«Жаңа Қазақстан» аймақтардың мүддесін ескере ме?

none

Отыз жылға созылған Назарбаев режимі аймақтың мүддесін ескермей келді. Мұның сыртқы сипатын бірнеше облыстың қысқартылуынан көреміз. Проблеманың ішкі сипаты - Сенат деп аталатын түкке қажеті жоқ парламенттің жоғарғы палатасының құрылуы, Мәжілісті жасақтаудың мажоритарлықтан партиялық жүйеге ауыстырылуы. «Ондаған сенаторды мәслихат сайлайды ғой» дейтіндер бар, десе де, бәрібір бұл - аймақ халқынан тікелей өкілет алатын демократиялық орган емес. Сенаттың құрылымы мен функциясын талқылап ауыз ауыртуға тұрмайды. Сондықтан «парламент» дегенде тек Мәжіліске көз саламыз.

Билікті әсіре орталықтандыру процесін мысалдар арқылы түсіндірейік. Соңғы он жылдықта Мәжілістен орын алып жүрген «Ақ жол» партиясы үнемі қалталы кәсіпкерлердің мүддесін күйттеп келді. Серікболсын Әбділдиннің партиясын ыдыратқаны үшін биліктің «ақ батасын» алған косаревшіл «халықшыл» коммунистер күш құрылымдарының Мәжілістегі «құлағы, көзі һәм үні» болды. Әрине, бұл саяси ұйымдар сайлауалды партиялық тізімге аймақта тұратын мүшесін кіргізеді, бірақ шешуші сәтте ОСК-ға депутат болатын адамдардың тізімін ұсынғанда, оған тек орталық аппараттың басшыларын қосып, аймақтағы белсенділер «далада» қалып қоятын.

Мәжілістен басым көп мандат алатын «Нұр Отанда» (қазір «Аманат») да осындай процесс жүріп жатты. Оның үстіне, партияның аймақтағы өкілі депутат болса да, мандаты аяқталса да «еліне» бармайтын, оралмайтын, қызмет қуып «астаналық» болып кететін. Сылдыр сөз болмас үшін саяси ренегат Алмас Тұртаевтың қылығын айта кетейік. А.Тұртаев оңтүстікте маңызды салада халыққа пайдасын тигізіп жап-жақсы жұмыс істеп жүрген кәсіпкер еді. Кейін оны саяси амбиция кеудесін керіп кетті-ау дейім, «Ақ жолдың» партиялық тізімімен Мәжіліс депутаты болды. Пешенесіне жазылған тағдыры шығар, ол кейін Перуашевке жақпай қалды. Мұндай жағдайда «еліне» қайтып, бұрынғы шаруасымен шұғылдану керек еді ғой. Жоқ, Тұртаев өйтпеді, Астанада түбегейлі қалып қоюды көздеді, қазір бұрынғы «ақжолдық» саясаткер «Аманат» партиясының орталық аппаратында отыр. Оның бұл қылығын қоғамтану ілімі бойынша қорытындыласақ, Тұртаев – қазір аймақтың адамы емес, ол өзін орталықтың саяси элитасы санайды, өзінің жаман ойынша «мен астаналық болып кеттім» деп жүр-ау...

Билікті әсіре орталықтандырудың, аймақтың мүддесін ескермеудің, менсінбеудің салдары Жаңаөзен оқиғасына, Ерлан Қарин Маңғыстау облысы әкімінің саяси кеңесшісі болған тұстағы «Тамыз толқуына» алып келді. Жаңаөзен оқиғасы аймақтағы қарапайым халық наразылығы сипатында өтті, ал Ақтаудың «Ынтымақ» алаңындағы толқу Ақ орданың кадр саясатына қарсы болған жергілікті саяси элитаның наразылығы еді. Аймақ халқының орталыққа деген наразылығы облыс статусынан айырылып қалған Семей өңірінде де жүріп жатты. Лениннің «Верхи не могут, низы не хотят» деген қанатты сөзін түбірінде ушыққан экономикалық-әлеуметтік проблемалар жатқан осы үрдістің қатерін диктаторлық режимінің соңына қарай Назарбаев та түсінген секілді. Әрине, оның президенттік билік вертикалін быт-шыт қылып бұзуға дәті бармайтыны бесенеден белгілі. Сондықтан ол проблеманы «билік партиясы» арқылы ғана реттеуді, сонымен қатар Мәжілісті жасақтау кезінде партиялық жүйені бұзбай жүзеге асыруды көздеді. Ол амалсыздан ел билігін Тоқаевқа берді, «Нұр Отан» партиясының басшылығына реформашыл Бауыржан Байбекті әкелді.

Бауыржан Байбек «Нұр Отан» арқылы Мәжілісте аймақтардың мүддесін көздейтін депутат санын арттырудың әдісін ойластырды. Әрине, Байбек қоғамдағы процестердің үрдісін талдайтын маман емес, әкімшілік жұмысты ұйымдастырушы ғана, сондықтан ол әлеуметтану ғылымының «майын ішкен», саяси технологияның ұңғыл-шұңғылын жетік меңгерген Айнагүл Шайкенованы партиядағы Қоғамдық саясат институтының директоры етіп тағайындады.

Айнагүл Шайкенова – «мұрнын анда тығып, мұнда тығып», байыз таппай жүретін псевдо-саясаттанушы Айдос Сарымның әйелі. Шайкенованы былайғы жұрт біле бермейді, тіпті ол жөнінде интернетте де мәлімет аз, соған қарамай, жоғарыда айтып өткендей Айнагүл өте білікті маман. Бүткіл елді шулатып «Нұр Отан» партиясы өткізген праймериздің авторы Шайкенова болатын. Дегенмен, жинақталған білім мен ғылымды қоғам дамуының игілігіне жаратуға да болады, жақсы идеяны бұрмалап, әлдебір шетін мүддені күйттеуге бағыттап жіберуге де болады.

Партия жетекшісі Бауыржан Байбектің Қоғамдық саясат институты директорының сол кездегі басшысы Айнагүл Шайкеноваға қандай талап қойғанын білмейміз. Бірақ аймақтардың мүддесін Мәжіліс арқылы жүзеге асырудың «нұротандық варианты» және оның нәтижесі қазақ қоғамының көңілін көншітпеді.

Праймериз респубилкалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарында жүргізілді. Бұл аймақтарда праймериз арқылы сұрыптаудан өткен партия белсенділері 2021 жылдың 10 қаңтарындағы Мәжіліс сайлауына қатысатын партиялық тізімге кіру керек болатын. Міне, осы жерде «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор қылдының» кері келді.

«Нұр Отан» Мәжілістегі 98 депутаттық мандатқа таласу үшін сайлауалды партиялық тізімге 126 адамды қосты (28-і запас). Сөйтті де «ала қойды бөле қырқуды» бастап жіберді. Тізімге кіргендердің 77-сі (61%) - праймеризден өткендер, яғни аймақтың өкілдері. Тізімнің екінші бөлігіне демократия принципіне жат «орталық аппараттың квотасы» деген тізімді қосты. Квотаға 49 (39%) адам кірді. Бұл квотаға праймеризден өтуді өзіне ар санайтын «патша көңілді» «авторитеттер» кірді. Саяси бәйгеге жолшыбай қосылған солардың бірі - Айдос Сарым. Ол «Нұр Отанның» орталық аппаратында саяси технологияның тізгінін ұстаған әйелінің арқасында партиялық тізімге қосылды.

2021 жылғы Мәжіліс сайлауының нәтижесі бойынша «Нұр Отанға» 76 мандат бұйырды. Мандатты бөлген кезде праймеризден өткен аймақ өкілдеріне 36-ақ (47%) мандат бұйырды. Ал партияның «орталық аппаратының квотасы» бойынша 40 адам (53%) депутат атанды. Праймериз: (61%) - (47%), Квота: (39%) - (53%). Бұл жерде аймақ пен орталықтың мүддесін теңгеру мүмкін емес, теңдік принципі бұзылып, әділеттілік аяқасты болды.

Өткен сайлауда аймақтардың мүддесі ескерілмегенін басқа жағынан да қарастыруға болады. Праймериз арқылы депутат болған нұротандықтардың көбі аймақтан әлдеқашан тамыры ажыраған жылтырбет медиа-тұлға болғанын да есепке алсақ, бұған дейінгі Мәжілістің халықтан ажырап, өз бетімен лағып кеткенін көреміз. Осындай соқыр саясаттың кесірінен, Ақ орданы ордалы жыландай орап алған бықсық саяси технологтардың кесірінен халық, алыс аймақтың тұрғындары есесін беріп қойып жатыр.

Алдағы сайлауда аймақтың мүддесін жоғарғы билік мінберінен қорғайтын арнайы тетік бар. Ол – бір мандатты округтер. Оның саны - 29. Мұны Мәжілістегі 98 мандатқа пайызбен шақсақ, бұл - әлеуетті күш. Себебі, қалған 69 мандатты бірнеше саяси партия бөліседі. Аймақтағы халықтың мұң-мұқтажын Мәжілістің биік мінберінен тайсалмай айтатын, бір-біріне арқа сүйейтін бөлек фракция құруға болады. Әрине, мұның бәрі арман сияқты көрінеді. Келесі Мәжілістің қандай болатынын бағамдау үшін сайлау процесінің күре тамырын басып тұрған Ақ орда маңындағы идеологтар мен саяси технологтардың пиғылын білу керек. Біліп қана қоймай, оның қауіп-қатеріне болжам жасап, арам пиғыл байқалып жатса, оны халыққа жариялап, сайлаушының саяси сауатын аша түскен дұрыс. Сонда ғана Қазақстан халық билігіне - демократияға қарай бір қадам аяқ басады. Әйтпесе, «әжептәуір әнді» тағы бір «пұшық» келіп қор қылады.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 01.02.2023 88

Қатысты мазмұн