«Бәсе» деген сөз өтірікті мақұлдау әрі құтырту ма?

none

«Бәсе» ютуб арнасының подкастарын қарап шықтым. «Бәсе» арнасын құрған кәсіподақ белсендісі Айдос Садықов (марқұм) «инсайдерден жеткен ақпарат» деп дәлелі жоқ өсекті шындыққа теңеп тарата берген екен. Әрине, тегін емес, өтірікті тарату дәлелді ақпарат жариялаудан әлдеқайда қымбат тұрады. Айдос Садықов Киевте кісі қолынан қаза тапқан соң, «Бәсенің» нарративін жесірі Наталья Сергеевна Садықова жалғастырды.

«Бәсе» «монетизациясының» негізі, яғни өтірік сөзден пайда табудың қайнар көзі о бастан Қазақстандағы билік пен байлыққа таласқан мүдделі топтар арасындағы интригаға құрылды. «Бәсенің» кейбір подкасты қарапайым жұмысшылардың құқығын қорғағандай көрінеді, бірақ «жалақымызды көбейтуді талап етеміз» деген ереуілді эфирден көрсетудің де пайдасы бар – мұндайда ютуб арна қожайынына мұнайшылардан донат қарша борайды, өйтпесе жұмысшылар «жанайқайын» жұмыс берушіге немесе биілікке қалай жеткізеді?!. Мұндай кезде тендер күйіттеген әлдебір компания бақай есебін де түгендеп алуы мүмкін.

Мысалы, «Бәсе» басшысы Наталья Садықова осы ай басында Өскемендегі түрмеде экс-полицейлер «смотрящий» болып, «жақсы өмір» сүріп жатқанын «дәлелдейтін» екі суретті жариялап, соның негізінде подкаст жасады. Бұл подкасттың Қазақстандағы демократия проблемасына, азаматтық қоғамның дамуына түк қатысы жоқ. Түрменің «қызыл» немесе «қара» болғанынан қазаққа не пайда?!. Сірә, «Бәсе» подкастына түрме бастығының креслосына таласқан тағы бір дөкейдің арман-мұраты ғана бар сияқты. Әлгі дөкей сол арманына жету үшін түрме ішінен екі фотоны «ақысын берсе боқысын шығаратын» «Бәсеге» лақтыра салған ғой...

Әрине, мұндай ақпарат қазақ қоғамы үшін түкке тұрғысыз болса да, бұл Украинадағы журналист Наталья Садықова үшін әжептеуір «монетизация» - гривня копійкадан құралады ғой. Киев - Алматыдан төрт есе үлкен мегаполис. Қазір осы қаланың орталығында Наталья Садықованың екі үйі бар, астында - жарау көлік. Күзде бір үйіне еурожөндеу жасады, қазір оны жалға беріп отыр. Қазақстанан жеткен өсек-өтірікті «инсайт» деп қойып «Бәседе» жариялап пайда тауып отырған Наталья Садықова басқа жұмыс істемейтіні белгілі. Ерлі-зайыпты Садықовтар сияқты Украинаны сағалап барған Ермек Нарымбай, Жанна Бота (Жанара Ахметова) секілді қазақстандық белсенділер үй-жай алмақ түгілі қу тамағын асыра алмай «қоңыз теріп» кетті: Е.Нарымбай амалсыз Қазақстанға қайтты, ал Жанна Бота Еуроодаққа ауып, сол елдердің босқындарға беретін жәрдемақысын талғажау қылып отыр. Себебі соғыс жағдайындағы Украина саяси баспана берген адамдарға мардымды жәрдемақы бере алмайтын мүшкіл халде.

Соғыс жағдайында қиын ахуалға тап болған Украинада Садықовтардың Киевтен екі үй сатып алуында қазақстандық кәсіпкер Гаджи Гаджиевке қарсы ұйымдастырылған ақпараттық шабуылға төленген ақшаның үлесі қомақты сияқты. Бұл тезисті қуаттайтын екі аргумент бар. Біріншіден, «Бәсе» ютуб арнасында Г.Гаджиевті дәлелсіз тікелей қаралайтын 35-тен астам подкаст бар. Бұл Г.Гаджиевті қаралау жүйелі жасалғанын әрі қаржысы молынан төленген тапсырыс екенін көрсетеді. Екіншіден, былтыр жазда «Орда.кз» сайтының басшысы Гульнара Бажкенова да «Бәсенің» нарративіне қарай «қисайып жатып алып» Г.Гаджиев пен сол кездегі Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жөнінде жалған ақпарат таратты, алғашында екеуі «қамауға алынғанын», кейін «екеуі Айдос Садық өліміне тапсырыс беруші ретінде жауапқа тартылды» деген. Дегенмен, Бажкенованың сөзі өтірік болып шықты. Өтірік таратудың құны қымбат ғой. 2025 жылдың қыркүйек айында Г.Бажкенова Алматыдағы AL’FARABI 27 тұрғын үй кешенінен (ТК) пәтер сатып алған. Мұндағы ең арзан пәтердің құны кемі 80-90 млн теңге. Ал қазан айында Estet ТК-дан пәтер сатып алды. Мұндағы ең арзан пәтер кемі 83 мнл теңге. Бұрын Бажкенованың Назарбаев атындағы көше бойында үйі болған, ал ол «Орда.кз» жобасын бастаған соң Sakura ТК-дан пәтер сатып алды. Бұл пәтерлер Бажкенованың атына рәсімделген, ал туыстарының атына қанша пәтер рәсімдеп қойғанын бір Құдай біледі... Қысқартып айтсақ, кәсіпкер Г.Гаджиевті бизнестен шеттету және дипломат М.Нұртілеуді лауазымынан айыруды көздеген әлдебір мүдделі топтың жымысқы тапсырысынан журналистер - Наталья Садықова да, Гульнара Бажкенова да қомақты пайда тапқанын көреміз.

Былтырғы қара күзден бері журналист Г.Бажкенова қылмыстық іс бойынша үйқамақта отыр. Ал Наталья Садықованың дәлелсіз қаралау подкастары бойынша Г.Гаджиев Киев сотына арыз жазды. Егер сот Н.Садықоваға дәлелсіз подкастарын жоюды міндеттесе, онда «Бәсе» ютуб арнасының контент жүйесі оңбай қирайды, өтірікші-жалақор-бәлеқор БАҚ деген жаманатқа ұшырайды. Бұл «Бәсені» баю құралы ретінде пайдаланып отырған Н.Садықова үшін ауыр соққы. Осыны Наталья Сергеевна түсіне ме екен?

Ораз Әлімбеков, журналист

Айдары: Түтін 17.05.2026 26

Қатысты мазмұн