Құлсарыдағы парадокс

none

Тасқын судан кейін үйі тұруға жарамсыз болып қалған Құлсарының кейбір тұрғындары жаңа үйге көшкісі келмей қырсығып отыр. Мысалы, мынау суреттегі үйге қатысты мемлекеттік комиссия “үй жарамсыз, сүріледі” деген қорытынды берген, бірақ үй иесі жаңадан салынатын үйді көріп-білмей жатып оған көңілі толмай, көп өтемақы сұрап отыр және “жиғаздарым қымбат еді” дейді.

Бұл үйдің иесімен алматылық журналист Әсем Жәпішева жақында барып сөйлесіп қайтқан. Сол видеодан үй ішіндегі жиһаздың аса қымбат емесі, қытайдікі екені анық көрініп тұр. Алматыдан келген журналистің басқа емес нақ өзінен сұхбат алғанынан қанаттанып кеткен бе, әйтеуір үй иесі сүрілуге тиіс жарамсыз үйін жаңа үйге ауыстырғысы келмей қапты. Ол үй-жайын 84 млн теңгеге бағалап, өкіметтен соншама өтемақы сұрап отыр.

Әрине, әркім мүлкін қаншаға бағалаймын десе де еркі ғой. Бірақ, нарықтағы бағаға да бір қарап қою керек емес пе?! Мысалы, тасқын суға дейін Құлсарыдағы мынау 7 бөлмелі үйді иесі 42 млн теңгеге бағалап, ұзақ уақыт сатылмай тұрған. Бұл үй 15 сотық жер теліміне орналасқан. Әрине, бұл үйді де күшті деп айта алмаймыз, бірақ анау үймен салыстырғанда әлдеқайда жақсы ғой. Солай болса да, үйі тұруға жарамсыз болып қалса да, тұрғын нарықта жоқ өтемақы талап етіп отыр. Оған тұратын баспана емес, қолма-қол ақша керек сияқты... Ақша болғанда да 84 млн ақша.

Осы жұртқа не болған өзі, “жұмыртқадан жүн қырыққандай” алдын ала айтып келмейтін табиғат апатынан да пайда тауып қалғысы келетін жаман әдетке үйір болып бара жатқандар көбейіп кетті...

Ораз Әлімбеков,

Фейсбук парақшасынан алынды

Айдары: Бақ-бақ 22.05.2024 56

Қатысты мазмұн