Петропавл полицейлері соғыс ардагеріне арнап аулада концерт ұйымдастырды

none

Петропавлда 99 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Григорий Красильниковты Жеңіс күніне орай Полиция департаменті құттықтап, майдангердің ауласында концерт ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, полицияның мәдени орталық қызметкерлері Петропавлдың Бостандық көшесіндегі 54-ші үйдің ауласында шағын концерт қойды. Осылайша офицерлер ведомство бастығы полиция генерал-майоры Марат Төлебаевтың басшылығымен 99 жастағы ардагер Григорий Красильниковті жарқын мереке – Жеңіс күнімен құттықтады. Облыстық полиция бастығы және Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Сыздықов ақсақалға Ішкі істер министрі полиция генерал-лейтенанты Ерлан Тұрғымбаевтың телеграммасын табыстады, сондай-ақ ұзақ ғұмыр тілеп, сыйлықтар табыс етті.

Аулада ардагердің құрметіне ұйымдастырылған концерттік бағдарламаны тамашалауға көршілер де жиналды. Көрермендер полицейлерді қошеметтеп қарсы алды. Әртістер отты жылдары айтылған «Тучи в голубом», «Здесь птицы не поют», «Смуглянка», «День Победы» сияқты әндерді шырқады.

Григорий Красильников әскерге 1940 жылы Свердловск облысынан шақыртылған. Соғысқа басынан аяғына дейін 1940-1945 жылдары қатысқан. Жаяу әскерде және әуе полкінің қатарында болған. Шығыс Польшада аэродромды атқылаған кезде ауыр жарақат алған.

Гвардияның аға сержанты Красильников 1945 жылдың 9 мамырын госпитальда қарсы алады. Үйіне қараша айында оралды. 1948 жылы өз қалауымен КСРО ІІМ Свердловск мектебіне оқуға түседі. Оқудан кейін Солтүстік Қазақстан облысына жіберіледі. Ширек ғасыр өмірін қылмыстық-атқару жүйесіндегі жедел қызметке арнады. Ол басқарған колония тың құрылысына қатысқан. Зейнетке 48 жасында шыққанымен, 80 жасқа дейін жұмыс істеді. Аудан орталығы Сергеевкада волонтерлердің жасағын басқарып, жас қызметкерлермен тәжірибе бөлісті.

СҚО ішкі істер органдарында 700-ден астам майдангер еңбек еткен. Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 76 жылдығын олардың тек екеуі Григорий Красильников пен Никита Семенов қарсы алады. 10 мамыр күні полиция генерал-майоры Марат Төлебаев Никита Герасимовичке де барып, 101-ші туған күнімен құттықтайды.

Айдары: Дүрбі 08.05.2021 17

Қатысты мазмұн