Әнші Ашаның Ақұштап ақыннан несі кем?

none

Осы бар ғой, журналистердің қажет емес жерде тырықтық жасайтыны бар. Әнші әрі әртіс Аша Матай мен Тамара Асар партияға мүше болып, партия оларды депутаттыққа кандидаттар тізіміне қосып еді, «бұлар заң шығарушы органда не тындырады?!.» деп шуылдатып жатыр. Асықпайық та, алдымен партия сайлау заңындағы пайыздық кедергіден өтіп, ОСК-ден мандат алсын. Содан кейін де Аша мен Тамараның депутат болатынын яки болмайтынын партия шешеді. «Партия қайда болса, жеңіс сонда!» деген заман емес қой қазір. Оның үстіне, Аша мен Тамараның басында қандай ой барын, депутат бола қалса, олардың қандай әлеуметтік-экономикалық-мәдени ұсыныспен мінберге шығатынын әзірге білмейміз ғой.

Ең бастысы - бұл екі әнші атақ-даңққа өз еңбегімен жетті. Сол жолда талмай еңбек етті, шыңдалды. Өмірде көргені көп, қоғамға пайдалы түйген ойы да бар шығар. Олар Ақұштап Бақтыгереевалар сияқты тайғанақ емес шығар, саясаттың «чайкасы» емес шығар. Ақын көпшік оқымайтын кітаптарын мемлекет есебінен бастырып, мемлекет есебінен үй-жай алып, одан кейінгі кезде де қолында билігі мен байлығы бар шенеуніктер батысқа шақырса, түп көтеріліп батысқа шапқылап, шығысқа шақырса, қайтадан шығысқа жөңкіліп жүрді. Әзірге Аша мен Тамарадан ондай оғаш қылық көрмедік. Ал «Жайықтың шағаласы» халықты «балық» деп түсінетін сияқты. Халық мүддесін саяси билікке саудалап, оны қарабасының қамына ауыстырып кете береді.

Билік те ақымақ емес қой. Міне, 2015 жылғы мынау жиында Ақұштап Бақтыгереева «Нұр Отанға» мүше болып кірді (1-видео). «Елбасымыз біреу, қалғандарымыз тіреу боламыз» деп ұрандатып, соңына жағымпаз өлең оқыды. Бірақ ол депутат болған жоқ қой, себебі билік «Жайық шағаласының» әлеуметтік-экономикалық саясат түгілі, қазақтың күйбең тіршілік түйткілдерінен де дым хабары жоғын білді. Ондай адамның заң шығарушы органға ешқандай пайда бермейтінін, мәнді ұсыныс айта алмайтынын түсінді. Тек оған көпірме сөз сөйлеткізіп, оны көзсіз қолдаушы ретінде пайдаланды. Оған ақиқатты айтатын азулы ақын деп емес, саясат айдынында жемін теріп жеп жүрген «чайка» деп қарады. Ақұштап Бақтыгереева мұның алдында да «Жер кодексін» (жерді сату) қолдады (2-видеофакт комментте тұр). Ең сорақысы сол – «Елім дегенде Ұрымды (Римді), жерім дегенде Қырымды күңірентіп», «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» ұлан байтақ жерімізді қорғаған батыр бабаларымыздың бүгінгі ұрпағын - қазақ патриоттарын Бақтыгерева айыптап сөйледі...

Ақұштап ақын жөнінде айта берсек, оның оғаш қылығы көп қой. Оның өткен өміріне көз жүгіртіп, қазақтың саяси санасына шашып кеткен «құмалағын» термелеп көрсетудің мәні бар. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы...» дегендей, саясат алаңында да сөз айтуға әркімнің қақы бар. Аша Матай, Тамара Асар сияқты өнер тарландары да солардың қатарында. Тек олар Ақұштап апасы сияқты саясатта сауатсыз, тайғанақ болмасын, қарабасының қамын күйттеген сайқал саясаттың «чайка» болмасын. Осыдан сақтандыру мақсатында Ақұштап Бақтыгерееваның өмірдерегіне аз-маз үңіліп, ақынның саяси мимикриялық әрекетіне шолу жасауды бастадым ғой.Саясат айдынына шыққан әркім осыдан сабақ алып, шындықтан ешқашан қашып құтыла алмайтынын әу бастан түсінуі тиіс.

Ораз Алимбек

Айдары: Түтін 14.07.2026 109

Қатысты мазмұн