Қайрат Сатыбалды - Назарбаев кланының белді мүшесі

none

«Тамырын тереңге байлаған клан қандай?» деп сұрақ қойсақ, Сопрано деп жауап беретін шығарсыз (20 ғасырдың басында танымал болған америкалық сериал). Бірақ Қазақстанда Сопранодан асып кеткен клан бар. Саясатта 33 жылдық тарихы бар Қазақстандағы ең дүмі күшті клан – Назарбаев әулеті. Кланның басында, әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы тұр. Оның 30 жыл ел басқарып, әр салада басшылыққа өз адамдарын жиғанын бәрі біледі. Жеке тұлғасы қандай да бір қылмыстық жанжалдарда бой көрсетпесе де, туған-туыстарының арасында сыбайлас жемқорлық, қызметін асыра пайдалану, қаражат жымқыру сияқты істермен жаманаты шыққан Назарбаевтар жетіп жатыр.

«Елбасы» билікте болған кезде ішкені алдында, ішпегені артында, «әй дейтін әжесі, қой дейтін қожасы жоқ болып, әбден есірді, Назарбаев әулетінің мүшелері 2019 жылы президент ауысып, елде өзгеріс орнағанда қолдары байлана бастады. Соңғы 5 жылда жүріп жатқан сыбайлас жемқорлыққа, қызметін асыра пайдаланушылыққа, мемлекет қаражатын жымқыруға қарсы қарқынды күрес өз нәтижесін берді, «Ескі Қазақстан» элитасының біразының былығы ашылды.

Соның ішінде ерекшелеп атайтын – Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдының ісі. Естеріңізде болса, Қайрат Сатыбалды осыдан екі жыл бұрын, 2022 жылдың наурызында «Қазақтелеком» АҚ-ның лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды және қаражатын аса ірі мөлшерде жымқырды деген күдікпен ұсталған болатын. Сол кезде-ақ Қ.Сатыбалдының басқа қылмыстарға да қатысы болуы мүмкін екені айтылған. Антикор сотқа дейінгі тергеуді былтыр тамыз айында аяқтап, «тергеу барысында мемлекетке жалпы сомасы 240 млрд теңгеден асатын заңсыз сатып алынған активтер мен ақшалай қаражат қайтарылды» деп мәлімдеме жасаған. Бұдан бөлек, оның «салықтар мен кедендік төлемнен жалтару, қылмыстық кірістерді заңдастыру фактілері бойынша» қосымша тергеліп жатқаны хабарланған еді.

Кейін, 2022 жылдың қыркүйегінде Астанадағы Байқоңыр ауданының соты Қ.Сатыбалдыны «Көлік қызмет көрсету орталығы» компаниясынан 28 млрд теңгеден астам қаражат ұрлады және «Қазақтелеком» компаниясына 12 млрд теңгеден астам материалдық залал келтірді деген айыппен 6 жылға бас бостандығынан айырып, мүлкін тәркіледі. Сондай-ақ 10 жыл бойы мемлекеттік қызметке орналасуға тыйым салды.

Келтірілген шығынның көлемі қазірдің өзінде жаға ұстатады. Бірақ бұл ақша – айсбергтің ұшы ғана. Күні кеше БАҚ «Астанада 1 сәуірде Қайрат Сатыбалдыға қатысты тағы бір іс бойынша басты сот отырысы өтеді» деген ақпарат таратты. Осы тұста Қ.Сатыбалдыға қатысты, атап айтқанда, оның елге қайтарған қаражатына қатысты антикор деректеріне жүгінейік.

Бүгінде мемлекетке қайтарылған, Қ.Сатыбалды жымқырған қаражаттың жалпы көлемі 732,8 миллиард теңгені құрайды. Осындай көп соманың қайдан шыққанына үңілейік:

  • «Қазақтелеком» АҚ-ның 28,8% акциясы – 93,8 млрд теңге;

  • Эксклюзивті бағалы бұйымдар – 105,39 млрд теңге;

  • Шетелден қайтарылған қаражат – 297,5 млрд теңге;

  • Бағалы қағаздар – 135,5 млрд теңге;

  • «Tex alliance» ЖШС кедендік төлемдері – 56,9 млрд теңге.

Бұл - ең қомақты сомалар. Бұдан бөлек Қазақстандағы құны 7,07 млрд теңгені құрайтын мүлкі, «Ария-Жана Астана» ЖШС-не келтірілген шығын – 4,4 млрд теңге, «Байдала V» ЖШС мен «QS Holding» ЖШС-нің салығы – 3,94 млрд теңге деген секіліді тізіліп кете береді. Осының бәрі 732,8 млрд теңгені құрайды. Бұл өте көп қаражат. 732 млрд деген айтқан ауызға жеңіл. Ал түптеп келгенде бұл бүтін бір облысты бір жыл бойы, ал шағын облыс болса, екі жыл бойы қаражатпен қамтамасыз етуге жететін сома. Бастысы, бүгінгі күнге дейін 2 жыл бойы түрмеде отырған Қайрат Сатыбалдының жымқырғаны дәлелденіп, ұрлаған ақшасы мемлекетке қайтарылды. Жалпы, соңғы 2 жылда, яғни 2022 жылдан бастап елге жалпы көлемі 1 трлн теңгеден асатын қаражат қайтарылған. Бұл іспен айналысатын жауапты органның есебінше, қайтарылған қаражаттың шамамен 1/3-і Қайрат Сатыбалдыдан алынды. Осыдан-ақ Қ.Сатыбалды Назарбаев кланының басты мүшесінің бірі екенін көреміз.

Ораз Әлімбеков

(материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 01.04.2024 66

Қатысты мазмұн