Кеше Украинаның шабуылдаушы дрондары ресейлік «Лукойл» компаниясының Каспий теңізіндегі мұнай өндіретін үш платформасына соққы беріп, бұрғылау қондырғыларын қиратты. Мұны Украинаның әскері мойындады. Бұл – Ресей-Украина соғысының ауқымы кеңейіп, Қазақстан шекарасының шегіне дейін етене жақындап, отандық мұнай өндірісіне қауіп төндіре бастағанын көрсететін оқиға. Бұған дейін Қазақстан мұнайының 80 пайызға жуығы тасымалданатын КТК құбыр жүйесінің Қара теңіз жағалауындағы танкерге мұнай құятын терминалдарын теңіз дрондарымен соққылаған. Бұл шабуылды ресми Киев мойындаған жоқ.
Осы тақырыпқа қатысты мәліметтерді іздегенде «Ұлыс медиа» жетекшісі Самал Ибраеваның жаңа жыл қарсаңында Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майкодан алған сұқбатын көрдім. Елші В.Майконың айтуынша, КТК мұнай құю терминаларын қирату оқиғасын екі елдің Сыртқы істер министрліктері өзара талқылаған. Тіпті, жаңа жыл қарсаңында В.Майконы да ҚР Сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев шақырып алып сөйлесіпті. Әрине, жабық есік жағдайында қандай әңгіме болғанын елші ашып айтқан жоқ. Дегенмен, журналист Самал Ибраева сұхбат барысында елші В.Майконы Украина қарулы күштерінің КТК терминалдарын теңіз дрондарымен соққылағанын мойындатуға, сол үшін бас иіп Қазақстаннан кешірім сұратуға тырысты. Сондай-ақ, Ресей аумағындағы Қазақстан мұнайын шетелге тасымалдайтын нысандарды бұдан былай бомбаламауға уәде беруге мәжбүрлемек болды. Сұхбаттың мақсаты осы сияқты. Ең қызығы сол, журналист Самал Ибраева бір-бірімен байланысты үш сұрақты (мойындау, кешірім сұрау, бұдан былай бомбаламау) сұхбат барысында екі мәрте қайыра қойды. Елші Виктор Майко «оңай шағылатын жаңғақ емес» екен – мойындаған жоқ, сәйкесінше қиылып кешірім сұраудан бас тартты, бұдан былай КТК-ны бомбаламауға да уәде берген жоқ.
Осы сұхбатты көріп отырып журналист Самал Ибраеваның «өзіне көп алып қойғанын» байқадым. Ол қазақ дипломаттары жасай алмаған шаруаны бір сәтте бәжәріп тастағысы келді-ау, сірә. Мұндай кезде «көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деп айтушы еді ғой атам қазақ. Қазақ журналистері де, қазақ дипломаттары да Ресей-Украина соғысынан туындаған проблеманы әскерилер шешетінін түсінбейтін сияқты. Дәл қазір Зеленскийден бастап Украинаның саяси билігі Украина қарулы күштеріне, яғни әскерилерге тәуелді. Олар жан беріп, жан алып жатқан мынау соғыста қандай айла-тәсіл қолданатынын өздері шешеді.