
Қазақстан мұнайының басым бөлігі Ресей жеріндегі құбырмен Қара теңіздің шығысындағы терминалға құйылады, одан әрі батыс елдеріне танкермен жөнелтіледі. Бұл мұнай айдау құбыры «Каспий құбыр консорциумы»(КҚК) деп аталады. Құбырдағы Chevron, Mobil, Orics секілді АҚШ компанияларының үлесі 30 пайызға жуық және бұл компаниялар қазақ жерінде мұнай өндіріп жатыр. Қазақстан мұнайының 80 пайызы осы құбыр арқылы батыс елдеріне сатылады. Қазақстан Ресей-Украина соғысында бейтарап позиция ұстанғандай кейіп танытып жүр. Сондықтан болса керек, АҚШ және Қазақстанның «көңілін жыққысы келмеген» Украина үш жыл бойы КҚК мұнай айдау жүйесін шабуылдаған жоқ. Тек 20 ақпанда ғана құбыр бойындағы «Кропоткинская» мұнай айдау стансасын дронмен атқылады» деген хабар тараған. Бұл ақпаратты таратқан Ресей баспасөзі. Одан басқа КҚК-ге Украинадан залал келді дегенді естіген жоқпыз.
Әсіре оңшыл саясат ұстанған президент Трамп Ресейге қарай қисайып барады. Украинаға экс-президент Байден бөлген қару-жарақ көмекті Трамп тоқтатып тастады... Егер АҚШ Украинаны қорғауға көмек беруді туалай тоқтатып Ресей жаққа тайқып шықса, және Қазақстан ОДКБ құрамында соғысқа араласса, онда Украина КҚК мұнай айдау жүйесіне «қарайласуды» қояды, жойқын соққы беруді бастайды. Тіпті Новороссийск портындағы мұнай резервуарын жарып жіберуі мүмкін. Мұның соңы Қазақстанның батысында мұнай өндірісін тоқтатуға алып келеді және оның салдары он мыңдаған мұнайшының ереуіліне ұласады, елде саяси тұрақсыздық басталды. Осы тұста Ресейдің оңтүстігі арқылы Түркияға тартылған екі газ құбыры жөнінде де айта кеткен орынды. АҚШ тарапынан қолдаусыз қалудан қауіптенген Еуропа елдері (оның ішінде Канада бар) Украинаға көмек қолын созу үшін Лондонда жиналды. Осы жиынға Түркияның сыртқы істер министрі Хакан Фидан барды. НАТО форматында да Украинадағы соғысқа бейтарап позиция ұстанғандай әсер қалдыратын Түркияның неге сонша аяқасты жанығып кеткен түсінікті. Себебі Ресейдің оңтүстігінен басталып Түркияға Қара теңіз астымен тартылған газ құбырлары Украина дрондары соққысының өтінде тұр. Сондықтан Түркия Украинаны қолдау үшін құрылып жатқан жаңа одақтың ішінен табылды. Бұған дейін Ердоған Босфордан Ресейдің әскери кемелерін Қара теңізге өткізбей қойған. Украинаның Азов полкінің командирлерін Ресей тұтқынынан құтқарып жіберген де Ердоған. Украинаның астығын шетелге сатуға қолқабыс жасаған да Ердоған... Осы және басқа да жақсы істері үшін Түркия Ресейден тартылған газ құбырларына Украинадан сауға сұрай алады. Ал Қазақстан «КҚК жүйесіндегі мұнай айдау стансаларын атқыламаңдар, Новороссийскдегі мұнай резервуарын жармаңдар» деп Украинаға міндетси ала ма?!.