Назарбаевтың көзін бақырайтып қойып «Елбасындай ерен тұлға тұрғанда, мен елімнің ертеңіне сенемін» деп тақпақтатқан Бақытгүл Хаменованы айыптап, оны «жерден алып, жерге салдық». Жап-жас келіншекке осындай соқыр жағымпаздық кімнен жұққанына мән беріп жатпаймыз. Сірә, Хаменованың «ұстаздарының» бірі – баспасөзге сұхбат бергенде үнемі «Қазақ қыздарына үлгі көрсеткім келді» деп бөсетін Ақұштап Бақтыгереева сияқты. Ол өзін «Жайықтың шағаласы», «Қазақтың ақ шағаласы» деп атағанды жақсы көреді – өмірдерегінде көбіне осы сөз жазылады. Ақынның сөз түсінбейтіні осыдан-ақ көрініп тұр ғой, бірақ оған «чайка» болу ұнаса, біз оған не істей аламыз?!.
Тек Ақұштап Бақтыгерееваның жалпы халықтың атынан Назарбаевтың шексіз билігін қамтамасыз етуді көздейтін жағымпаз мақтау айтқанына қарсымыз, саяси санамызды улағанына қарсымыз. Оның айтуынша, Астананы Назарбаевтың жалғыз өзі салыпты, Қазақстан атаулы елді Назарбаев құрыпты, бүкіл халық Назарбаевтың тағы да президент болғанын аттай қалап отыр екен... Халықтың атынан, қазақтың атынан сөз айтуға Ақұштап Бақтыгерееваның қақы бар ма?! Оған қалың қазақтың атынан сөз айтуға кім мандат берді?!. Бұдан гөрі «мен» деп өз атынан ғана тақпақ айтқан Хаменованың қоғамдық саяси ойға келтірген зияны әлдеқайда аз. Ал «Жайықтың шағаласы» «Орал оқиғасында» да, «Жер дауында» да, «Қаңтар оқиғасында» да қара халықтың жағында болған жоқ, биліктің сөзін сөйледі, автократияны жанұшыра қорғады. Мұны дәлелдейтін факт интернетте самсып тұр. Қоғамдық ойды сауықтыру үшін, халықты адастырмау үшін, қазақты толыққанды саяси ұлт деңгейіне көтеру үшін соның бәрін жариялау қажет сияқты. Халық балық емес қой, қашанғы «чайкаға» жем болып жүреді?!.
Ораз Алимбек