Әбілязов «лохотрон да емес», «пирамида да емес» «жобасының» жарнамасын келтіруге барынша күш салып жатыр. Айтуынша, мамыр мен маусым айларында режимге наразылық шарықтау шегіне жетеді. Сондықтан қазір ақша салып, қыруар пайдаға батып, жолшыбай елдің заңды билігін де құлатуға болады-мыс. Өзіне құлақ асатын адам болса, оны алдап-арбаудың айла-тәсілдерін үйреніп, сынап көрмек сияқты.
«60 млн еуро жинауымыз керек» - дейді. Сонда бүкіл елде штабының мыңдаған белсендісі іске кірісіп, оның бұйрықтарын орындауға кіріседі екен. Мемлекеттің заңды билігін құлатып, премьер-министр креслосына жайғасып, елде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» орнатып, ақшаларыңды өсіммен қайтарамын деген сыңайда уәде етуден жалығар емес.
Адами сентиментке психологиялық уәжді қосып, революция жасаңдар деп көсем кейпіне де енеді. Сол уақытта Париждің сотына өзін саяси қуғынға ұшыраған демократ деп көрсету үшін «спектальді» қаншалықты сенімді ұйымдастырғанын ойлап қоятыны анық. Сосын адвокаттарының гонорары тағы бар. Бір уақытта ұлы комбинатордың да, «қазақ демократиясының атасы» рөлін де қатар ойнайды. Бірақ «залда» әртістің ойынына елігіп, шеберлігін бағалайтын көрермен жоқ екенін білмейді.