Билік Сәния Тойкенді тұқыртуды қашан қояды?! Бүгін Медиа Құрылтай жүрісінен жаңылды. Билік қатты қысым жасаған сияқты. Бұл екі нәрседен байқалды. Медиа Құрылтайдың дәстүрі бойынша марқұм М.Дорофеев атындағы сыйлық 1 адамға берілетін. Былтыр бұл сыйлықты оралдық журналист Лұқпан Ахмедияров алған. Оған 500 мың теңге берілген еді. Ал биыл жасырын дауыс беру кезінде "Азаттық" журналисі Сәния Тойкен жеңімпаз болған.
ҚазПрессКлубтағы құпия дереккөздің айтуынша, Тойкенге "тісін қайрап" жүрген билік Медиа Құрылтайдың басшысы Әсел Карауловаға "Сыйлықты Тойкенге бермеңдер" деп талап қойыпты. Ә.Караулова бұл талапқа қарсыласып бағыпты. "Онда Ә.Тойкеннің қасына Тамара Ваальді қосыңдар, бір сыйлықтың ақшасын екіге бөліңдер" депті. Бұл талапқа Ә.Караулова амалсыз көнді" деді құпия дереккөз. Сондықтан, шын жеңімпаз Сәния Тойкен - 250 мың теңге, дым дауыс жинамаған "көлденең көк атты" Тамара Вааль 250 мың теңге алды. Осылайша Тойкеннің несібесінің жартысын Вааль жеп кетті... Мұнда тағы бір гәп бар. "Власть" сайтының журналисі Тамара Вааль Қазақстанның мемлекеттік рәміздерін сыйламайтын менмендігімен жаманаты шыққан. Ол ҚР гимні айтылғанда бедірейіп орнынан тұрмай қойған (видео комментте). Ал Сәния Тойкен халқымыздың мүддесін күйттеп талай журналистік хабарлар жасады, елін сүйген, жерін сүйген нағыз патриот десе болады. Міне, Сәнияға тиесілі сыйлықты "көлденең көк атты" Тамараға бөліп беру Тойкенді несібесінен қағу ғана емес, кеше ғана "Азаттықтан" қуылған С.Тойкенді тағы да кемсіту, екінші мәрте тұқырту сияқты.
Осы тұста Медиа Құрылтайдың билік ықпалында қалғаны жөніндегі тағы бір оқиғаны айта кетейін. Кеше журналист Динара Егеубаева өзін және оппозицияшыл көзқарастағы Әсем Жәпішева мен Даник Молдабековті Медиа Құрылтай спикерлері тізімінен аяқасты шығарып тастағанына наразылық білдіріп, мұны биліктің тапсырмасы деген. Біздің қоғамда "Азаттықты" да, сол БАҚтың Алматыдағы басшысы Қасым Аманжолды да билікпен ымыраласпайтын оппозицияшыл көзқарастағы журналист санайды. Дегенмен, Егеубаева сияқты журналистер Медиа Құрылтайдан қуылғанмен Қасым Аманжол бұтқа толып спикер боп төрде отырды. Бұл жағдай "Азаттықтың", осы БАҚтың Қасым Аманжол секілді басшыларының билікпен " тонның ішкі бауындай" байласып кеткенін байқата ма, қалай өзі?!.
Қысқартып айтсам, биылғы Медиа Құрылтай журналистерді билікке жақпайтын журналистерге айдап салған бықсық интриганың алаңы болған сияқты.
Ораз Әлімбек, журналист