Талдықорғандағы №71 мекемеде қамауда жатқан журналист Думан Мұхаметкәрім өзінің үстінен қозғалған істің созылып жатқанына наразылық ретінде аштық жариялаған. Мұны оның адвокаты Ғалым Нұрпейісов хабарлады.
"Сенбі, 13 сәуірде Думанмен кездестім. Ол сол күннен бастап қайта аштық жариялады, өзіне қатысты тергеу мен соттың созылып кеткеніне наразы. Мәселен, осы күнге дейінгі әкімшілік қамау мерзімдерін қоса санасақ, ол қамауда отырғанына бір жылдан асып кетті. Ал негізгі қылмыстық ісі бойынша қамауда отырғанына екі айдан кейін бір жыл болады. Ал соты әлі өтпей жатыр" деді адвокат Ғалым Нұрпейсов.
Қамаудағы журналист бұған дейін де өзінің құқы өрескел бұзылғанын айтып, наразылық ретінде бірнеше рет аштық жариялаған. Кейбір жолы аштық акциясын талабы орындалғасын тоқтаса, бірнеше рет денсаулығына байланысты тоқтатқан. Адвокатының сөзінше, журналист қазір абақтыда су ғана ішіп жатыр.
Думан Мұхаметкәрім былтыр да қамауда әр түрлі тәсілмен наразылық білдірген болатын. 2023 жылғы 22 тамызда адвокаты Талдықорғандағы тергеу изоляторында отырған оған барып, «жексенбі күні Думан саусағын кеспек болғанын, бірақ оған мұны соңына дейін жасауға рұқсат бермегенін» айтты. Мұхаметкәрімнен «тергеу изоляторының пікірінше, зиян келтіруі мүмкін барлық құралдар» алып қойды. Нұрпейісов айтқандай, «Думанның өзіне зиян келтіруге тікелей ниеті жоқ». Адвокаттың айтуынша, 1 қыркүйектен бастап Мұхаметкәрім қайтадан аштық жариялайды - ол Талдықорған тергеу изоляторынан Алматыға ауыстыруды талап етеді. Сол кезде Мұхаметкәрім қарт әкесіне де аштық ұстатқан болатын. Бірақ бұл билікке шантаж жасау емес пе?
Ne Deidi Youtube-арнасының авторы, журналист Думан Мұхамметкәрім экстремизмді қаржыландырды және тыйым салынған ұйымның жұмысына араласты деген күдікпен былтыр маусымда қамауға алынған. Іске журналистің шетелде қашып жүрген, экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) қозғалысының жетекшісі, БТА-банктің бұрынғы басшысы, шетелде қашып жүрген алаяқ Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты себеп болған.