АҚШ пен Израиль «тот басқан құлыпты» сындырды. Ирандағы Аятолла (Алланың жердегі нышаны) режимін жоятыны анық. Бұл – қысқа мерзімнің еншісінде. АҚШ пен Израиль жоспарының мақсатына жетсе, онда құрылатын жаңа өкімет елдегі экономикалық жағдайды тез түзейді: батыс елдері санкцияны доғарады. Chevron, Exxon Mobil, ВР секілді мұнай-газ компаниялары Иран нарығына кіреді де сауданы қыздырады, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Иран халқына осыдан басқа не керек?!.
Иранның әлемдік нарыққа интеграцияланып дамығанына аймақтағы елдердің түгелге жуығы мүдделі емес. Иран дамыса, Парсы шығанағы маңайындағы мұнайлы араб елдеріне экономикалық зор бәсеке туғызады. Олар әлемдегі мұнай-газ саудасында бұрынғыша шешуші рөл атқарудан қалады. Еуропалықтар Таяу Шығыс деп атап кеткен бұл аймақта өзіндік әсері бар Түркия да Иранның санкциядан құтылғанына, дамыған бейбіт елге айналғанына мүдделі емес. Иран мемлекетінде жинақы отырған күрдтер күшейіп, Сирия, Ирак және Түркиядағы күрдтерге астартын ықпал етіп, тәуелсіз Күрдістан құруға бет ала ма деп қорқады. Ресей-Украина соғысынан кейін Орта Азия елдерінің Батыс Еуропа нарығына шығатын логистикаға (оңтүстік Кавказ дәлізі) иек артқан Әзірбайжан билгі де Ирандағы мынау өзгерісті қолдамайды. Ильхам Әлиев те Ресей патшаларынан қалған саяси дәстүр бойынша «бөліп ал да билей бер» деген түсінікте. Ирандағы 30 млн әзірбайжанның Аятолла езгісінде болғаны, Әлиевтер династиясының оңтүстік Кавказдағы Әзірбайжанды өмір-бақи билеп-төстей бергені жақсы ғой Ильхамға... Енді «Иран әзірбайжандары дінкеш тираннан азат етілгенде, Кавказ әзірбайжандары диктатордан неге құтылмайды?!.» деген сұрақ күн тәртібіне қойылуы мүмкін.
Ресей «талақ» қылып тастап кеткен, кейінгі жылдары Түркия мен Әзірбайжанның қыспағында қалған Армения үшін Ирандағы саяси өзгеріс оңтайлы жағдай туғызады. Бұл энергетикалық кіріптарлықтан құтылатын, сауда-саттықты дамытатын жалғыз жол. Импершіл Ресей Иранға Қап тауының төңірегін жайлаған халықтар үшін түстік бағытты жабатын «қара құлып» ретінде қарады. Сондықтан БҰҰ қауіпсіздік кеңесінде Ресей Иран Ислам Республикасына салынған санкцияларды кешегіге дейін қолдап келді, мақсат Кавказ республикалары мен Орта Азия елдерін теріскейке тартып байлап қою еді.
Посткеңестік Орта Азия республикаларының түстік бағытқа экономикалық тиімді жобалар бойынша шыға алмайтын тағы бір «қара құлыбы» – Ауғанстан. Иранда ислам төңкерісі болған жылы Совет Одағы Ауғанстанда «коммунизм орнатамыз» деп басып кірген. Содан бері Ауғанстан саяси тұрақсыз ел. Қазір мұнда да «Талибан» деген дінкештер билік құрып тұр. Тот басқан бұл «қара құлыпты» АҚШ сындыра алмады. Жуық арада оңалмайды-ау, сірә. Ауған халқы әбден жүнжіп кетті, іштей жаңғыратын ресурс түгесілді. АҚШ та енді «болмайтынға болыспайтын» сияқты. Ауғанстанмен салыстырсақ, Иранды жаңғыртып, даму жолына бастайтын адами ресурс та, ғылыми потенциал да жеткілікті. Сондықтан Орталық Азия республикаларына, оның ішінде Түркіменстан, Қазақстан және Өзбекстан үшін экономиканы дамытатын Үнді мұхитына қарай сауда дәлізі ашылады. Бұған экономикалық қиыншылық көріп отырған 250 млн халқы бар Пәкістан да мүдделі. Оның арғы жағында 1,5 млрд Үндістан, құжынаған халқы бар оңтүстік-шығыс Азия елдері жатыр. Бұл елдерді экономикалық жағынан ықпалдастырып, Иран мен Тұранға байлап қою АҚШ-тың стратегиясына да, алпауыт мұнай-газ компанияларының да мүддесінің үдесіне сай келеді. Әрине, Таяу Шығыс пен оңтүстік Кавказда ықпалынан айырылған Ресей Орта Азияның «қара құлыбының» қирауынан да әлдебір пайда табуға, санкцияға ұшыраған компанияларының мұнай-газын қазақ пен түркімендікіне араластырып сатуға тырысады. Бұлайша жасауға қажет тетік - Ресейдің Орта Азия елдеріне ықпалы әлсіреген жоқ.