2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын басып алу ісі бойынша сотталған белсенді Әйгерім Тілеужан түрмеде аштық жариялады. Бұл жөнінде белсенді Марат Тұрымбетов әлеуметтік желіде хабарлады. Оның сөзінше, Алматы облысы Жауғашты қалашығындағы N10 мекемеде қамауда отырған белсенді түрмедегі ұстау жағдайына келіспейді және заңды құқықтарының бұзылуына наразы.
Азаттық радиосы хабарлағандай, Әйгерім Тілеужанның аштық жариялағанын адвокаты Айнара Айдарханова растады, бірақ жай-жапсарын түрмеге барғаннан кейін белгілі болатынын жеткізді.
Белсендінің анасы Respublika.kz сайтына берген сұхбатында Әйгерім Тілеужанның денсаулығы сыр бергенін, жаңа қылмыстық іс қозғалғаннан кейін мекеме оны Алматыдағы клиникаға жоспарлы емдеуге апармай қойғанын айтқан. Аштық жариялауға осы жайт түрткі болған.
Белсенді былтыр жазда да үкімге қарсылық білдіріп, аштық жариялаған. Сол кезде 6 кило салмақ жоғалтқаны хабарланған. Денсаулығы нашарлауына байланысты белсенді акцияны тоқтатқан.
Жуырда белсендіге "Денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтiру" (107-бап) бабы бойынша іс қозғалғаны хабарланған еді. Сол кезде жәбірленуші түрме фельдшерінен анықтама әкелген, алайда тәуелсіз сараптамадан өтуден бас тартқан. Ақпаратқа қарағанда, наурыздың соңында қылмыстық іс жабылған. Алайда Respublika.kz-ның жазуынша, оның орнына әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары полицияға жіберілген. Қорғау жағының айтуынша, осының салдарынан түрме әкімшілігі белсендіге тәртіптік айыппұл салуы ықтимал, ал бұл Әйгерім Тілеужанға ерте босап шығына кедергі болуы мүмкін.
Журналист, белсенді Әйгерім Тілеужан былтыр шілдеде "Қаңтар оқиғасында Алматы әуежайындағы жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды" деген айыппен 4 жылға түрме жазасына кесілген. Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметі бастығының орынбасарының қаулысында көсетілгендей, «Алматы қаласы әуежайының аумағында болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқан және ұйымдастырған адамдарды анықтау бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы тұрғыны Тлеужанова Әйгерім Еркінбайқызы, 12.12.1985 жылы туған, 05.01.2022 ж. Алматы қаласының халықаралық әуежайында тәртіпсіздіктер ұйымдастырды, атап айтқанда, тәртіпсіздіктерге қатысушыларға басшылықты жүзеге асырды, сол арқылы ұшақтардың, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскерлерімен бірге әуе кемесінің ұшып келуіне және ұшып кетуіне жол бермеу мақсатында әуежай қызметкерлеріне оның қызметінің тоқтап қалуын талап ете отырып, олардың қозғалыс бағыттарын айқындады, сол арқылы Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының шешімдер қабылдауына ықпал етті».
Қаулыға сәйкес, Тілеужанова ҚР ҚК-нің 272-бабының 1-бөлігі бойынша күдікті деп танылды ― «зорлық-зомбылықпен, бүліктермен, өртеумен, қиратумен, мүлікті жоюмен, атыс қаруын, жарылғыш заттарды немесе жарылғыш құрылғыларды қолданумен, сондай-ақ билік өкіліне қарулы қарсылық көрсетумен, оның ішінде шетелдік көздерден алынған құралдарды пайдалана отырып, жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру». Істің басқа да фигуранттары Қалас Нұрпейісов, Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев және Жан-Айдар Кармен болды.