Думан Мұхамедкәрім Жанболат Мамайдың жолын қайталауға дайын ба?

none

Әлеуметтік желідегі белсенділер «М.Әбілязов құрған экстремистік ұйыммен байланыс жасағаны» үшін айыпталып, сотталғалы жатқан журналист Думан Мұхамедкәрімді алған бетінен қайтпай күресіп өлген Арон Атабекке, кейбіреулер марқұм Болат Атабаевқа теңестіріп жатыр екен. Мұның екеуі де қате. Думан ешқашан Арон бола алмайды. Оның биографиясы таза емес, оппозицияшылдығы да күмәнді. Ал Аронның ары таза, Арон – күрескер ақын Махамбет Өтемісұлының жалғасы, сондықтан ол принципінен тайқымай, Назарбаев режиміне қарсы соңғы демі біткенше күресіп өмірден өтті.

Думан оппозицияшыл режиссер Болат Атабаевтың күрескерлік жолын да аяғына дейін қайталай алмайды. Қанқұйлы Жаңаөзен оқиғасын қоздырды деген айыппен В.Козловпен бірге сотталғалы жатқан Болат Атабаевты тергеу изоляторынан суырып алған режиссер Ермек Тұрсынов болатын. Ал Жанболат Мамайды түрмеден суырып алған саясаткер Төлеген Жүкеев еді. Екеуі де құтқарушыларының айтуымен прокурормен процестік келісім жасап түрме жазасынан құтылып шықты. Ондай келісімді әбілязовшіл журналист Владимир Козловқа ұсынатын құтқарушы болған жоқ, ол бейшара 7 жылға сотталып кетті... Болат Атабаев қамаудан босаған соң, шетелде қашып жүрген М.Әбілязовті сағалап барған, бірақ Болат ауыр кеселге душар болып қараусыз қалғанда Әбілязов оған қол ұшын созбады. Өлімші болып жатқан Болатты Германияда тұратын Түркия қазағы Өмірхан Алтын ақшасын құйып, неміс ауруханасында ота жасатқызып құтқарып қалғанын білеміз. Кейін аяғы кесілген Болат Атабаев елге келді, көпке ұзамай дүние салды.

Болат пен Жанболаттың жағдайында режиссер режиссерді, саясаткер саясаткерді түрмеден суырып алған. Алғашқы дипломы жалған болып шықса да, Думан – журналист. Болат пен Жанболат секілді түрмеден шығарып алатын Думанның да жанашыр әріптестері бар. Мәжіліс сайлауы кезінде депутаттыққа кандидат Думанмен бір сапта болған «оппозицияшыл» журналист Ермұрат Бапи қазір парламент төрінде отыр. Д.Мұхамедкәріммен бірге журналистиканың «пұшпағын илескен» әріптестері – Жанарбек Әшімжан, Мақсат Толықбай, Нартай Аралбай да Мәжілістің білдей депутаты. Бұлар Думанды қорғамаса да, журналистке қажет Сөз бостандығын қапаста қалдырмауға міндетті. «Жаңа Қазақстан» - «Әділетті Қазақстан» жобасының «құқықтық негізі» қаланып жатқандай қоғамдық пікір түзіп отырған депутат-адвокат Абзал Құспан да Думан Мұхамедкәрімнің сотталып, «саяси тұтқын» атанып, Тоқаев режимінің бетіне шіркеу болғанын қаламайтын шығар. Бұлардың бәрі атқарушы билікке «Думанды түрмеден шығарыңдар» деп бірауыз сөз айта алатын, сөзін өткізе алатын саяси тұлға.

Ал Мәжіліс депутаты Ринат Заитов - Думан Мұхамедкәрімнің жандосы. Мәжіліс сайлауы басталғанда Ринат Заитовқа қатысты сын көп айтылды. Сондай аргументті сын жазғанның бірі мен едім. Сонда Думан Ринат Заитовтың «шотын шауып», «Ринаттың аяғынан неге шаласың» дегендей маған дікеңдеп доқ көрсеткені есімнен шыққан жоқ. Ертесіне Ринат екеуі ютуб арнаға шығып алып, мені «жерден алып жерге салды». Думанның сондағысы Ринат Заитовтың саяси маршына көлденең тұрған кедергіні жою еді. Ринаттың депутат болуына Думан көп көмегін тигізді. Мұны басқаша айтсақ, депутат Ринат түрмеде жатқан журналист Думанға қарыздар. Қазір Ринаттың «асығы алшысынан тұрып», «түкірігі жерге түспей» тұр, кез келген органға сөзін өткізе алады. Ринат Заитов болсын, басқа журналист-депутаттар болсын, Думанды түрмеден шығарып алуға кетәрі емес. Ол үшін Думан прокурормен процестік келісім жасап, бұдан былай «тәбәріш Такаев» деп Президентті кекектіп-мұқатпайтыны жөнінде жазбаша және видео уәде беруі тиіс. Әрине, Думан уәдені беріп түрмеден құтылған соң Болат Атабаев секілді «Еуропаға қашып барып Әбілязовтың қанатының астына кіріп кетем» деген қулыққа басуы мүмкін. Бірден айтайын, Думан шетелге қаша алмайды, қашып кетті дегеннің өзінде Әбілязов журналист Думанды «қамқорлығына» алмайды. Не үшін екенін Д.Мұхамедкәрімнің өзі де жақсы біледі. Сондықтан Думан ешқашан режиссер Болат Атабаев секілді бола алмайды.

Думан Мұхамедкәрімнің жанашырлары оның Жанболат Мамай жолын қайталағанын қалайды. Жанболатты Жаңаөзен оқиғасына шатылғанда құтқарып қалған Т.Жүкеев оны Қаңтар оқиғасы бойынша айыпталғанда да құтқарып қалды. Билікпен саяси келісімге келген Ж.Мамай қазір үйінде, саясатпен шаруасы жоқ, бала-шағасының қасында, жары Инганың пісірген жылы-жұмсағын жеп, ауасы таза Алатау баурайында жүгіріп, спортпен шұғылданып денсаулығын күтіп рахат өмір сүріп жатыр. Думан да Жанболаттың саяси өмір жолын қайталайтын шығар...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 23.05.2024 62

Қатысты мазмұн