Бүгін - сағыз, ертең – бармақ шайнап қалмайық

none

«Вам, слабым, нужна опора, в этом качающемся мире» деп үлкен қайықтың ішінен біреу айқай салатын уақыт боп қалып еді. «Мынау геосаяси турболентті жағдайда референдумды наурыздың 15-іне қалдырмайық, наурыздың 14-іне өткізіп тастайық» деп бір депутат бастама көтеретін шығар деп ойлағам, өйтпеді. Бірақ, соған жақын сөз айтылыпты. Депутат Ермұрат Бапи (суретте) "Жер шарын соғыс өрті шарпыды... Ал преамбуласы мен жеті бірдей бабында тәуелсіздік пен егемендікті, елдің тұтастығы мен мемлекеттілікті қорғау маңыздылығы күйттелген жаңа Конституцияның шұғыл қажеттілігін енді түйсіне алдық па?" деп пост жазыпты.

Ереке, егер тәуелсіздігіміз конституциядағы әдемі сөздерге байланып тұрған болса, онда әр бабына жеті реттен "тәуелсіздік" деп жазып қоймадыңыздар ма? Әлі де кеш емес.

Өз басым тілге байланысты дауды қоздырған халық емес, биліктің өзі, мына сіздер деп есептеймін. Реакцияның қандай болатынын білдіңіздер, сөйте тұра "теңді" "қатармен" ауыстырып, оны түсіндіре алмай, өздеріңіз де мазақ болдыңыздар, елді де мазақ еттіңіздер. "Депутат болу оңай, депутат боп қалу көп қиын" екеніне тағы да, әдеттегідей, көз жеткіздік. Тіл туралы бапты өзгерте алмайтынын, Ресейден сескенетінін түсінбейтіндей тым кеще емес едік бәріміз. Ал бірақ сол дау биліктің өзіне керек болғанға ұқсайды. Тіл, тіл деп шулап жатқанда бір адамның қолына бүкіл билікті гу еткізіп жинап бере қойдыңыздар. Бұларыңыз - манипуляцияның көкесі болды.

Сіздің посттың астына "Жаңа Конституция болашақ президентті диктатор етіп жібермей ма? Иран көрсетіп отыр ғой, диктатордың қандай жағдайға алып келетінін. Біздің уайым жаңа мәтіндегі сөз бостандығы мен болашақ президенттің шектен тыс билігі" деп сұрақ қойыпты ирантанушы Жәнібек Көпжасар. Өте дұрыс және заңды сұрақ.

Ал сіз: «Ондай қауіп жоқ! Президенттің каденциясы 7 жылмен шектеледі» дейсіз.

«Кезінде Нұрсұлтан да қатыспаймын деген» депті тағы бір коммент.

«Ол - Назарбаев, бұл - Тоқаев!» депсіз.

Ереке, Тоқаевқа құрметіңіз шексіз екенін ұқтық. Конституция қазіргі Тоқаевқа да, кейінгі нақты шоқаевтарға да, базарбаевтарға да арналмайтынын, болашақтан үміті бар қазақ елінің келешек президенттерінің бәріне арналатын бұлжымас заң болуға тиістігін сіз неге ұққыңыз келмейді? Тоқаевтан кейінгі адам президент боп сайланған күннің ертеңіне қызыл кілемнің үстінде келе жатып "президент мерзімі 7 жыл деген не пәле, 17 жыл болсын" дей салса ізбасарларыңыздың ләббай, тақсыр деп, Астананың атын Нұр-Сұлтан дегендей сол күні өзгертпейтініне кепілдік бере аласыз ба? Бере алмайсыз. Жалғыз сіз емес, "осыны қолдамасақ ел болмаймыз" деп жүрген әріптестеріңіз де кепілдік бере алмайды. Анау ғалымсымақ, әртіс-пәртіс, бақсы-құшнаштарды айтпай-ақ қояйық.

Кепілдік беру үшін парламенттің қолында президент қатты кетсе тежейтін тетік болуы керек. Әлмисақтан белгілі нәрсе ол. Ал сіздер тетік түгілі, тесік те қалдырмадыңыздар.

"Ел басына күн туа қалса" деп қорқытқанды жақсы көресіздер. "Билік біреу, қалғаны тіреу болу керек" дейсіздер. Иранмен, Украинамен қорқытқыларыңыз келеді, оны қайтесіздер, мысал өзіміз де жетіп артылады. Екеуін алайық: 1991 жылы Тамыз бүлігі кезінде Назарбаев не бүлікшілерді, не Ельцинді қолдарын білмей қатты сасқанын, екі күнде екеуіне де іштарта үндеу жасағанын жақсы білесіз. Ал сол төтенше жағдайда Назарбаев кіммен ақылдасты? Жоғарғы кеңестің орнына Алматы қалалық кеңесін шақырып, болмашы жиын өткізгенсіді. Бүлік жеңілген соң, тамыздың 24-іне өткен Жоғарғы кеңестің кезектен тыс жиынында онысын өзі мойындады. Жоғарғы кеңеспен ақылдасуды міндеттейтін заң болмады себебі. Өйткені ол кезде советтік конституциямен өмір сүрдік. Билікті бір адам иеленгендіктен тәуелсіздігімізді кілтін алтын табаққа салып осылайша өз қолымызбен Мәскеуге апарып бере жаздадық.

Екінші мысал, Қаңтар көтерілісі кезінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың "20 мың террорист кіріп кетті" деп ескертусіз атуға бұйрық бергені. Егер парламенттің қолында президентке тікелей ықпал ететін тетік болса, президент парламентпен санасуға міндетті болса, Тоқаев анадай көрінеу қате ақпаратқа сүйенер ме еді? Парламент оған жол берер ме еді? Бермеуі мүмкін еді. Егер Тоқаевқа жандарыңыз шын ашыса, осыны мына сіз ауыл тойларында ямаха ұстап, тамада болуға бірден бір лайық тағы бірнеше депутатты бастап, бәріңіз құмбыл зерттеп, ресми қорытынды шығарып, қаулы алмадыңыздар ма? Оған дәттеріңіз шыдамайды, қолдарыңызда тетік жоқ. Тым болмаса кейінгілерге тетік жасап беруді неге ойламадыңыздар? Конституция бұған дейін де талай өзгерді. 18 минутта астаң-кестеңін шығарған бұрынғы депутаттар да жер басып жүр. Бірақ олардікі өзгеріс қана еді. Ал сіздердің маңдайларыңызға Құдай жаңа конституция жазуды жазыпты. Өткеннен сабақ алып, қателекті қайталамайтын, елді үміттендіретін конституция жасау орнына супербилік жасап бердіңіздер, тағы да бәз-баяғы дабай, дабай, ура, ураға бастыңыздар.

Сәл сынағанды қамау, айыппұл салу, қорқытып, үркіту тәсіліне біржола көштіңіздер. Байқайсыз ба, бұрын аздап та болса қарсылық жиын болатын, қуып таратса әйтеуір бірдеңе өтетін. Қазір ол да жоқ. Нәйеті әлеуметтік желіде сынағандарды билік "оппозиция" дейтін болды, нәйеті әлеуметтік желіде белсенгендерді халық та "лидер" деп танитын болды. Неге бұлай деген ой келмей ме сіздерге?

Референдумға бойкот дегендерге де шүйлігесіз. Бойкот дегеннен өтпей қалған сайлау, я референдум болып па еді? Қорытынды биліктің қалтасында емес пе қашанда?

Халықтың шын ықыласына ие болса, биліктің бір жері қисайып қала ма, соны еш түсінбедім. Сынағанның бәрі іріткі салушы да, сіздер ғана ел деп жүрсіздер ме?

Бір адамның аузына қарап отырсақ қана елде бірлік, тәуелсіздік бола ма екен? Бір адамыңыз аяқ астынан ақыл-есінен жаңылса қайтпексіз, мәселеңки? Зәуі-ғайып негізгі кандидат сайлау бітуге бір күн қалғанда өліп қалып, құж-құж еткен қуыршақ кандидаттарыңыздың біреуі президент боп кетсе, оны қалай тоқтатпақсыздар? Тәңкі-мәңкілеріңіз дайын ба тығып қойған? Қарапайым сұрақ бәрі. Бірақ оған ықпалды парламент, тағы бірдеңе-сірдеңе дейтін жаттанды уәж жауап бола алмайды. Жауап конституцияға жазылуы керек еді.

Тағы біреу 30 жыл омалып отырмасын, жалған ақпаратқа сүйеніп өзі де, халық та арандап қалмасын деген тілек әншейін. Соны да көп көрдіңіздер.

Бүгін - сағыз, ертең - бармақ шайнап қалмайық, әйтеуір. Құдай ақырын берсін.

Журналист Асылхан Мамашұлы

(Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 03.03.2026 14

Қатысты мазмұн