
Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапидің мынау постына қарап күлкім келді. Ол депутат болмай тұрып-ақ билікпен ауызжаласып кеткен еді ғой. Ермұрат депутат болғанда «міне, нағыз демократия, «Әділетті жаңа Қазақстанда» әділ сайлау өтіп, тіпті оппозияшыл журналист Мәжілістен мандат алды» деген нарратив қоғамдық ойға сыналап кірген.
Мәжіліс депутаты Бапидің «Оян, Қазақстан» ұйымының белсендісі Әсем Жәпішеваны босатыңдар» деп прокуратураға, полиция мен сотқа доқ көрсеткенсіп пост жазуы ақылға қонымсыз. Ә.Жәпішева 15 тәулікке қамалған. Ермұрат Бапи айтпаса да Әсемнің әкімшілік жаза мерзімі бітіп, әне-міне бостандыққа шыққалы тұр. Осы постын Мәжіліс депутаты өзінің оппозияшыл кейпін нықтай түсетін саяси ұпайындай көреді. Шындығына бұл арзан саяси манипуляция ғой. Бапи шынымен оппозицияшыл қайраткер болса, қасқайып тұрып әділет сұрайтын батыр болса, ҚК-тің 174-бабы бойынша күдікке ілініп қамауға алынған сатира (әзіл-оспақ) каналының жетекшісі Темірлан Еңсебекке бостандық сұрамай ма?! Әсемге емес, Темірланға ғой жеті жылға сотталу қауіпі төніп тұрған... Темірлан Еңсебекке бостандық сұрауға Ермұрат Бапидің дәті шыдамай ма?! Дәті шыдамаса, бұл темаға кірікпей "қойын құрттап, қойыртпағын ұрттап" тыныш отырғаны жөн ғой...
Ораз Әлімбеков