Вирустан қайтыс болған әйел жөнінде не білеміз

none

Қазақстанда коронавирустан қайтыс болған 64 жастағы әйел адам Ақмола облысындағы Қосшы ауылынан. Ол Алматы қаласына құдалыққа барып, одан соң Жамбыл облысы Шу ауданында қонақта болған. Кейін Қосшыға қайтып келген. Ол 13-17 наурыз аралығындағы сапарын пойызбен жүрген. Бұл туралы Ақмола облысы әкімі Ермек Маржықбаев айтты.

Ақмола облысы әкімдігінің мәліметінше, оның жағдайы 25 наурызда күрт нашарлап кешкісін Нұр-Сұлтан қаласының аумағында орналасқан #2 облыстық көпсалалы ауруханасына жеткізілген. Ал 26 наурызда таңертең ауруханада қайтыс болған. Оның коронавирустан көз жұмғаны 26 наурыз кешкісін ғана белгілі болған.

Қазақстан ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 27 наурыздағы брифингте "әйел адам 26 наурыз таңертең қайтыс болды. Бірақ оның коронавирустан қайтыс болғаны тек 26 наурыз кешкісін анықталды" деді.

Әлеуметтік желіде “арнайы қорғану киімін киген ер адам мен марқұмның ұлының арасындағы әңгіменің”видеосы тарады.

Видеодағы марқұм ұлымын деген ер адам “Алматыдан құдалыққа келді. 22 наурызда жедел жәрдем шақырдық. Олар 23 наурызда емханаға барыңыздар деді. Дәрігерге барғанымызда укол, инголяция жазып беріп, үйге қайтарды. Температура түспеді. 24 наурызда жедел жәрдем қайта шақырдық. Олар келіп, жүрегін тексеріп, “жатыңыз, жүрегіңіз жақсы, өлмейсіз” деп кетті. Бес сағатта тіпті жағдайы нашарлап кетті. 25 наурыз таңертең үшінші рет жедел жәрдем шақырдық. Сол кезде дәрігер ауруханаға алып кетті. 26 наурызда дәрігер маған анықтама беріп жатып, “Коронавируспен ауырмаған. Пневоманиядан қайтыс болды. Жерлей беріңіздер” деді. Мәйітханадан алып мәйітін алып кеттік. 26 наурыз кешкі бесте хабарласып, коронавирус табылғанын айтты” дейді.

Қазір марқұмның үйі қоршалып, онымен байланыста болған жақындары және N2 облыстық көпсалалы аурухана қызметкерлері де оқшауланған. Кейбір жергілікті агенттіктердің жазуынша, 27 наурызда Алматыда марқұм қонақта болған үй де қоршалып, санитар мамандар аумаққа кіруге шектеу қойған.

Айдары: Түтін 27.03.2020 67

Қатысты мазмұн