Жазушылар одағын Құтым билей ме?

none

Жазушылар одағының басқарма төрағасын сайлау процесіне елеулі үлес қосқан бір әйел бар. Ол – «Жайық үні» газетінің директор-редакторы Мира Шүйіншәлиева. Не ақын, не жазушы, не әнші, не журналист деуге келмейтін адам. Солай болса да, Мира Шүйіншәлиева өзін жазушы, кейде әнші етіп көрсеткісі келеді. Әрине, прозаға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын кітаптары бар, тақпаққа татымайтын сауатсыз өлең жазып тастаған. Ол Жазушылар одағының қатардағы мүшесі ғана емес, Одақ төрағасын сайлау және басқа да құқы бар Басқарманың белді мүшесі. Оның көркем шығармашылық өнерден аулақ адам екенін, Жазушылар одағына маңайлауға моралдық қақы жоқ екенін алдағы бір жазбада дәлелдей жатармыз. Әзірге оның ақын-жазушылар ішіндегі, әсіресе Ұлықбек Есдәулетті екінші мерзімге жеткізбей төраға тағынан тайдырудағы бықсық интригаға қатысын айтайық.

Әрине, Мира Шүйіншәлиеваның арманы көп шығар. Ол армандарын жүзеге асыру үшін Алматыдағы Дулат Исабеков сияқты аңғал, жып-жылы сөзге демде елітіп қалатын классик жазушылардың, Жазушылар одағына ықпалы зор ақын-жазушының көңілінен шығуға тырысты. Мұнымен қоса Мира ханым сөз арасында батыс өңірдегі бүкіл ақын-жазушыны «ашса - алақанында, жұмса - жұдырығында» ұстап отырғанын айтып қоймайтын. Негізі жоқ осы бір жалған сөз Жазушылар одағының тізгінін ширек ғасырға жуық бөгде қолға ұстатпаған Нарынқол өңірінің тумасы Н.Оразалин режимі тұсында да, одан кейін басшы болған шығыстың тумасы Ұ.Есдәулеттің тұсында да маңызды болды. Себебі батыстан шыққан Мереке Құлкенов секілді беделді жазушылар Одақ төрағасы болуға талайдан бері талмай ұмтылып жүрді, батыстан шыққан жазушылардың Оразалинге де, Есдәулетке де көңілі толмай құлазып, оппозициядай алабұртып жүрді. Ал мұндай кезде Жазушылар одағына Мира Шүйіншәлиевадай адам керек-ақ... Мира Шүйіншәлиеваның жазуынша, оның Алматыдағы «оттай ыстық игі-жақсылары» «Жайықтың әр жағынан келген Мира! Ақ Мико!» деп еркелете құшақ жая» қарсы алады екен. Енді оның бұл сөзі шындыққа жанасады: 2019 жылы әдеби сауаты кем Мира Шүйіншәлиева, қандай кітабы үшін екені белгісіз, «Алаш» сыйлығын иеленді...

Ақын Ұлықбек Есдәулет Жазушылар одағының сиезі қарсаңында өзін қалың қауым жазушылар ғана емес, Ақорданың білдей екі идеологы – Ерлан Қарин мен Аида Балаеваның қолдап отырғанын баспасөзде айтқан. Сондықтан ол тағы да төраға болып сайлануға бел шешті. Дегенмен сиез алдында Шүйіншәлиеваның «бәріміз Ұлықбек ағаны қолдаймыз» деген уәдесі өтірік болып шықты. Кейбір мәліметте Шүйіншәлиеваның Есдәулетті алдаусыратып, шындығында Құлкеновтің мүддесіне сай астыртын интрига ойнағаны айтылады. Шүйіншәлиева алдап, жеме-жемге келгенде өзін тақырға отырғызып кеткенін түсінген соң Ұлықбек Есдәулет мұндай бықсық интригадан бойын аулақ ұстау үшін Одақ төрағасы сайлауынан өзінің кандидатурасын амалсыз алып тастады. Оның үстіне қарсылас жағына бір сәтте ауып кеткен принципсіз «Ақ Мико» Одақ төрағасын сайлау комиссиясының хатшысы болып алған-ды. Сайлаудан кейін Шүйіншәлиева Жазушылар одағының тағдырын жалғыз өзі шешіп тастағандай «Мереке Құлкенов ағаның мерейі үстем болғанын Протоколға кестелеп жазып, қолымды қойдым» деп бөсті...

Мира Шүйіншәлиеваның әлеуметтік жазбаларын қарап отырсаң, Жазушылар одағының ішкі саясатын, бағыт-бағдарын сол айқындап отырғандай көрінеді. Бықсық интригадан басқа қолынан түк іс келмейтін оның тағы да Жазушылар одағындағы негізгі «маман» болып қалғаны көңілге күдік ұялатады. Өнерге, оның ішінде әдебиетке үш қайнаса сорпасы қосылмайтын адамның ықпалы сақталып тұрғанда жазушылар арасындағы дау-дамай, шығармашылық адамдарына кесірін тигізетін итің-қыржың ешқашан тиылмайды. Мұны Жазушылар одағының жаңа басшылығы түсіне ме екен?!

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Бақ-бақ 20.05.2023 81

Қатысты мазмұн