
Бүгінде Берік Уәлиді былайғы жұрт «журналист» деп біледі. Оның алғашқы оқыған оқуы - театр институты. «Әртіс журналистиканы мандытушы ма еді?!.» деген қыжыртпа сөз содан шыққан.
Президент Қ.Тоқаев өзінің баспасөз хатшысы қызметінде жүрген Берікті бүгін Абай облысының әкімі қылып тағайындады. Енді «журналист әкім болып абайлықтарды жарытушы ма еді - экономиканы басқару менеджментін оқымаған, нарық заңын түсінбейді, шаруашылықты білмейді, пәлен-пәштуан» деп жатыр. Олай болса, мұның бәрін «терістеуді терістеу» диалектикасымен сұрыптап, күрішті күрмектен ажыратып алайық.
Мысалы, Берік Уәлиге мемлекеттік «Хабар» арнасының журналистері (техперсоналды қоса алғанда) дән риза. Себебі, Президенттің баспасөз хатшысы болған бірінші мерзімінен кейін Берік Уәли «Хабарға» басшы болып келді. Қоғамдағы мәртебесі бойынша, журналист мемлекеттік қызметкердің де, әлеуметтік қызметкердің де санатына жатпайды. Сондықтан медиа саласының жүздеген қызметкері үйсіз-күйсіз жүр. Берік Уәли «Хабардың» журналистеріне...» деп үкімет қорынан 100 пәтер бөлгізді. Әрине, оның бәрін хабарлықтар алған жоқ, «бізге ше...» деп қапталдан кенеше жабысқан соң, пәтердің біразы ұлттық арна ("Қазақстан" арнасы) қызметкерлеріне берілді. Беріктің арқасында олар да қарық боп қалды. «Хабарға» Берік Уәли бастық болып келген соң министрлер, облыс әкімдері телернаға өз аяғымен келіп, халықтың көкейіндегі мәселе бойынша сұхбат беруді бастады. Телеарнаның қатардағы журналисі де биліктегі дөкейлерге тікелей телефон соғып, сұрағына жедел жауап алатын жағдайға жетті. «Хабар» журналистерінің еңсесі Берік басшының тұсында әжептеуір көтеріліп қалған... Берік мықты медиа менеджер болып шыға келді. Неге?
Міне, гәп – осында! Себебі, Берік Уәли президент Тоқаевтың жанынан тікелей «Хабарға» бастық болып келді. Ылғи көкірегіне самса пісіріп әдеттеніп кеткен министрлер мен әкімдер Беріктің арқасын тіреп Президенттің тұрғанын сезді. Сондықтан биліктің дөкейлері «Хабар» шақырса, жүгіріп жетіп келіп, журналистердің сұрағына жауап беріп, өзекті мәселені тез арада шешуге жария түрде уәде беретін.
Енді «журналистің әкімдігіне» келейік. Ел президенті Тоқаевтың дәл қасында талай жыл жүрген Берік Уәли Абай облысына әкім боп барды. Бұл сөйлемнің астарында бірнеше гәп бар: Берік Уәлидің қызметтегі өсу баспалдағы Абай облысында жатқан жоқ. Ол аймаққа президент Тоқаев берген «мандатпен» барды. Әдетте, жаңадан келген әкімді тонның ішкі бауындай ажырықша байласып жатқан жергілікті элита тезге салуға тырысатыны бар. Артыңда тіреп тұрған күшті біреу болмаса, қиын – жан-жақтан интрига ойнап қыспаққа алады, жұмыс істетпейді. Ал «жоғарыдан» аймаққа келген Берік Уәли жергілікті элитаға жағыну үшін мәймөңкелемейді, олармен санаспайды да, кедергі жасайтынын құртады, өзіне сенімді команданы жалтақтамай жинай алады.
Екіншіден, Абай облысында үлкен кәсіпорындар жоқ, яғни әкімді қыспаққа алатындай олигархтар да жоқ. Мысалы, ірі кәсіпорындары жоқ Жамбыл облысын Қанат Бозымбаев басқарғанда, оған жергілікті халық риза болып еді. «Бізде Бозымбаевтай әкім болған емес» деп сағыншыпен әлі еске алады. Ал ол Павлодар облысына әкім болып барғанда, жан-жақтан оған қарсы ақпараттық шабуыл күшейді. «Шөптің басы жел тұрмаса қимылдамайды ғой. Себебі, Павлодарда ірі кәсіпорындар бар, оның иесі олигархтар еді. Сондықтан Жамбылда күшті әкім болған Бозымбаевты оңбаған олигархтар жан-жақтан жабылып Павлодарда оны «чмо» қылып көрсетіп, боздатып жіберді. Бұл тұрғыдан алғанда Берік Уәлиге Абай облысында төніп тұрған қауіп жоқ. Үшіншіден, Беріктің аймаққа президент Тоқаевтың дәл жанынан келгенін тағы да қайталаймын. Ол Семейде жатып-ақ орталық биліктің ұшар басында отырған кез келген шенеунікпен араға адам салмай тіке сөйлесе алады. Оны Президент әкімшілігіндегілер болсын, үкімет аппаратындағылар болсын, тыңдайды, арыз-өтінішін орындауға тырысады. Сондықтан Абай облысы қаржысыз қалмайды. Ақша болса, тақырды жерді гүлдендіріп жіберу түк емес қой...
Төртіншіден, Берік Уәлидің карт-бланш алғанын тағы да айтам. Әкімдік қызмет ол үшін мемлекеттің жоғарғы сұрыпты элитасына кіретін бірден бір шанс. Көп жыл күткен мұндай мүмкіндіктің тізгінін ол уысынан жібере қоймас. Сондықтан Семей өңіріндегі жұрттың көңілі күпті болмасын...
Менікі болжам ғой. Анығы Ақордаға белгілі, сондықтан шығар, Берік Уәлиге карт-бланш бергені.