АЭС-тен қорқып, экономиканы дамытпаймыз ба?!.

none

Астанада АЭС құрылысы бойынша тағы да қоғамдық талқылау өтіпті. Жиында спикерлер сөз сөйлеп, өз пікірлерімен бөлісіп, халықтың сауалдарына жауап берген. Спикерлер арасында ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мұрсалова, «Қазақстан атом электр станциялары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин, «ҚР Ұлттық ядролық орталығы» РМК бас директоры Ерлан Батырбеков, Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев пен басқалары болған.

Олар АЭС салудың маңызы, Қазақстанға төніп тұрған энергия тапшылығының проблемалары, жаңа энергия көздерінің әлеуеті, АЭС құрылысындағы жаңа жұмыс орындары, оның экологиялық тазалығы сияқты сұрақтарға тоқталған. Біле білсеңіздер, қазір әлемнің 32 елінде 440 АЭС толыққанды жұмыс істейді. Ол көштің басында, әрине, АҚШ, сосын Франция тұр. Қазір Франция 70% энергияны осы атом стансасынан алады. Соған қарамай, Франция - Еуропадағы экологиялық таза елдердің бірі. Себебі атом бұл жасыл энергетика көзі саналады, себебі ауаға шығаратын қалдықтары аз, әсіресе ТЭЦ-термен салыстырғанда анағұрлым қауіпсіз.

Тіпті, атом жарылысынан аса үлкен зардап шеккен Жапонияның өзі қазір атом энергетикасы бойынша көптеген елдерден оқ бойы озық тұр. Өткеннен сабақ алып, қолда барды жақсы пайдалана білген ел - Жапония. Қазірдің өзінде Жапония аумағында 34 АЭС жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, қазір әлемнің 20 шақты елі өз аумағында АЭС салу мәселесін қарастырып жатыр. Соның арасында біз де бармыз. Осы күзде елімізде жалпыұлттық референдум өтеді. Мынау қоғамдық талқылаулар сол референдумның алдында өтіп жатқан іс шара. Бұған дейін еліміздің түрлі аймақтарында талқылау өтіп, соңғы нүктесі осы Астанада қойылатын сияқты. Сонымен, жаңағы талқылауда спикерлердің бірі АЭС пен көмірмен жанатын стансалар арасындағы айырмашылықты айта келіп, АЭС іске қосылса, ауаға бөлінетін көмір қышқыл газдарын 7 млн тоннаға дейін қысқарта аламыз депті. Демек, қалаларымыздың төбесін жауып тұрған тұман мен смогтан арыла аламыз. Былай қарап тұрсақ, АЭС экономикалық тұрғыдан да, экологиялық тұрғыдан да тиімді қуат көзі болып тұр. Себебі бағасы қолжетімді, қызмет ету мерзімі ұзақ, тұрақтылығы жоғары әрі өзі жасыл энергетика қатарына жатады. Оған жаңадан ашылатын жұмыс орындары, энергия бағасының төмендеуі сияқты қосымша факторларды да қоса беріңіз. Бұл экономиканы қарқынды дамытады, Жалпы, тиімді АЖС жоба болмақ. Бірақ енді соңғы шешім референдумда айтылады ғой. Әліптің артын бағайық.

Айдары: Дүрбі 20.08.2024 69

Қатысты мазмұн