Украинаға жан қайғы, Қазақстанға мал қайғы

none

Ресей мен Украина арасындағы соғыстың жарықшағы Қазақстанға да кесірін тигізді. Ресейдің энергетика жүйесін қарымта шабуылдап жатқан Украина дрондары Каспий құбыр консорциумы (КТК) желісіндегі «Кропоткинская» мұнай айдау стансасының тасталқанын шығарды. Шабуыл салдарынан Қазақстан мұнайын құбырмен айдау 30 пайызға қысқарды. Стансаның қалпына келтіруге 2 ай уақыт керек. КТК құбыр желісі тағы да соққыға ұшырауы мүмкін. Сондықтан Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Украинамен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұдан оңды нәтиже шығуы неғайбыл.

КТК консорциумына Каспий маңында мұнай өндіретін қазақстандық, ресейлік және шетел компаниялары кіреді. Құбырдың ұзындығы - 1,5 мың км. Құбырмен барған мұнайды Ресейдің Новороссийск портында танкерлерге жүктеп Қара теңіз арқылы алыс шетелге жөнелтеді.

90-жылдары КТК құбыр жобасына көптеген сарапшылар қарсылық танытқан. Соған қарамай Қазақстан билігі осы «косякқа» «өз еркімен» кіріп кетті. КТК-ға қарсы сарапшылар Қазақстан мұнайының басым бөлігін Баку-Жейхан мұнай құбырына жүктеуді айтқан. Бірақ, субъективті себеппен Қазақстан Әзербайжан-Грузия арқылы Түркияның Жейхан портына дейін тартылған құбырға қосылмады. Өкіншті... Ал КТК құбыр жүйесін Украинаның алысқа ұшатын әскери дрондары соққылап жатқанда, тіпті зәреміз ұшты ғой... Қолдан келер қайран жоқ. Қазақстанға «мал қайғы» болса, Украинаға жан қайғы. Олар Тәуелсіздік үшін өліспей беріспейді, Ресей жеріндегі энергетикалық нысандарды атқылай береді, атқылай береді... Сондықтан Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің КТК-ны дрон-шабуылдан арашалап қаламыз деген әрекеті бос шабыс сияқты...

Ораз Әлімбеков

Айдары: Түтін 20.02.2025 39

Қатысты мазмұн