Кеше экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Кремльге барып, Путинмен кездесіпті. Оның Қазақстан елінің арнайы тапсырмасымен бармағаны анық. Жеке бас мәселесін, мүмкін туыстарының әлдебір проблемасын айту үшін міндадар болып барған шығар. Олай болса, Путин екеуінің үстел басындағы қысқа видеосын жариялаудыың не қажеті бар?!. Әлде, бұл өзінің әлі де үлкен саясатта маңызды адам екенін сездіру ме, өзінше қыр көрсетуі ме? 2021 жылдың соңғы күндерінде де Мәскеуге барған еді, жаңа жыл басында Қаңтар оқиғасы болды. Сондықтан ғой, желтоқсанның соңында Назарбаевтың Мәскеуге баруынан күдіктеніп, қауіптенетініміз.
Сексен бестен асқан қарт адамға не керек?! «Асарын асады, жасарын жасады». Бала-шаға, туған-тусының күнін күйттейтін де жайы жоқ. Мұндайды атам қазақ «төрінен көрі жақын» дейді. Бала-шаға, туған-туыстың тағдыры өздерінің қолында. Қолында билігі бар кезде «қанаттыға қақтырмады, тұмсықтыға шоқтырмады». Олардың бұдан былайғы өміріне жауапты емес қой. Әсілінде, жақсы қартайған саясаткер ел басқарудағы жинақтаған мол тәжірибесімен бөлісіп, әлемдік саясат жөнінде студенттерге дәріс оқып жүрер еді. Немесе адамзатты толғандырған проблемаларды талқылайтын, атап айтқанда, экологияны күйттейтін халықаралық конференцияларға қатысып ой-пікірімен бөлісуші еді. Тым болмаса, туған елге, туған жерге пайдасы тиетін қоғамдық шаруамен айналыссын. Сонда ол тарихта жақсы атпен қалушы еді. Дегенмен, оған Назарбаевтың өресі жетпейтін сияқты, от басының, ошақ қасының жайын күйттеп Мәскеуге қайта-қайта шапқылайды. Мұнысы – ерсі, тіпті ұят қылық деп айтса болғандай... Ол 80-жылдардың басында үлкен саясатқа бет алған тұста «ПТУшниктен не үміт, не қайыр?!.» деп оның бәсін түсіретін сын сөз де айтылған. «Көш жүре келе түзеледі» дегендер де болды. Қалай десе де, бүгінгі Назарбаев птушниктің ой-өрісін, тұмсығының астынан әріні көрмейтін доғал екенін паш еткендей.
Ораз Әлімбек