2024 жылы жазда Киевте атып өлтірілген Айдос Садықовтың жесірі Наталья Садықованы қазақстандық кәсіпкер, Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиев сотқа беріпті. Н.Садықова басқаратын «Бәсе» ютуб арнасы Айдос Садықовты өлтіруге тапсырыс беруші ретінде Гаджи Гаджиевті көрсетіп отыздан астам дәлелсіз мақала жариялаған. Гаджиев Садықовадан сол материалдарды өшіруді және ар-намысына, қадір-қасиетіне, іскерлік беделіне келтірілген зиян ішін 2,5 мың доллар моралдық шығын өтеуін талап етіп, Киевтің Шевченко аудандық сотына арыз жазған.
Сот күрделі емес істі қарауды 22 сәуірде бастау керек еді, бірақ Садықова іс материалдарымен таныспадым деген сылтаумен процесті 6 маусымға дейін созды, сөйтті де Гадижевті одан әрмен дәлелсіз айыптайтын контентті өзінің әлеуметтік желісінде күшейтті. «Азаттық», «Respublika» сайтына және Лұқпан Ахмедияровтың «Просто журналистика» ютуб арнасына сұхбат беріп, Гаджиевті «ол - дағыстандық, Ресей мүддесіне, ФСБ-ға қызмет етеді» деген сыңайда одан әрмен қаралап жатыр. Шындығында, Г.Гаджиев кішкентай бала кезінде Жаркентке келген, мектепті де, университетті де Қазақстанда оқыған, әйелі – қазақ. Өзі қазақ, қытай, ағылшын және орыс тілін жақсы меңгерген, бизнесі көбіне Қытаймен байланысты, Қазақстандағы бірнеше спорт түріне демеушілік жасайды, үнемі ауру-сырқауға, жетім-жесірге көмек беруден бас тартқан емес, Қазақстанның нағыз патриоты десе болғандай тұлға. Ал Наталья Сергеевна оны Ресей мүддесіне қызмет ететін адам ретінде көрсетіп жүр. 2022 жылдан бастап «Бәсе» арнасының басшысы Айдос Садықов әлдебір дереккөзіне сүйеніп бизнесмен Г.Гаджиевті «қазақ-қытай шекарасын бейресми қадағалаушы - биліктің сенімді әрі ықпалды адамы» деген сыңайда сынай бастады. Ол Г.Гаджиевтің әйелі Раушан Қажыбаеваның «ҚР Президенті телерадиокешенінің» директоры екенін де қаперге алды. Кейін А.Садықов «маған Гаджиев өзі туралы сын материалды алып тастау үшін Киевке адам жіберіп, ақша ұсынды деп шулатқан. Сол кезде саяси тартысқа құлқы жоқ Гаджиев Садықовтың айыптауын жоққа шығармады, үнсіз қалды.
«Саясатпен шұғылданбасаң, саясат сенімен шұғылданады» екен. 2024 жылы жазда Киевте машина айдап келе жатқан Айдос Садықовты әйелінің көзінше атып кетті. Киев полициясы бұрын Қазақстан арнаулы қызметіне қатысы болған Қаратаев пен Жақанбаевты А.Садықовқа қарсы жасалған қастандықта күдікті деп таныған. Бұл оқиғадан кейін де «Бәсе» жарияланымдарында Айдос Садықовты өлтіру бойынша «арнайы операцияның демеушісі» деп Гаджи Гаджиевті айыптауын тоқтатпады. Гаджиев тағы да үнсіз қалды. «Бұға берсең – сұға береді» деген сөз де расқа айналды. 2025 жылы «Орда» сайтының бас редакторы Гүлнара Бажкенова А.Садықовты өлтіруге тапсырыс беруші ретінде Гаджиевке сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеуді қосақтады. Ақпараттық дүмпу нәтижесінде Нұртілеу лауазымынан айрылды, Гаджиевтің бизнестегі позициясы біршама әлсіреді. Журналист Г.Бажкенованың дәлелсіз айыптауына Гаджиев те, Нұртілеу де тағы да реакция танытпады. Алғашқыда журналист Раушан Қажыбаева күйеуінің (Гаджиевтің) абыройын қорғау үшін Бажкенованы сотқа берем деп мәлімдеген, бірақ ол райынан тез қайтты. Журналист Бажкенова қазір Гаджиев пен Нұртілеуді қаралау ақпараты бойынша емес, басқа адамдардың арызы бойынша күдікті деп танылып сотқа дейінгі үйқамақта отыр. Гаджиев немесе Нұртілеу Г.Бажкенованы әлі күнге сотқа бермеді. Ал Гаджиев «ақпын, қылмысқа қатысым жоқ, сол үшін ақпарат айдынында ақталмаймын» дегенге саятын көп жылғы ұстанымын биыл ғана бұзды. Ол «Азаттыққа» берген түсініктемесінде «Бәсе» ютуб арнасынан өзі туралы материалды алып тастау үшін Айдос Садықовқа адам жібермегенін, оған ақша ұсынбағанын, Киевке барған әлгі адамды мүлде танымайтынын, сондай-ақ Украина полициясы А.Садықовты атып кетті деп күдікке алған екі адаммен (Қаратаев пен Жақанбаев) ешқандай байланысы жоғын мәлімдеді.
Украинадағы дереккөзімнің айтуынша, Гаджиев «Бәсе» ютуб арнасының басшысы Наталья Садықоваға қарсы осы жылдың басында Украина сотына арыз жазған. Дегенмен, Гаджиевтің бірінші арызын Украина соты қарамай кері қайтарған. Бұл сот екінші қайтара жолданған арыз бойынша қаралады. Ал Наталья Садықованың өзін сотқа бергенін 22 сәуірде білгені жалған. Ол арызбен таныспадым деп істі созбалаққа салып отыр. Садықова өзіне сөз бостандығын қорғайтын халықаралық ұйымдар мен басқа да журналистерден қолдау алып, екі ай бойы Гаджиевті баяғыша дәлелсіз қаралауды жалғастыруды, сол арқылы қоғамдық жаңсақ пікір түзіп, Украина сотына теріс ықпал ету тәсіліне көшті. Бүгін Freedom for Eurasia атты халықаралық құқық қорғау ұйымы қолында бір түйір дәлелі жоқ Наталья Садықованы жақтап, Гаджи Гаджиевтің «Бәсе» ютуб арнасына қарсы берген арызын қарамай тастауды Украина сотынан талап етті. Өзі «Бәсе» телеграм арнасына қара көзілдірік киген әлдебір «ақсақалдың» видеосын жариялады. «Ақсақал» Гаджи Гаджиевті «казахофоб» деп атап, Наталья Садықованың бір тал шашы түссе қазақтар кешірмейтінін, «есің барда еліңді тап» деді. Бұл «ақсақалдың» сөзі ҚР Қылмыстық кодексінің 174-бабы негізінде қылмыстық іс қозғауға негіз болып тұр. Қолында Гаджиевке қарсы бір дәлелі жоқ «Бәсе» арнасының басшысы Наталья Садықова осылайша «Азаттық», «Respublika» сайты мен «Просто журналистика» ютуб арнасын, халықаралық құқық қорғау ұйымдарын, әлгі «ақсақал» секілді Қазақстан азаматтарын «подставить» етіп жатыр. Әрине, Наталья Сергеевна Садықоваға Қазақстанда сот жоқ, себебі ол – Украина азаматы. Кейбір мәліметте оның Украина қауіпсіздік қызметімен (СБУ) тығыз байланыста екені айтылады. «Миротворец» сайтының «Украина дұшпандары» тізіміне мыңсан қазақстандық кәсіпкердің ішінен Гаджи Гаджиевті қосып қою да Наталья Садықованың қияңқы тірлігі. «Күйеуі өлген соң Наталья СБУ-дағы таныстарына өтінішін орындауын қолқалап қоймады, сөйтіп Гаджиев дәлелсіз «Украина дұшпаны атанды» деді дереккөз.
Ұлттық Олимпиада комитетінің вице-президенті Гаджи Гаджиевтің мақсаты Наталья Садықованы сотқа беру арқылы «Бәсе» арнасының үнін өшіруді көздемейтін сияқты. Ол өзін қаралаған отыздан астам материалды жоюды ғана талап етіп отыр. Егер ол әлеуметтік желідегі «Бәсе» арналарын жоқ қылып жіберуді көздесе, онда әрбір материал бойынша Гаджиев YouTube, Facebook, TikTok әкімшілігіне арызданып Наталья Садықоваға тиесілі арналарды әлемжеліден түгел жойғызып жібере алады. Бірақ Гаджиев әзірге ондай әрекетке бармады. Себебі, Наталья Садықова үшін «Бәсе» (ақылы материалдар, жарнама, донаттар, спонсорлық көмек) күнкөрістің көзі. Тағдырдың тәлкегімен бала кезінде Жаркентке қоныс аударып, өзін қазақпын (саяси ұлт) деп сезінетін Гаджи Гаджиев Украинада үш баламен жесір қалған Наталья Садықованың күнкөрісін қиындатқысы келмейтін сияқты. Осыны Наталья Сергеевна түсіне ме екен?!.
Ораз Әлімбеков, журналист