотталған, ол түрмеден шыққан соң отбасын алып Украинаға кетті. 2022 жылы соғыс басталғанда В. Козлов бірден Киевтің «территориялық қорғанысы» деп аталатын еріктілердің жасағына қосылды, әскери машығын жетілдірді, қазір де ол елді солтүстіктен қорғайтын осы әсери құраманың сапында тұр. Ал сол кезде Айдос Садықов не істеді? Бала-шағасымен бомбадан паналайтын метро ішіне тығылып, сондағы видеосын «Бәсе» арнасына жүктеп отырды... Сонда кімді «батыр» дейміз?!.
Владимир Козловтың әйелі Әлия Тұрысбекованың да ниеті түзу. Оны ылғи қазақ диаспорасының «Мызғымайтын киіз үй» сияқты гуманитарлық іс-шарасының ортасынан табасыз, бауырсақ пісіріп, тамақ тасып ұршықтай үйіріліп жүрген Әлияны көресіз. Оған әлі Украина азаматтығын бермеген. Қазір Украина паспортының артықшылығы көп – Украина азаматтары Еуроодақ елдерінде визасыз емін-еркін жүреді. Ондай паспорты жоқ болса да, Әлия Тұрысбекова Украина-Қазақстан достығын нығайтатын келелі шаруаның ортасында халыққа көмек беріп белсеніп жүр. Ал Ресей геосаясатының «қуыршағы», кейін құрбаны болып кеткен Айдос Садықовтың жесірі Наталья Сергеевна «тазы ашуын тырнадан аладының» керінен тыйылар емес. Былтыр Садықова жылып-сықтап Украина паспортын алды, бірақ Украинаға пайдалы іс жасап жүрген ол жоқ. Қолынан келсе, Украина-Қазақстан достығына сына қағып, онсыз да күрделі геосаяси ахуалды ушықтырып жатыр. Қиын-қыстау кезде өзіне пана болған Украинаға опа бермеген Наталья Сергеевнадан не күтеміз?!.
Ораз Әлімбеков, журналист