Егер Қазақстанның зайырлы заңдары жұмыс істесе, «әйелді ұрып-соғып қорқытып ұстау керек» деп жамағатқа уағыз айтып отырған мынау дінкешті ҚК-тің әлеуметтік араздық қоздыру бабы бойынша әлдеқашан соттап жіберу керек еді. Айтуынша, қамшыны үйге іліп қоюды, яғни әйелдерді қорқытып басып-жаншу үшін қамшыны пайдалануды Мұхаммед пайғамбар үмбетіне ұлағаттапты-мыс. Осындай ақылға қонымсыз уағызды айтатындарды мұсылмандар ғұлама-ұстаз санап, оның сөзімен ақиқаттың түбіне жеткендей ұйып тыңдап жүр-ау. Шариғи некелесіп алған әйелін өлтіріп тастаған Қуандық Бишімбаев та осындай дінкештер айтқан уағызға ұйып арандап қалды емес пе. Қуандық та намазға жығылған мұсылман, бірнеше мәрте қажылық жасаған. Сол кезде тыңдаған уағыз өтіп кеткен бе, білмейміз, оның миына кіріп-шыға алмаймыз, Қуандық біреудің әлпештеп өсірген қызын аяусыз ұрып-соғып өлтіріп тастады ғой. Марқұм Салтанат мынау дінкештің қарындасы немесе қызы болғанда, бұл молда басқаша сайрайтын ба еді, ол бір Құдайға аян.
Ақиқатында, қамшы - көшпенді қазақ үшін қолжетімді жеңіл қарудың түрі. Қанжар-семсерге әркімнің қолы жете бермеген. Сондықтан, әр шаңырақтың отағасы қамшысын кереге маңына іліп қойған, сыртқа шыққанда саптама етіктің қонышына сұғып қоятын. Қамшы кенеттен шабуылдайтын жауына қарсы бірінші кезекте қолданатын қару еді, қорғанатын қару еді. Көшпенді қазақтың сол бір дәстүрі отырықшы болған соң да қалып кетті. Қазір қамшыны қазақтар көшпенділіктен мұра болып қалған дәстүрдің символы – сувенирі ретінде қабырғаға іліп қояды. Ал мынау дінкеш атам қазақтың салт-дәстүрі, қару-жарағы, әдет-ғұрпы туалай болмағандай, қазақ тұрмысында пайдаланған барлық заттың шығу тарихын арабтарға апарып тірейді, мұсылманшылықпен байланыстырады. Рас, арабтар да қазақтар секілді мал шаруашылығымен шұғылданған халық. Бірақ, салт-дәстүрде ерекшелік көп. Арабтар «жаһили заман» деп айтатын исламға дейін кезеңде отбасында қыз көп туылса «экономикалық тұрғыда тиімсіз» деген сылтаумен әкесі қыз баланың бірнешеуін аяғымен мойынынан жерге жаншып буындырып өлтіріп тастайтын...
Ал қазақ о бастан қыз балаға құрметпен қараған, отбасында қыз көп туылса, «өрісімді кеңейтеді, басқа тайпалармен құда-жекжаттық байланысымды күшейтеді» деп есептеп, қыздарына арман-мұратын жалғаған. Әкесі ашуланғанда ұлының майқұйрығынан теуіп жіберуі мүмкін, бірақ қызына қол көтермек түгілі қатты сөз айтып ұрсуды жаман ырым санаған. Қазақ қызын төрге отырғызды, ет тартқанда қызына асықты жілікті ұстатып, әлеумет ортасындағы мәртебесін көтеретін. Бұл да бекер емес, «қызым ұзатылып, басқа отбасыға келін болып барғанда күңнің кебін кимесін, қызымды сыйласын, ұрып-соғып қорламасын» деген ескертуі еді. Әрине, қызын сыйлаған отағасы әйеліне де, келініне де құрметпен қарайтыны заңдылық.
Әйелдің кір жуып, тамақ пісіріп, үй жинауы қорлық емес, құқығы мен қақы жоқ күңдік емес, бұл тұрмыстағы еңбектің бөлінісі ғана. Ал еркек басқа шаруамен шұғылданады. Еркек пен әйел ортақ шаруаның бәрін өзара кеңесіп шешеді.
Әйел еркектің ешқандай құқығы жоқ құлы емес. Ал мынау дінкеш әйелді ұрып-соғып құл қылып ұстауға үндеп отыр. Осы уағызды естіген ержеткен жігіт, бойжеткен қыз қандай күйде болады?! Мынау сөзден кейін отбасыдағы құндылық әдірем қалды ғой. Жау жоқ кезде жау тауып, еркекті әйелге қарсы, әйелді еркекке қарсы айдап салып жауықтырып отыр емес пе?! Қоғамда осындай араздық тудырып отырған мүфтият молдаларына қашан тиым болады?! «Балық басынан шіриді» дейді ғой. Соңғы жылдары, Наурызбай Өтпенов Бас мүфти болғалы осындай уағызшылар көбейіп кетті. Егер осындай кертартпа молдаларға ҚМДБ басшылығы тосқауыл қоя алмаса, онда қазақ қоғамында араздық пен өшпенділік тудырып жүрген мынандай молдаларды заңға сәйкес өкімет жазалап, тәубесіне түсіру керек қой. Әйтпесе, мынандай дүмше дінкештер ислам дінін абыройдан жұрдай қылуы былай тұрсын, қоғамға ылаң салуын ешқашан тоқтатпайды.
Ораз Әлімбеков,
материалд Фейсбук парақшасынан алынды