Wow, Ғабидолла - вице-министр! Енді «зың» бола ма?

none

Парламент сайлауынан кейін Мамин үкіметіндегі ең сәтсіз өзгеріс - Мәдениет және спорт министрінің орынбасары етіп Ғабидолла Әбдірахымовтың тағайындалуы. Премьер Мамин бұл тағайындау арқылы үкіметтің қоғамдық пікірге «түкіргенін», халықпен мүлдем санаспайтынын көрсетті.

Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығындағы (ҰКҚМО) сыбайлас жемқорлықтың дау-дамайы әлі басылған жоқ. Бюджеттің қыруар қаржысын біреулердің «майшелпекке» айналдыруына жол ашып беріп, оған көзжұма қараған министр Ақтоты Райымқұлова түк болмағандай қызметін жалғастырып жатыр. Мәдениет министрлігіне күмән-күдік көбейген осы кезеңде вице-министр етіп үнемі жаманаты шыққан, Шымкенттің экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымовты қосақтап қоюы жұрттың шыдамын шытынатып жіберді. Ғабидолла Әбдірахымовты «бір саланы жақсы білетін, кризис-менеджер», тіпті, «елін сүйетін патриот» деп те ешкім айта алмайды. Соншама қаржыны қайдан алғаны белгісіз, оның Лондонда бағасы бір жарым млн фунт тұратын үйі бар. Былайғы жұрт осындай қазақтың барын Ғабидолла Лондон орталығындағы әдемі қонақ үйдің алдында тұрып суретке түскенде білді. Оның күннен қорғайтын көзілдірігінің айнасына сұлу қыздың бейнесі шағылысып тұрды. Сөйтіп тұрып, ол қазақстандықтарды әлемді аралап, қыдырып серуендеуге, өмірдің рахатын ғабидоллаша сезінуге шақырған. Міне, премьер-министр Мамин сондай адамға отандық туризм саласының тізгінін ұстатып қойды.

Ылғи күмәнді жерді айналшықтап жүретін Ғабидолла Әбдірахымов есімі «Әліби ісі» атты қылмыстық трагикомедияда да аталған. «Тоқалымды азғырды» деген сылтаумен бизнесмен Қайрат Жамалиев Әліби есімді жас жігітті зорлықпен үйіне қамап алып, ұрып-соғып, әбден қинаған жауыздығы жұрттың әлі есінде. Тергеу кезінде Қ.Жамалиев пен Ғ.Әбдірахымов бизнес әріптес екені, олардың нақсүйерлері өзара сырлас құрбы екені анықталды. Сонда оның моралдық келбетінің қандай екені білініп қалған еді.

Шымкент қаласының әкімі қызметінде де Ғабидолла Әбдірахымов оңды нәтиже көрсете алмады. Тіпті, оның ортанқол менеджер емес екені сол кезде-ақ белгілі болған. Ол өзінің осы кемістігін үнемі арзан пиар, хайп арқылы бүркемелеумен болды. Әлеуметтік желіге әкімнің автобуспен жүрген, велосипед мінген суреті жиі жарияланатын. Ақиқатында, ол бір рет автобусқа мінген, екі рет жұмысына велосипедпен барған. Бір оқиғаның әртүрлі ракурста түсірілген суреттерін оның имиджмейкерлері әкім Ғабидолланы күніге жұмысқа осылай баратындай көрсетіп бақты. Ал әкімнің басында қаланы қалай дамытудың идеясы жоқ болатын. «Шымкент қандай қала?» деген журналистер сұрағына ол «зың» деп қысқа жауап қайырды. «Әркім өмірінің вау болғанын қалайды», «Шымкенттен кеткенде жылайсыңдар» деген сөз де Ғабидоллаға тиесілі.

Арзан пиар және жеңілтек хайппен бүркеніп жүрген Ғабидолла Әбдірахымовты бір өңірдің басшысы ретінде сынайтын кезең Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасындағы жарылыс болды. Аспаннан оқ жауып, үй-жайын тастай қашқан тұрғындар пана іздеп Шымкент шаһарына ағылды. Әрине, Шымкенттің «зың» әкімі мұндай төтеннен туған әлеуметтік дағдарысты реттей алмады, қалада хаос басталды, тоңып, ашыққан, ашынған халық көшеге шерулеп шығып кетті. Ал қала әкімдігі халыққа алғашқы қажет көмекті бере алмады. Ғабидолла Әбдірахымов не істеді? Ол бұрынғы үйреншікті әдетіне басып, арыстықтарды мешітке кіргізіп, өзінің шала орысша-қазақша тілімен ер азаматтарға «әйелдеріңе еге болмайсыңдар ма» деп айқайға басқан. Оның бұл ісі, дәлірегінде, төтеннен келген дағдарысты жағдайды реттей алмай қалуы жауапсыз қалған жоқ. Президент әкімшілігінің сол кездегі жетекшісі Қырымбек Көшербаев Ғабидолла Әбдірахымовтың ісін дәрменсіздікке, сасқалақтыққа балап, оның халық алдында биліктің абыройын түсіргенін айта келе «Әбдірахымовқа берілген саяси сенім кредиті таусылды» деп мәлімдеген. Осы мәлімдемеден соң «зың» әкім Шымкенттен қуылды... Міне, халықтың да, биліктің де сенімінен айырылған Ғабидолла Әбдірахымов Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты қызметіне тағайындалды. Өкінішті...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Дүрбі 22.01.2021 302

Қатысты мазмұн