Саяси технология: өзінің "тірі" екенін білдіру

none

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға өзгеріс енгізілетінін, партияларды тіркеу шарттары жеңілдетейтінін жариялаған соң түрлі саяси топтар партияға құратынын мәлімдей бастады. «Ел мен Жер» қозғалысының төрағасы Балташ Тұрсымбаев ұйымды саяси партия ретінде тіркететінін мәлімдеді. Бұл осы аптада партия құратынын мәлімдеген екінші адам. Бұған дейін, 16 мамырда кәсіпкер Болат Әбілов «Біздің таңдау» деген саяси партия құратынын жариялаған.

«Ел мен Жер» қозғалысына дейін Балташ Тұрсымбаев Жалпыұлтттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) құрамында болған. ЖСДП-ны ұйым төрағасы Жармахан Тұяқбай тастап кеткен соң Балташ Тұрсымбаев та бұл саяси партияда тұрақтай аламады. Партия тізгінін жастар алған соң олармен ескі көзқарастағы Тұрсымбаевтың сөзі жараспаған секілді.

Балташ Тұрсымбаев социал-демократиялық идеяны қолдайды деп айтуға келмейді. Жасы жағынан құралпас Ж.Тұяқбайдың көңілін жықпас үшін соның шарқыртуымен ЖСДП-ға мүше бола салған. Сондықтан ол құрғалы жатқан «Ел мен Жер» атты партия социал-демокартиялық бағытты ұстанады деп айту қиын. Жалпы, Қазақстандағы саяси ұйымдардың «аты затына сай» емес. Партиялар саяси идеологияның спекторына жіктелмейді. Саяси партия көбіне бір адамның тұлғалық беделіне сәйкес құрылады. Әрине, кейбір партиялар ұстанатын идеясын ұйым атауына қосып жазып қояды, бірақ бұл қандай да бір партияның бағытыны оңшыл немесе солшыл деген сипаттаманы негіздей алмайды.

Балташ Тұрсымбаев Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Ауылшаруашылығы министрі, облыс әкімі секілді қызмет атқарған. Сондықтан, Тұрсымбаевтың айтуынша, ол құрған қоғамдық ұйым ауыл халқына арқа сүйейді.

«Біз ауылдағы жұртшылықпен жұмыс істей аламыз, ал басқа партиялар жалпылама айтып жатыр. Бірақ оны қалай дамыту керегін, халықпен қалай жұмыс жасау керегін, олардың сұрағына қалай жауап беру керегін ешкім айтпады. Асыра сілтеуім мүмкін, бірақ меніңше олардың бағдарламасы облыс орталығынан төмен түспейді» деді ол.

Оның айтуынша, «Ел мен Жер» қозғалысының 60 мың мүшесі бар. Бірақ, баспасөз жиынын Балташ Тұрсымбаев жалғыз өткізді. Жиынға келгендердің ішінде отырған режиссер Еркін Рақышев жұртты партияға кіруге үгіттеумен болды.

Екі жыл бұрын құрылған «Ел мен Жер» қозғалысы осыған дейін жер шетелдіктерге сатылмас үшін «Жер кодексіне» өзгерістер енгізуді талап еткен. Содан бері Тұрсымбаевтың қасында жүрген Рысбек Сәрсенбайұлы бұл жиында төбе көрсетпеді. Себебі, ол «Ел мен Жерді» былай қоя салып, Болат Әбілев құрғалы жатқан «Біздің таңдау» партиясының бастамашы тобына мүше болып кетті.

«Партияны кім қаржыландырады» деген сұраққа Б.Тұрсымбаев «қаражатымыз аз, бірақ қозғалыс мүшелері қолдау көрсетеді деп сенеміз» деп жауап берді.

Партия қаржыландыру мәселесі өте маңызды. Егер партия төменнен халықтың жаппай қолдау арқылы құрылмаса, онды ұйымды мүшелік жарнамен қаржыландыру мүмкін емес. Саяси партияның тұрақты жұмыс істеп тұруына ай сайын 30 мың доллар керек. Сондықтан бұған дейінгі тіркелген партиялардың бәрі қаржысы бар адамдардың ұйымдасуымен құрылған. «Аты бар да заты жоқ» «Ел мен Жер» қозғалысының партия болып құрылуына негізгі кедергі – қаржы мәселесі. Қаржы жоқ екенін Б.Тұрсымбаевтың өзі айтып отыр. Сондықтан оның «партия құрамыз» дегені негізсіз. Ол бұл мәлімдемені өзінің саяси алаңда бар екенін, саяси тұрғыда "тірі" екенін білдіріп қою мақсатында ғана жасаған сияқты. Қазір осындай саяси технологияны қоғам белсенділері жаппай қолданып жатыр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Дүрбі 20.05.2022 81

Қатысты мазмұн