Орындалмайтын талап: Маңғыстаудың шопырларына не жетпейді?!

none

Аймақта экономиканы біржақты дамытудың салдары жаман. Мысалы, Маңғыстау мұнай өндірісіне байланып қалған. Бұл үнемі жұмысшылардың орындалуы мүмкін емес талап қоюына ұласып жатады. Қазір Жетібайда орын тепкен жекеменшік West Oil Software компаниясының 200-ге жуық жұмысшысы ереуілдеп тұр. Бұл - транспорттық сервистік компания, яғни мұнай өндірісіне қосалқы көмек беретін кәсіпорын. Жұмысшыларының басым бөлігі шопырлар, түрлі техниканың жүргізушілері. Олардың қойып отырған талабы мынандай: «Бізді ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясына қосыңдар және 700-800 мың теңге айлықпен қамтамасыз етіңдер».

Шопырлар ереуілді желтоқсанның 15-і күні бастаған. «Егер біздің талап орындалмаса, Тәуелсіздік мерекесін тойлатпаймыз, жолды жауып тастаймыз» деп шантаж жасады. ҚазМұнайГаз ереуілшілердің талабын орындамады, орындай да алмайды. Себебі, заң бойынша бұл компанияның ҚазМұнайГазға қатысы жоқ.

Бұл оқиғада бір қызық гәп бар. Қазір West Oil Software деп аталатын компания 2018 жылға дейін ҚазМұнайГаздың құрамында болып, жұмысшылары біріңғай еңбекақы төлем жүйесі бойынша айлық алып жүрді. 2018 жылы бұл сервистік компания жекешеленіп, ҚазМұнайГаз құрамынан шығып кетті де, West Oil Software деп аталған. Сол кезде ҚазМұнайГазбен есеп айырысқанда қазір ереуілдеп жүрген шопырлардың әрқайсысы мемлекеттік компанияның есебінен 2,5 жылдық жалақысын, яғни 11 млн теңгеден алып кеткен. Бұл зейнетақы қорындағы ақшаны шығарып, қалтасына салып алғандай нәрсе ғой. Оның үстіне, жекешеленіп өз алдына кеткен West Oil Software компаниясының сол кезде жұмысшыларына берген айлығына шопыралар дән риза-тұғын. Кейін жекеменшік West Oil Software компаниясы божырай бастады. Әрине, бұл о баста табысты компания болды, бірақ тіпті техникасын жаңартып алуға да қаржы салмады. Мұны басқаша айтсақ, біркүндігімен ғана өмір сүріп, бір сәттік «ішіп-жеуді» ғана ойлады. Енді келіп, West Oil Software компаниясындағы жағдай қиындағанда оның жұмысшылары «бізді ҚазМұнайГаздың құрамына қайтадан кіргізіңдер» деп талап қойып отыр. Осы әділетті талап па?!.

Әрине, ҚазМұнайгаз мұнай өндіруге қосалқы көмек беріп отырған West Oil Software компаниясына көмек қолын созды: сервистік қызмет көрсететін компанияның техникасын жаңалап беруге келісіп отыр. Бұл да ҚазМұнайГаздың үлкен көмегі ғой. КазМұнайГаз бұдан басқа не істей алады?!. Ал ереуілшілердің басқа талабын орындау мүмкін емес. Тұралаған жекеменшік компаниялардың жұмысшыларын штатқа кіргізе беретіндей ҚазМұнайГаздың бюджеті резіңке емес. Орындалмайтын талап қою, айналып келгенде, бітпейдің дауға, кикілжіңге ұласады. Даулы жерге ешкім бас сұқпайды, ешбір инвестор жанжал жиі шығатын жаққа келгісі келмейді. Бұдан бәрі ұтылады, мемлекет те, мұнай өндірісіне байланып қалған аймақтың халқы да...

Ораз Әлімбеков

(Материал Фейсбук парақшасынан алынды)

Айдары: Дүрбі 23.12.2023 65

Қатысты мазмұн