Аятолланың тік ішегінде чип бар ма?

none

Ирандағы Аятолла (Алланың жердегі нышаны) режимінің Ливандағы проксиі «Хезболла» (Алланың партиясы) командирлерін жойғанда «Моссад» (Израильдің арнайы операция жасайтын барлау қызметі) пейджер қолданды. Смартфон қауіпті деп Венгрияның бір фирмасына «Хезболла» жүздеген пейджерге тапсырыс берген ғой. «Моссад» бұл тапсырысты бастан-аяқ қадағалап, пейджер батареясының бір бөлігін жарылғыш затпен алмастырған. Содан бір мезгілде «Хезболла» командирлері ұстап жүрген пейджерлерге сигнал жіберіп жарды, көбін о дүниге аттандырды. «Хезболла» Аятолла режимімен байланыста болайық деп Иранның Ливандағы елшісіне де бір пейджер беріп қойған ғой. Ол үстел үстінде жарылды, елшінің беті дап-дала болды, бірақ аман қалды... Сол кезде «Пейджер» операциясы – креативтің шыңы ғой» деп таңғалғанбыз. Сөйтсек, бұл креативтің бергі жағы екен...

Былтыр жазда Израиль жойғыш ұшақтары төбеден зымыран атқылап Иранды 12 күн соққылады. «Ислам революциясы сақшылары корпусының» жоғарғы шенді командирлерін, атом бомбасын жасаумен шұғылданатын әскери ғалымдарын дәлдеп атып, пәшкі-пәшкісімен жойғанына куә болдық. Тіпті «сақшылардың» жиналыс жасап отырған кабинетіне де, үйіне де зымыран жіберді. Сол кезде былайғы жұрт «Бұ не деген дәлдік?!» деп тағы да таңғалған. Сөйтсек, мұнда да гәп бар екен... Әскерилер жыл сайын медициналық тексеруден өтіп тұрады ғой. Адам денсаулығын толық білуді мақсат тұтқан медтексеру тесік-тесікті түгел шұқылауды қажет етеді. Ішек инфекциясын қоздыратын жұқпалы бактерияларды анықтау үшін тік ішекке жіңішке таяқ тығып сұйықтық алып, оны лабораторияда тексереді. Автократиялық елдерде әскери элита болсын, саяси элита болсын, олардың арнайы клиникасы бар ғой. Тіпті олардың бала-шағасы, дос-жараны да бұқаралық клиниканы менсінбей, элиталық клиникаға заңсыз тіркеліп алатын әдеті бар. Мұны білетін «Моссад» Тегерандағы сондай клиникадан дәрігер-агент жалдаған, ол берілген тізім бойынша «сақшылар» мен әскери ғалымдардың тік ішегіне локациясын анықтап сигнал беріп тұратын чип жабыстырған, сол чип арқылы Израиль ұшқыштары төбеден дәлдеп «сақшыларды» зымыранмен атқылады» дейді құпия операцияның мәніне терең үңілетін зерттеушілер.

«12 күндік соғыс» кезінде де Израиль үкіметі аятолла Әли Хаменеиді «өлтіреміз» деп жаныққан, бірақ даңғой Трапмқа Нобель сыйлығын алу үшін жылдам «жеңіс» керек болды. Сөйтті де төрт-бес бомбасын тау аңғарына тастап, «Иранның ядролық бағдарламасын жойдым, шаруасы бітті» деп жар салған. Сол «жеңістің» кесірінен көзі жойылмай қалған аяттола Әли Хаменеиді Израиль араға уақыт салып енді ғана өлтірді. Әрине, «Әли Хаменеидің тік ішегінде чип бар» деп кесіп-пішіп айтуға болмас. Мүмкін, оның туыстарының тік ішегінде чип болды ма екен?.. Қалай болса да, Әли Хаменеидің әрбір қадамын «Моссад» бағып отырып қақпанға түсірді ғой.

Айдары: Түтін 02.03.2026 50

Қатысты мазмұн