Ринат Заитов саяси сайыстың старт сызығынан озып тұр

none

Айтыс ақыны Ринат Заитов өзінің туған жерін тәрк етіп Алматы қаласынан сайлауға түспекші екен. Дәстүршіл псевдо-патриот орыстанған Алматыдан қолдау таппайды ғой. Одан да халқының басынан қарабұлт арылмаған Абай облысынан сайлауға түспеді ме?! Сонда аңғал қазақ қолдап кетуі мүмкін. Ринаттың мынау ерсі қылығын Ақ орда жақтан сызылтып тартып жатқан сырнайға елітіп, бұрала билейтін кобраға баласа болады.

Мәжіліске бір мандатты округтерден сайланатын депутаттардың старт кезеңіндегі мүкіндігі теңестірілді ме? Бұл – сайулаудың әділ өтуінің ТЕҢДІК принципі. Осы талап Ринат Заитовқа қойылды ма? Соны тексеріп жіберейік. Сұраққа жауап беру үшін Заитовтың Алматыдағы «Алатау» театрына қалай директор болғанын еске түсірейік.. Ринат Заитов бұған дейін оралмандарды қолдаған сыңай танытып, шуға айқайлы сүрең қосқанын білеміз.

Ол мұны оралмандар проблемасын шешу үшін емес, қарабасының қамы үшін билікті саяси шантаждаған түрі еді, бірақ одан Заитов үшін оңды нәтиже болмады. Оралмандарды тастады, басқа жаққа бет бұрып кетті. Осы қылығы үшін биліктен қандай шүлен алғанын білмейміз. Осы өтірік десе, «Атажұрт» ұйымының лидерлері айтсын. Оралмандар Заитовты емес, Заитов оралмандарды пайдаланып кетті.

Екіншіден, Алматыдағы стихиялық шеру кезінде тура осындай жағдай болды. Заитов сайтан секілді сап ете қалды да наразы топтың лидеріне айналды. Бұл оқиғаның қалай аяқталғанын білеміз. Заитовты полиция ұстап алды ма, ұстаған жоқ па, білмейміз, әйтеуір ізім-ғайым жоқ боп кетті де, сап етіп қайта пайда болып, алаңжұрт алдына қайта шығып сөйлеген. Сөзі сөз емес - болты босап, желі шығып кеткен ескі машина сияқты қисалақтап бірдеңені былдырлады. Мұның алдындағы қырандай қомданған Ринат жоқ, жаман жасып қалыпты, жұртты сабырға шақырып, «тараңдаршы» деп, күштік құрылымдардың жауапкершілігін күйттей сөйледі.

Қойшы, Заитовтың құйтырқы қайсы қылығын айтып жатайын. Осындай саяси шантаждың нәтижесінде Ринат Заитов «Алатау» дәстүрлі өнер театры коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры болып тағайындалды. Әнеугүні барып көрдім, ат шаптырым алаңға орналасқан алып театр екен. Рас, басшылары отыратын кабинеттер жып-жылы. Ал театрдың көрме залы, концерт залы, жас балалы аналарға арналған бөлме азынап тұр. Театр әртістері дайындалатын сахна маңындағы бөлмеде адам түгілі ат шыдап шыдап тұра алмайды дірдектеп. Жастың аты - жас қой, сырт киімдерін жамылып алған қыз-жігіттер репетиция жасап жатыр. Өстіп жүріп ауру табады ғой бейшара әртістер. Құдай сақтасын...

Алматы әкімдігі Заитовты «Алатау» театрына директор етіп тағайындағанда, «арқалы» айтыс ақыны былай деген: «Үш жүзге қаратып сөз сөйлеп жүрген ақындарыңыз екі жүз адамды жұмылдырып жұмыс істете алмаса, оның пайдасы не?» деп өзін шаласауатты ақын ғана емес, білікті басшыдай көрсетпекші болған. Заитовтың бұл сөзі бекер екен. «Алатау» театрының жылу жүйесін ретке келтірмесе, бюджеттің қаржысына салынған анау ғимараттың іші көгеріп, сылағы түсіп бүлінеді ғой. Дүниені қоя салайық, бүгін бұзылса ертең жөндеуге болады – қайда кетпей жатқан қу қаржы. Түзелмейтіні - суық сорып жатқан театр қызметкерлерінің денсаулығы емес пе?! «Денсаулық – зор байлық» деген атам қазақтың аталы сөзін Ринат Заитовтың әлі күнге ұқпағанына таңым бар...

Енді сайлау мәселесіне келейік. Менің ойымша, сайлауға кандидатурасын ұсынып жатқан Заитов «Алатау» театрының директорлық қызметінен әлі кеткен жоқ. Сірә, ол ресми тіркеліп, сайлауалды үгіт-насихат науқаннына кірген кезде еңбек демалысына шығып, көзбояу жасайды-ау.

Бұл енді әділеттілік емес.

Егер Заитов Мәжіліске депутат бола қалса, ол Алматыдағы театрды тастап Астанаға көшеді ғой. Логикаға келе ме? Келеді логикаға, ақылға қонады! Мұны басқаша айтсақ, оған уже «Алатау театры керек емес. Сондықтан ол директор креслосын босатқаны жөн.

Сонымен қатар, Заитовтың сайлауалды қорына жиналатын ақша көзін қоғам қадағалап отыруы тиіс. Заитов театр әртістері мен қызметкерлерін үгіт-насихат жұмысына, театрдың техникалық паркін мініс атқа, театр бөлмелерін сайлауалды штабқа тегін пайдаланып кетуі кәдік.

Ал Заитовтың саяси бәсекелестерінде мұндай мүмкіндік жоқ.

Демек, Заитов саяси бәсеке сайыстың старт сызығына озып тұр немесе мәреге қарай құйындатып шауып барады. Сондықтан, Алматы әкімдігі шұғыл түрде Заитовты театрдың директоры қызметінен алып тастауы тиіс. Міне, сонда ТЕҢДІК принципі жүзеге асады, Теңдік принципі болмаса, сайлауды қалай әділ өтті дейміз?!

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 02.02.2023 135

Қатысты мазмұн