«Азаттықтың» күні батты

none

«Батысым – Шығысымның шығысы»

Бүгін Дональд Трамп әкімшілігі АҚШ бюджетінен «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» радиосын қаржыландыруды толықтай тоқтатты. Трамп әкімшілігі бұл медиаларды қажетсіз деп санайды. Әрине, бұл жайт бізге де түсінікті. «Азаттық радиосы» деп аталатын БАҚ желісі Батыс пен Шығыс арасындағы қырғи-қабақ соғыс дәуірінде құрылған идеологиялық құрал. Мақсат Совет Одағын ыдырату болатын. Сондықтан «Азаттық радиосы» қазақ, орыс, украин, өзбек... сияқты бірнеше тілде хабар таратты. Дәлірек айтсақ, шынайы ақпарат таратудан гөрі белгілі бір саяси мақсатқа қызмет етті.

АҚШ бюджетінен қаржыландырылып, сәйкесінше АҚШ-тың мүддесін күйттеп келген «Азаттық радиосының» қазақ қызметі біздің елімізде де бар. Бұрын радио ғана болса, кейін сайт және ютубарнаға айналды. Шетелден ақша алып тұрған соң, «Азаттық радиосы» Қазақстанның ақпарат құралы, Қазақстанның мүддесін қорғайды» деп айта алмаймыз. «Азаттық радиосы» қырғиқабақ соғыс кезеңіндегі Совет Одағын ыдырату секілді миссиясын аяқтаған соң, о бастағы мақсатқа сай емес басқа мәселемен айналысып кетті. Кейде «батыстың мәдени құндылығын насихаттағандай болады, кейде адам құқықтарын қоғайтын халықаралық ұйымға ұқсап кетеді, кейде «демократияны түсіне қоймайтын елдердің журналистеріне ақпарат таратудың «озық үлгісін» үйреткендей болады... 1991 жылдан кейін «азаттықтар» басын анда-мұнда соғып байыз таппай кетті. Міне, осы түсініксіз ахуалаға Трамп нүкте қойды.

«Азаттықтың» сайтына кіріп қарайықшы, онда елдегі оң өзгерістер туралы бірде-бір мақала жоқ. Жаңа мектептер салынып, медицина дамып жатыр, инфрақұрылым өркендеуде, түрлі салада реформалар бар. Бірақ «Азаттық радиосының» сайтынан мұндай бірде-бір ақпарат таппайсыз. Оның орына бастан-аяқ сын мен негатив. Атап айтқанда, экономика, саясат, қоғам туралы біржақты сипаттағы материалдар ғана. Сарапшылары да үнемі бір адамдар, айтатындары да бір: бәрі жаман. Сайтқа кіріп қалсаң, біз бір ақ пен қара түстерден тұратын реңсіз елде өмір сүретін сияқтымыз. «Елдегі жағдай өте күрделі, біз тығырыққа тіреліп тұрмыз» дегеннен басқа ештеңе айтпайды. Қазақ «жақсы сөз – жарым ырыс» демей ме. «Азаттықтың» сайтында ырыстың жартысы тұрмақ, жүзден бірі де жоқ.

Егер қандай да бір БАҚ объективті ақпарат таратудың орнына тек белгілі бір бағыттағы (негативті бағыттағы) көзқарасты күштеп таңуға тырысса, онда оның негізгі мақсаты – елге өзгеріс енгізу емес, әлдебір мүдде үшін қоғамдық пікір құру және оны басқару. Қазір АҚШ билігіне респубикашыл оңшылдар келді. Оңшыл болғанда да әсіре оңшыл. Сондықтан олар USAID, «Азаттық радиосы» желісі секілді құрылымдарға ондаған миллиард долларды шығындағысы жоқ. Оның үстіне, Трамп әкімшілігі аталмыш ұйымдардың тиімділігіне, нақты ақпарат таратуына күмәнмен қарайды. АҚШ керек болмай қалған «Азаттық радиосы» қазаққа қажет пе?!. Онсыз да таңымыз атып, күніміз шығады...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 16.03.2025 47

Қатысты мазмұн