Украиналық журналист Виталий Портниковтың ойынша, қазақстандық оппозицияшыл белсенді Айдос Садықов өлімі постсоветтік елдерді тәуелді қылып ұстап отырғысы келетін Ресейдің құпия операциясының нәтижесі. Осы арқылы Қазақстан-Украина қатынасын ушықтыра түсіп, Қазақстан билігін халықаралық аренада жеккөрінішті қылып, Ресейдің «құшағынан шығармау» еді. Журналист Портников бұл оқиғаны 2000 жылы өлтірілген украиналық журналист Георгий Гонгадзенің қайғылы тағдырымен салыстырады. «Бұл екі оқиғаның да бенефициары – Путин» дейді Портников. Оның ойынша, Ресейдің құпия операциясын жүзеге асыруға бейім агенттер екі елде де жеткілікті.
Журналист Портников бұл пікірін бір жыл бұрын «Бәсе» ютуб арнасының жетекшісі Наталья Садықоваға берген сұхбатында айтқан. Дегенмен, Н. Садықова постсоветтік елдердің саясатын жақсы білетін Портниковтың сөзін құлағына қыстырмады, ол нақты дәлелі болмаса да, Киевте жасалған қылмысқа Қазақстанның жоғарғы билігін айыптауды, Айдос Садықов өліміне тапсырыс беруші деп қазақстандық кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің (қазір Ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті) есімін атауды тоқтатқан емес. Оның дәйексіз нарративіне Лондонда тұратын Ресей азаматшасы, «Республика» порталының жетекшісі Ирина Петрушова жел беріп отыр. Кәсіпкерлігі Қытаймен ғана байланысты Гаджиевті Садықова мен Петрушованың дәлелсіз қаралауын зерттеген француз журналисі Эрик Базен (Eric Bazin) «систематически очерняя Гаджиева, две журналистки сеют раздор в отношениях между Казахстаном и Украиной к большой выгоде Москвы!» деп жазған болатын.
«Бәсе» ютуб арнасындағы қазақстандық кәсіпкер Г.Гаджиевті қаралау науқанының хронологиясына зер салсақ, мұның тұтастай геосаяси интригамен байланысты екенін көреміз. 2022 жылдың маусымында өткен Петербург халықаралық экономикалық форумында президент Тоқаев Қазақстанның БҰҰ жарғысындағы қағидатты басшылыққа ала отырып, ЛНР мен ДНР деп аталған «квазимемлекеттік аумақтарды» мойындамайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар, қазақстандықтар Ресейдің басқыншылық соғысынан зардап шеккен Украина халқына гуманитарлық көмек беріп, ақпараттық қолдау білдіріп жатқан. Сол кезде ПӘ жетекшісі Мұрат Нұртілеу тұғын. Кейін Сыртқы істер министрі болған оның да позициясы «Украинаның тәулесіздігі мен территориляық тұтастығы» еді. Ақорданың бұл ұстанымы Ресейге ұнамады, Қазақстанның жоғарғы билігін «подставить» ету қажет деп шешсе керек. Мұндайда «сексеуілді сексеуілге ұрып сындыру» саяси технологияның ізін жасырудың әдісі ғой. Украинада орныққан «Бәсе» ютуб арнасының жетекшісі Айдос Садықов бұрын жалпақ жұрт мүлде танымайтын қазақтандық кәсіпкер Гаджи Гаджиевті «қытай-қазақ шекарасындағы кеденнің бейресмиі бақылаушысы – «смотрящий», «ол санкцияға ұшыраған Ресейге қажет тауарлардың контрабандасымен шұғылданады», «ФСБ офицері болуы мүмкін», «лауазымды тұлғаларды тағайындалуына зор ықпалы бар адам, оның «крышасы ПӘ жетекшісі Мұрат Нұртілеу» деген сыңайда бірнеше подкаст жасады. Жастайынан Қазақстанда өмір сүрген, есейген соң Қытайда он жыл тұрған, бизнесі Қытаймен байланысты Қазақстан азаматы Гаджи Гаджиевті «ресейлік-қазақстандық кәсіпкер», «Ресей мүддесіне қызмет етеді» деп атау мүлде шындыққа жанаспайтын. Сондықтан «Бәседегі» ешбір дәлелі жоқ Г.Гаджиевке қатысты подкастар легі үшін әлдебір мүдделі топ ақы төлегенін жоққа шығара алмаймыз, себебі Айдос Садықов ешбір дәлелсіз Г.Гаджиевке әбден шүйлікті. Екіншіден, өмірбақи белі қайысып жұмыс істемеген, үш баласы бар ерлі-зайыпты Садықовтар Киевтен екі пәтер, жаңа көлік сатып алды. Осының өзі-ақ ерлі-зайыпты Садықовтардың өздеріне жолданған мәліметтің рас-өтірігін тексермей жариялағанын, ақпараттық тапсырыс бойынша әрекет еткенін аңғартады. Тіпті, ақшаға құныққан олар мүдделі топтың «жаршысы», геосаяси интриганың қолжаулығы болып бара жатқанын ойланбады да.
2023 жылдың наурызында Айдос Садықов Киев шетіндегі супермаркеттің автотұрағына тоқтайды. Айтуынша, оған славян нәсілді кісі жақындап, Гаджиевтен келгенін, «Бәседегі» екі видеоны өшіру үшін 5 мың доллар беріп жебергенін айтады, ал Садықов «маған жақындама» деп байбалам салып қуып жібергендей болады. Осыдан кейін ол осы оқиғаны айтып, әлгі славян нәсілді кісінің шынымен Гаджиевтен келгендей қылып тағы да шүйлігуді күшейтті. Оның айтуынша, Украинада Ресей елшілігі жоқ, ал Қазақстан елшілігі бар, сондықтан әлгі славян нәсілді адамның ФСБ агенті емес, ҰҚК-ның агенті, яғни Гаджиевтен келген адам деп топшылады. Айдос Садықовтың сол кезде Ресейге шаң жуытпай, есесіне Қазақстан билігін айыптау сөйлеуінде не гәп бар?!. Әлде ол Гаджиев пен Нұртілеуге, қала берді президент Тоқаевқа қарсы «Бәседе» ұйымдастырылған ақпараттық шабуылдың бенефициарын жасырығысы келді ме екен... Бұл оқиға туралы Г. Гаджиев «Азаттық» радиосына берген сұхбатында Садықовтарға ешқандай адам жібермегенін, оларға ешқашан ақша ұсынбағанын айтты. Шындығында да, егер Гаджиев өзі жөніндегі видеоны «Бәседен» өшіргісі келсе, Садықовтарды жақсы танитын, оларға сөзі өтетін адамды ортаға салушы еді және «итке сүйек лақтырғандай» 5 мың доллар емес, қомақты ақша ұсынушы еді... Әлгі славян нәсілді кісінің «итке сүйек лақтырғандай» екі видео үшін Садықовқа 5 мың доллар ұсынуында құйтырқылық бар. Бұл осы құпия операцияны жүргізіп жатқан топтың «Бәседегі» Қазақстан билігіне қарсы ақпаратты қайта қоздыруды, Қазақстаннан қашып кеткен Садықовтардың ызасын күшейтуді және алда болатын бұдан да зор «подставаның» сценарийі үшін жасалған сияқты. Солай болды да. Қазақстандық көп кәсіпкердің бірі ғана Г. Гаджиевті Президент әкімшілігі мен ҰҚК-нің лауазымды қызметкерлерімен тығыз байланыстағы адам ретінде көрсететін дәлелсіз видеолар «Бәсе» ютуб арнасында көбейді.
«Бәсе» арнасының авторы Айдос Садықовқа 2024 жылғы 18 маусымда Киевтегі өз үйінің маңында машинамен әйелі екеуі келе жатқанда қастандық жасалды, киллер Айдостың басына бір оқ атты. Ол 13 күн комада жатып, 2 шілдеде қайтыс болды. Украина полициясы қастандыққа күдікті деп Мейрам Қаратаев пен Алтай Жақанбаевты таныды. Зерттеуші журналистер анықтағандай, екеуі де бұрын Қазақстаның күштік құрылымдарында қызмет еткен. Полицияда қызмет еткен кезінде Қаратаев тапанша атудан аймақтық біріншілік чемпионы болған екен. А. Садықов өліміне күдікті А.Жақанбаев Қазақстанға келіп полицияға берілді, ал М.Қаратаевтың қайда жүргені әлі белгісіз. Осы жағдайдан кейін Наталья Садықова күйеуінің өліміне Қазақстанның жоғарғы билігін айыптауды, тапсырыс беруші ретінде Гаджиевтің есімін атауды күшейтті. Дәл осы нарративтерге сүйеніп «Орда.кз» порталының жетекшісі Гульнара Бажкенова Айдос Садықовтың өліміне тапсырыс беруші ретінде сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу мен кәсіпкер Гаджи Гаджиевтің қамауға алынғанын хабарлаған. Бірақ Бажкенованың сөзі өтірік болып шықты. Дегенмен осы ақпараттық арандатудан кейін Мұрат Нұртілеу Сыртқы істер министрі лауызымынан айырылды.
Осы тұста украиналық журналист В.Портниковтың болжамына құлақ асса болады. «Бәсе» ютуб каналында Гаджиевке қарсы ақпараттық соққыны, Айдос Садықовтың өлімін, оны Қазақстан билігінің жоғарғы лауазымды шенеуніктерімен байланыстыруды президент Тоқаевты «подставить» ету операциясы деп қарастыру ақылға қонымды болжам. А. Садықов өліміне күдікті деп саналатын М.Қаратаев пен А. Жақанбаевтың бөтен елдің құпия операциясын орындағанын жоққа шығара алмаймыз. Мұндай оқиға соңғы жылдары жиі қайталанып жатыр. Мысалы, Қазақстанның Украинадағы елшілігіндегі «Б» есімді әскери атташе Польша территориясында Ресейдің пайдасына тыңшылық жасады» деген күдікпен ұсталды. Германия билігі Ресейдің мүддесіне тыңшылық жасаған «С» есімді қазақстандықты ұстағанын мәлімдегеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Олай болса, Айдос Садықов өліміне күдікті деп саналатын Қаратаев пен Жақанбаевты да үнемі бөгде біреудің қолымен от көсейтін Ресейдің геосаяси интригасына, Қазақстан мен Украина арасына сына қағуға жалданды деп айтуға негіз бар. Айдос Садықов осы геосаяси операция мақсатының кезеңдік құрбандығына шалынды, ал «Бәсе» ютуб арнасы бұрынғыша импершіл саясаттың қолжаулығы қызметін атқаруды жалғастырып жатыр.
Ораp Әлімбеков, журналист