Екі мәрте мешітте некелескен Қ.Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы айуандықпен өлтіріп тастаған соң қоғам белсенділері шариғи некеге тыйым салу жөнінде Алаш онлайн сайтында петиция жариялаған. Петицияны қарап отырсам, шариғи некеге қарсылардан гөрі, отбасы құндылығын тасталқан қылып бұзып жатқан заңсыз тоқализацияны қолдайтындардың саны бірнеше есе көп.
Шариғи неке зайырлы мемлекеттің заңына қайшы екені белгілі. ҚМДБ-ның жарғысында да «имам азаматтарға шариғи неке қию қызметін көрсетеді» деген сөз жоқ, яғни мүфтият молдалары мемлекет заңдарын аяқасты етіп отыр. Зайырлы мемлекет іргесін шайқалтатын ҚМДБ-ның мұндай оспадар әрекетіне Әділет министрлігі тосқауыл қою керек еді. Өзбекстандағы сияқты шариғи неке қиған имамға, сол ұйымның төрағасына - бас мүфти Наурызбай Өтпеновке айыппұл салып немесе басқа да жаза түрін қолдану керек еді. Республика заңдарын емес, ең жоғарғы саяси биліктің тапсырмасын ғана орындауға әдеттенген Әділет министрі «Әділет органдары туралы» заңда көрсетілген функциясын атқармай отыр. «Мұның сыры неде, әншейінде заң бұзған қоғамдық ұйымдарды бір пәсте тәубесіне келтіретін мемлекеттік органдар шариғи некеге неге бейжай қарайды?» деген сұраққа жауап іздеп біраз ойландым. Сөйтсем, шариғи некеге тыйым салу жөніндегі петицияға қарсы шығудың, әйел құқығы мен оның азаматтық теңдігін сақтауға құлық танытпаудың бірнеше себебі бар екен.
Біріншіден, шариғи некеге тыйым салу мәселесі мүфтиятқа ауыр тиді. Себебі мұндай тыйым молдаларды көлденең (заңсыз) табыс көзінен және халыққа ықпал ету тетігінен айырады. Сондықтан мүфтият басшылығы діни саналы жамағатты петицияға қарсы дауыс беруге жапқан секілді. Мүфтиятты маңайлап жүрген құпия дереккөздің мәліметінше, Бас мүфти Наурызбай Өтпенов Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін шұғыл түрде шариғи неке қиюдың жаңа нұсқаулығын дайындап, нұсқаулықты мешіт имамдарына жолдаған. Дереккөз сөзіне дәлел ретінде мүфтияттың ішкі екі құжатын маған жіберді. Құжат мәтініне қарап отырсам, шариғи неке мәселесі бойынша мүфтият заңсыздықтан тыйылайын деп отырған жоқ. Бас мүфти де Шымкенттегі «Сейітжан қари» мешітінде имамдарды шариғи неке қиюды жалғастыра беруге шақырды.
Екіншіден, «қазақ байыса, қатын алады» деген сөздің жаны бар. Діни саналы қазақ байыса, тоқал алудан кетәрі емес. Әрине, қазақ қоғамындағы бай-бағыланның көбі жоғары лауазымды шенеуніктер. Жеке бизнес арқылы байыған олигархтардың да саяси билікпен ым-жымы бір, мемлекеттік үлкен жобаларды, тендерлерді игеріп мол байлыққа кенеліп отыр. Олардың кейбірі жария түрде тоқал алады, кейбірінің жұрттан жасырған ашынасы бар. Мысалы, бір министрдің ашынасы бар делік. Ол міндеттіт түрде таныс имамына шариғи неке қидырып алады. Мешіттен берілген шариғи неке куәлігі оған қажет. Егер әлгі шенеунік ашынасын ертіп шетелде демалуға баратын болса, мұсылман елдерінде еркек пен әйелдің қонақүйде бірге тұрып, бірге жүруінің себебі сұралады. Сондықтан ашына-тоқалын шетелге ертіп баратындар шариғи неке куәлігіндегі мәтінді ағылшын немесе араб тіліне аударып, аударманы нотариусқа куәландырып алып жүреді. Мұндай құжатсымақ араб елдерінде өтімді. Бай-бағылан тарапынан осындай сұраныстың барын мүфтият та біліп отыр. «Алмақтың да салмағы бар» дейді атам қазақ. Егер мемлекеттік билік заңсыз шариғи некеге тыйым салса, онда тоқал алғыш, ашынасы бар шенеуніктерге қиын болады. Сондықтан шариғи некеге тыйым салу жөніндегі петиция мемлекеттік epetition.kz сайтына өтпеді, ал Алаш онлайн сайтындағы петицияға жаппай қарсы шығып жатқандар көп. Қорыта айтқанда, қазақ қоғамы әйел құқығына, әйел теңдігіне пысқырып та қарамайды. Әрбір ер адамның әлпешетеген қызы бар, аяаулы қарындасы бар, ардақты анасы бар. Әрине, әркім өзінің жақын туысын жақсы көреді, бірақ жеме-жемге келгенде діни саналы қазақты нәпсі жеңіп кете береді. Бұл - қазақ қоғамының бүгінгі ақиғи болмысы. Осы ақиқаттан қашып құтылу мүмкін емес – Бас мүфти Наурызбай Өтпеновтың мүфтият ішінде реформа жасағысы жоқ, ал мемлекеттік органдар зайырлы заңдарды олай да, бұлай да бұзып отырған мүфтият басшыларына жаза қолданып, «екі аяғын бір етікке тығуға» мүдделі емес. Осы жағдай санасына араби діни уағыз дендеген қазақ қоғамының тығырыққа тірелгенін байқатады.
Ораз Әлімбеков,
Фейсбук парақшасынан алынды