Су тасқыны: түйе сұрасаң, бие бере ме?

none

Табиғи апаттан – көктемгі су тасқынынан зардап шеккен Құлсары тұрғындары тура сондай жағдайға ұшыраған басқа халықтан ерекшеленіп, бүлінген дүние-мүлкі үшін көп өтемақы талап етіп шулап жатыр екен. Олар суға малынған үй-жайының әр шаршы метріне 400 мың теңгеден төлеуді өкіметтен сұрапты. Оның үстіне, сол ақшаны алақанына салып беруді талап етіп отыр. Осы талап дұрыс па? Осы сұрақты талдап жіберейік.

Президенттің тапсырмасы бойынша, басқа аймақтар секілді тасқын судан зардап шеккен Құлсары отбасыларының табысынан айырылуына орай 100 АЕК көлемінде, яғни 370 мың теңгеден біржолғы материалдық көмек берілген. Бұдан бөлек өтемақы қолына тигенше, тұрғындардың тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында тұрмыстық техника сияқты түрлі қажетті заттарды сатып алуға 150 АЕК-ке дейін қаржылай көмек көрсетілді, яғни 550 мың теңгеден берілді. Сондай-ақ, Президенттің тапсырмасы бойынша тасқын судан зардап шеккендердің банктегі несие төлемдері 3 айға шегерілді. Осы уақыт ішінде алынған несиеге айыппұл және мен өсімпұл салынбайды. Солай болса да, Құлсары тұрғындары әлі риза емес.

Екіншіден, Атыраудың бір бұрышындағы Құлсарыда шаршы метрге 400 мың теңге сұрау тіпті қисынсыз. Астана, Алматы, Шымкент, тіпті Атыраудағы тұрғын үйдің шаршы метрі 400 мың теңге емес қой. Ашығын айтсақ, Құлсарыдағы үйдің шаршы метрі әрі кеткенде 200 мың теңгеден аспайды. Құлсарылықтар қызық екен, талап қоюдың жөні осы екен деп аспандағы бағаны ала салады. Басқа облыстардағы тасқын судан задап шеккендерге берілген өтемақыға бір қарап қоймай ма, өздері.?!

Тасқын судан зардап шеккен тұрғындардың «өтемақыны қолыма беріңдер» дегені тіпті жөнсіз талап. Ақша деген су сияқты ғой - ағады да кетеді, қолда тұрған ақшаны мақсатсыз жұмсап, анда-мұнда жаратып бір сәтте жоқ қылады, одан жағдайы жақсармайды, баяғыша үйсіз, күйсіз қалады. Сонда тағы да өтемақы сұрап шулай ма?!

Қазір Құлсары да 500-ге жуық үй тұруға жарамсыз деп танылған. Тұрғындарға арнап жаңа үй салуды немесе бүлінген үйді жөндеуді үкімет-әкімдік деңгейінде комплексті жүзеге асырған дұрыс. Тұрғын үй құрылысын бұдан былай болатын табиғи апаттан қауіпсіз жерге салу қажет. Әркімнің өз білгенімен үй салуға, үй жөндеуіне рұқсат беруге болмайды. Түптің түбінде тұрғындардың қауіпсіздігіне жауап беретін өкімет қой. Барлық мәселе өкімет қабылдаған бағдарлама бойынша жүзеге асқаны жөн.

Ораз Әлімбеков

(Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Бақ-бақ 17.05.2024 56

Қатысты мазмұн