Тәуелсіздікке 30 жыл: әлеуметтік-экономикалық саланың нәтижесі

none

2021 жылы Қазақстан тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтті. Оны қалай тойлады? Ол бөлек әңгіме. Әзірше «жақсы» деп те «нашар» деп баға бере алмаймыз. Осы кезеңде мемлекет түрлі кезеңді, түрлі оқиғаларды бастан кешірді. Қуанышты сәттер де, сонымен қатар сәтсіздіктер де болды. Әрбір жеке саланы алып тоқталатын болсақ, оның табыс мен жетістіктері де және артта қалған кемшіл тұстары да кездеседі. Мұндай жағдай әрбір салада бар екені жасырын емес. Қалай дегенмен де, түбегейлі өзгерістердің орын алғаны анық. Әлеуметтік-экономикалық саланың даму жолын еліміздің тарихымен ғана емес, көршілес мемлекеттермен де салыстыра отырып бағалау керек.

Тәуелсіздіктің 30 жылындағы басты жетістік деп Қазақстанның тұрақты мемлекет ретінде қалыптасуын атауға болады. Себебі, көрші елдермен күрделі саяси немесе жерге қатысты қақтығыстардың болуына жол берген жоқ. Тағы бір маңызды жетістігі- Ресеймен және Қытаймен шекараны нақты бекітіп алғандығы. Кеңес Одағы тұсында Қазақстанда бұл елдермен шекара туралы халықаралық шарттар мен келісімдердің болмағаны белгілі. Мұның соңы кез – келген сәтте қайғылы оқиғаға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді. Яғни, жерге қатысты дау-дамай мен қақтығыстардың туындауына жол берген болар еді.

Тағы бір атап өтерлігі тәуелсіздік, толеранттылық құндылықтарын бойына сіңірген, ал ұлтшылдық пен пен радикализмге қарсы , яғни оған төзбеушілік қасиеті қалыптасқан тәуелсіз және бірегей қазақ қоғамы қалыптасты.

Жаһандану, көші-қон процесстері елдің жаңа бет-бейнесі мен мақтанышына айналған Г.Головкин, Д.Тен, Димаш сияқты танымал тұлғаларды, жаңа көшбасшыларды ұсынып, қоғамдық қатынастар мен құндылықтарды өзгертті. Сонымен қатар, демографиялық үдеріс халық санының тұрақты өсуін байқатты. Халық саны 2021 жылы тарихта алғаш рет 19 миллион адамнан асты.

1990-жылдары немістердің және басқа этностардың тарихи отанына оралуына қарамастан, тұрғындар санының азаюына жол берілмеді. Сол кездегі қиын жағдайға қарамастан туу көрсеткіші өскені таңғаларлық жағдай. Ең бастысы қандастарды репатриациялау бағдарламаларының арқасында Қазақстан халқының көбейту мүмкін болды. Түрлі деректерге сүйенсек, егемендік алғаннан кейін Қытайдан, Моңғолиядан, Ираннан, Өзбекстаннан, Ауғанстаннан 1 миллионға жуық қазақ елге оралды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздегі қазақ халқының пайыздық үлесін арттыруға мүмкіндік туды. Яғни, өткеннің есесін кері қайтаруға жағдай жасалды. Осының өзі Қазақстан болашақта «Еуразиялық Балқанға» айналады деген болжамды теріске шығарды. Қайта бұл ел ішінде ұлтаралық қарым-қатынас тұрақталуына әсер етті.

Түрлі теріс болжамдарға қарамастан, Қазақстан барлық көршілес елдермен салыстырғанда ұлтаралық қақтығыстар мен жер дауынан аулақ болды. Мемлекеттік саясаты, Ассамблея қызметі, 1995 жылғы Конституция, Тіл туралы заң орыс тілді халықтың құқықтары мен мүмкіндіктерін қорғауға негіз болды. Керісінше, 2001 жылы кеңінен талқыланған мемлекеттік органдарда құжатты қазақ тіліне көшіру жоспары 2010 жылға қарай мүлде іске аспай қалды. Қазақ альфавитін латынға көшіру жобасы да әзер жылжып жатыр. Бұл іс жүзінде еліміздің мемлкеттік тілінің қызметін әлі дұрыс атқара алмай отырған қазақ тілінің өзіне қауіп төндіруі мүмкін. Күтпеген жерден жаһандану элементтері, әлеуметтік желілер, интернет қазақ тілі мен жаңа Q-pop мәдениетінің даму тетіктеріне айналды.

Сонымен қатар 90-шы жылдармен салыстырғанда қоғамның дінге деген көзқарасы өзгерді. Шіркеу мен мешіттер қалпына келтірілді. Көп жерлерде жаңадан салынды. Міселен, 1991 жылы республика бойынша 60-қа жуық мешіт болса, қазір олардың саны 3500-ге жуықтады. Тіпті кейінгі жылдарда Қазақстанда мектептерге қарағанда мешіттер көптеп ашылды. Бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып отыр. Дегенмен, исламның қайта жаңғыруы қоғамға белгілі бір әсерін тигізді. Осыған байланысты ел ішінде радикал исламшылардың пайда болғанына барша қазақстандықтар куә болды. Олардың Сирия мен Ауғанстандағы лаңкестік оқиағалар мен соғыс қимылдарына қатысуы осының дәлелі.

Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде Мәскеудің тоталитарлық саясатының кесірінен болған көптеген экологиялық және гуманитарлық мәселелерді шешуге мүмкіндік туды. Мысалы, Семей ядролық полигоны жабуға, Арал теңізін қалпына келтіруге қатысты қыруар шаруа жасалды.

Экономикалық, қаржылық, инвестициялық саясат, зейнетақы реформасы, сондай-ақ ұлттық валютаның қабылдануы тәуелсіздіктің шынайы үлгісіне айналды. Девальвация кезеңіне қарамастан, теңге егемендіктің ең маңызды белгісі болды. Дегенмен, экономика тақырыбы даудан арылған жоқ. Себебі, табиғи ресурстарға ең бай ел тек белгілі бір адамдардың баюына жол ашты.

Осы уақытқа дейін Қазақстанда 2021 жылы ең төменгі жалақы мен орташа зейнетақы өткен жылдардағы «рекордтық» көрсеткіштерге жеткен жоқ. Ең төменгі зейнетақы 2013 жылы ғана қазіргі 100 доллардан 120 долларға асты.

Қазақстанның жалпы ішкі өнімі өкінішке қарай, 1990 жылдардан бері тек қана шикізат секторының есебінен ғана екі есеге өсті. «Голланд ауруы» болашақта Қазақстан экономикасының барлық табыстарын бейтараптандыру қаупін туғызады. Бірақ экономикалық өзін-өзі қамтамасыз ету, Ұлттық қор, табиғи ресурстарды экспорттау елге көптеген құрылыс, әлеуметтік, гуманитарлық мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді.

Ал, республиканың астанасын көшіру Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың демографиялық, гуманитарлық, геосаяси сын-қатерлерге стратегиялық көзқарасын көрсеткені белгілі. Елорданың құрылысы ең ауқымды және өте қымбатұа түскен жоба болды. Өкінішке қарай, қазіргі Нұр-Сұлтанның салтанат құрып, күннен-күнге жарқырай түскенімен Қазақстанның басқа аймақтарындағы әлеуметтік – экономикалық көрсеткіш сын көтермеді. Әсіресе, ауылдар мүлдем артта қалып қойды. Елорда мен Алматыдағы осындай қарама-қайшылық тек экономикалық жағынан ғана емес, білім деңгейі, медициналық қызмет көрсету, жұмыспен қамту сияқты көптеген басқа көрсеткіштерден де байқалады. Пандемияның өзі әлеуметтік саладағы, инфрақұрылымдағы, интернетке байланысты көптеген мәселелердің бетін ашып берді. Әлеуметтік мәселелер, жұмыссыздық, төмен жалақы сияқты көптеген түйіткіл жайттар әлеуметтік қақтығысқа жетелейді. Осының бәрі халықтың билікке наразылығын тудырды.

Қорыта айтсақ, тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық саласында орын алған барлық процестерді, оқиғаларды, өзгерістерді бір сараптамалық мақалаға сыйғызу мүмкін емес екендігі айтпаса да түсінікті. Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылындағы басты жетістік деп халық пен қоғам арасында қалыптаса бастаған байланыс екенін айтпай кетуге болмайды. Ортамызда осы күнге Кеңестік заманды аңсайтын тұрғындар да баршылық. Дегенмен, осы уақыт ішінде Қазақстанның тәуелсіздігі мен егемендігін қастерлеп, бағалайтын тұтас бір ұрпақ дүниеге келді.

М.Ганди былай деген екен. «Еркіндікте жүріп қателік жасауға болмаса, онда бостандықтың құны жоқ.» Қазақстанның да жүріп өткен жолы осыған келіп саяды. Қазір тәуелсіз ел ішкі және сыртқы саясатын өзі жүргізетін мүмкіндікке ие болған. Қазақстан тәуелсіздігінің басты нәтижесі де осы болса керек. Сол себепті қателесуге де құқығы бар. Бұл қоғам мен билік үшін аса зор маңызға ие болғандықтан, тәжірибе болатыны анық.

A + Analytics

Айдары: Дүрбі 30.12.2021 440

Қатысты мазмұн