Неге журналист Сәния Тойкен «Азаттыққа» азаттық керек» деді?
АҚШ қаржыландыратын «Азаттық радиосының» қазақ редакциясында 20 жыл жұмыс істеген журналист Сәния Тойкен кеше «Азаттықтан» қуылды. Жай қуылған жоқ, «Азаттықтың» хабар тарату стандартын және журналист этикасын бұзды...» деген айыппен қуылды.
Сол мезетте С.Тойкеннің Прагадағы редакция ғимаратының есіктерін ашатын магнит-картасын, сайттың аккаунтары мен серверіне кіретін кодтарын жарамсыз қылып тастады. Қыстқартып айтсақ, Сәния Тойкен «далада» қалды. Бұл талай жыл «от пен оқтың» ортасында жүріп, Жаңаөзен оқиғасы, мұнайшылардың ереуілі, жұмысшылардың наразылығы, митингілер сияқты күрделі жағдайда хабар таратқан Сәния Тойкенді «Азаттық» директоры Торокул Дооровтың әдейі жария түрде жазалауы сияқты. Осындай қажырлы журналистік қызметі үшін Сәния Тойкен 2017 жылы IWMF халықаралық қорының «Журналистикадағы батылдығы үшін» сыйлығын алған.
Ол - бұл сыйлықты алған алғашқы қазақстандық журналист. Ал директор Т.Дооров бір сәтте Сәния Тойкеннің «Азаттыққа», қала берді журналистикаға сіңірген еңбегін «түпәй күйсін» қылды. Прагадағы құпия дереккөздің мәліметінше, Сәния Тойкен өзінің еңбек демалысы кезінде АҚШ-қа барып кәсіпкер Барлық Меңдіғазиевтен видео сұхбат алған, бірақ ол сұхбат кезінде «Азаттықтың» ресурсын (операторлар, видео камералар, студия) пайдаланған жоқ.
Ол осы видео-сұхбатты материалдан тапшылық көріп қаңсып отырған «Азаттық» басшылығына сервер арқылы ұсынған. Директор Т.Дооров сұхбаттағы Б.Меңдіғазиевтің «Азаттық» бейтарап ақпарат тарату принципінен айныды, посткеңестік диктаторлық режимдермен астыртын байланысып кетті» деген сын сөзін де білетін. Сонда да «Бұл видеоны «Азатттық» эфиріне қою мәселесін ойланайық» дегендей созбалаққа салып келді. Кеше осы сұхбат қашқын банкир М.Әбілязовтің ютуб арнасында жарияланған соң директор Т.Дооров өзінше бұлқан-талқан болып С.Тойкенді «Азаттықтан» қуып тынды. Құпия дереккөздің мәлімдеуінше, С.Тойкеннің «Азаттықтан» қуылуының шын себебі әлгі сұхбат емес. «Тойкеннің «Азаттықпен» жасаған контракт мерзімі 31 желтоқсанды аяқталады. Директор Дооров және басқа да «Азаттық» басшылары «Тойкеннің контрактісін созбай қоямыз, сөйтіп тып-тыныш одан құтыламыз» деп қолын ысқылап жаңа жылды күтіп отырған... Сондай-ақ «Азаттықтың» эфиріне шықпай қалған жалғыз Тойкеннің сұхбаты ғана емес, Прагадағы редактор Мұхтар Сеңгірбай да жазда әлдебір мүдде көздеп Астанаға арнайы келіп, Қазақстан Сыртқы істерінің бұрынғы вице-министрі Роман Василенкодан (қазір Бельгияда елші) сұхбат алған. Қандай кілтипаны бар екені белгісіз, сол сұхбат та «Азаттық» эфиріне шыққан жоқ, бірақ редактор Сеңгірбай журналист Тойкен секілді жұмыстан қуылған жоқ. Сондықтан, салыстырмалы түрде қарасақ, Сәния Тойкеннің «Азаттықтан» қуылуының, осылайша журналисті жазалаудың құқықтық негізі жоқ, мұнда саяси астар бар» деді дереккөз.
Дереккөздің айтуынша, шындық үшін шырылдаған журналист Сәния Тойкенді «Азаттықтың» бұрынғы басшылары да, қазіргі басшылары да жақсы көрген емес. «Азаттықтың» Қазақстандағы редакциясында бір жыл жұмыс істемей-ақ Прагадағы жайлы офиске ауысып әрсалалы редактор болып қызметі әрі жалақысы өсіп кеткендер баршылық. Олардың көбі Едіге Мағауиннің (бұрынғы директор) руластары, Ғалым Боқаштың жақтастары, Т.Дооровтың мүдделестері тұғын. Ал 20 жылдық өтілі бар Сәния Тойкен 2025 жылдың мамыр айында ғана Прагадағы офиске ауыстырылды. Оған дейін «Азаттықтың» басшылары сылтау тауып Тойкенді жұмыстан шеттетудің түрлі айла-тәсілін қолданған. «Азаттықтың» Алматыдағы редакторы Қасым Аманжол бірнеше мәрте «Сәния, жас емессіз, журналист-репортер деген жастардың ісі ғой, орыныңызды жастарға бермейсіз бе» деген сыңайда өтініш айттып «Азаттықтан» «өз еркімен» кетірмек болды. Бұған Сәния көнбеді, өзіне қиын болса да дала кезіп, өзінің кәсібін жалғастырады берді. Ал басшылық Сәнияның журналистикадағы тәжірибесін ескермеді, оны өсірмеді. Міне, ол 20 жыл бұрын «Азаттықтағы» өмірін қатардағы журналист болып бастап, кеше қатардағы журналист болып аяқтады. Бұл әділетсіздік емей, немене?!.» деді дереккөз.
Дереккөздің айтуынша, «Азаттықтың» Прагадағы офисіне Сәния Тойкеннің ауысуында гәп бар. «Азаттық» журналистеріне аккредитация сұрап Сыртқы істер министрлігіне (СІМ) міндадар болып жүретіні белгілі. Аккредитация үшін СІМмен соттасты да. «Сонымен қатар, «Азаттық» басшылығы Қазақстан билігімен астыртын келіссөздер жасағанын жоққа шығара алмаймын. Билік өкілдері елде әлеуметтік тұрақсыздық тудыратын репортаждар жасайтын журналисті Қазақстаннан алып кету жөнінде талап қойды... «Азаттық» директоры Сәния Тойкенді Прагадағы офиске сол үшін ауыстырды, бірақ көріп отырсыздар ғой, шындық үшін шырылдаған Сәния Тойкен Еуропада алты ай да тыныш жүре алмады. АҚШ-қа барып Барлық Меңдіғазиевтен «Азаттықтың» рұқсатынсыз сұхбат алды. Бұл оқиға да Қазақстан билігінің зығырданын қайнатқан сияқты. Сондықтан, Сәния Тойкенді «Азаттықтан» туалай шығарып тастау жөнінде Дооровқа берліген келесі нұсқаудың сырттан болғанын жоққа шығара алмаймын» деді дереккөз.
Бәсе, Сәния Тойкеннің «Азаттыққа» азаттық керек!» дегені осы екен ғой. Эх, «Еркін Еуропада» да Сөз бостандығына орын қалмаған ба? Бірі кем қу дүние-ай...
Ораз Әлімбек