«Басе» басшысы - 2024 жылы жазда Киевте атып өлтірілген Айдос Садықовтың жесірі Наталья Садықова, ал «Respublikaның» бас редакторы -Ирина Петрушова. Осы екі БАҚ Айдос Садықовты атып өлтіруге тапсырыс беруші ретінде қазақстандық кәсіпкер Гаджи Гаджиев деп талмай жазып жүр. «Украина-Орталық Азия» телеграм арнасының хабарлауынша, кеше Киевтің Шевченко аудандық соты Наталья Садықоваға қарсы істі қарауды бастаған. Г.Гаджиевтің «ар-намысын, қадір-қасиетін, іскерлік беделін» Францияның TerNoir консалтинг агенттігінің адвокаттары қорғайтын сияқты. Агенттіктің негізін қалаған француз журналист Эрик Базен (Eric Bazin) Гаджи Гаджиевтен ауқымды сұқбат алыпты. Базен Гаджиевті «халықараға танымал екі журналист әйелдің қудалау науқанының құрбаны болды» деп сипаттап, «бұл екі журналист (Петрушова мен Садықова) Қазақстан - Украина қатынасына іріткі салып, Мәскеуге үлкен пайда келтіруде!» деп жазды журналистерге берген түсініктемесінде. Дегенмен, ол Гаджиевпен болған толық сұхбатты әлі жарияламады.
Айдос Садықовтың өліміне байланысты аз-маз түсінік берейік: 2022 жылдан бастап «Басе» арнасының басшысы Айдос Садықов бизнесмен Г.Гаджиевті «қазақ-қытай шекарасын қадағалаушы - биліктің сенімді әрі ықпалды адамы» деген сыңайда сынай бастады. Сірә, ол Г.Гаджиевтің әйелі Раушан Қажыбаеваның «ҚР Президенті телерадиокешенінің» директоры екенін қаперге алса керек. Кейін А.Садықов «маған Гаджиев өзі туралы сын материалды алып тастау үшін Киевке адам жіберіп, ақша ұсынды» деп шулатқан. Саяси тартысқа құлқы һәм қақ-соғы жоқ біртоға Гаджиев Садықовтың айыптауын жоққа шығармады, үнсіз қалды.
«Саясатпен шұғылданбасаң, саясат сенімен шұғылданады» деген сөз рас екен. 2024 жылы жазда Киевте машина айдап келе жатқан Айдос Садықовты әйелінің көзінше атып кетті. Киев полициясы бұрын Қазақстан арнаулы қызметіне қатысы болған Қаратаев пен Жақанбаевты күдікті деп таныған. Бұл оқиғадан кейін де «Басе» мен «Respublika» жарияланымдарында Айдос Садықовты өлтіру бойынша «арнайы операцияның демеушісі» деп Гаджи Гаджиевті айыптауын тоқтатпады. Гаджиев тағы да үнсіз қалды. «Бұға берсең – сұға береді» деген сөз де рас екен. 2025 жылы «Орда» сайтының бас редакторы Гульнара Бажкенова А.Садықовты өлтіруге тапсырыс беруші ретінде Гаджиевке сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қосақтады. Ақпараттық дүмпу нәтижесінде Нұртілеу лауазымынан айрылды, Гаджиевтің бизнестегі позициясы біршама әлсіреді. Журналист Г.Бажкенованың дәлелсіз айыптауына Гадижиев те, Нұртілеу де тағы да реакция танытпады. Ә дегенде Раушан Қажыбаева күйеуінің (Гаджиевтің) абыройын қорғау үшін Бажкенованы сотқа берем деп мәлімдеген, бірақ ол райынан тез қайтты. Журналист Бажкенова қазір Гадижиев пен Нұртілеуді қаралау ақпараты бойынша емес, басқа адамдардың арызы бойынша күдікті деп танылып сотқа дейінгі үйқамақта отыр. Гаджиевтің немесе Нұртілеудің Бажкенованы сотқа беріпті деген ақпарат таппадық. Ал Гаджиевтің «ақпын, қылмысқа қатысым жоқ, сол үшін ақпарат айдынында ақталмаймын» дегенге саятын көп жылғы ұстанымын бұзып, аяқасты Еуропада сотқа жүгінуінің себебі әзірге түсініксіз. Дегенмен, Айдос Садықов өлімінің төңірегіндегі оқиғаларды сараптап мынандай тұжырым жасауға әсте болады. Наталья Садықова да, Ирина Петрушова да сотта ұтылады, себебі олардың қолында Айдос Садықов өліміне Гаджи Гаджиевтің қатысы жөніндегі дәлелі жоқ.
Ораз Әлімбек, журналист