Нью-Йорк соты Әбілязов ісі бойынша шешім шығарды

none

2022 жылғы 24 қазанда АҚШ-тың Нью-Йорк Оңтүстік округінің соты алаяқ қашқын Мұхтар Әбілязовтың ісі бойынша түпкілікті шешім шығарды. Бұл туралы «БТА банкінің» ресми сайты хабарлады. Бұл шешім талапкерлер – «БТА банкі» АҚ мен Алматы қаласының Мұхтар Әбілязовтің сот актілерін бірнеше рет бұзғаны үшін оған қатысты ұсынған дәлелдерін тыңдаудан кейін қабылданды. Әбілязов бір жыл бұрын шығарылған соттың қаулысын бұзғаны үшін кінәлі деп танылды, осыған орай ол Алматы қаласы мен «БТА банкінің» заң бұзушылыққа байланысты шығындарын өтеу ретінде 140 мың АҚШ долларынан астам сома төлеуге тиіс. Сондай-ақ бұл шешім бойынша Әбілязов соттың шешімінде көрсетілген соманы толық төлегенге дейін оған күніне 1 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салынады.

Белгілі болғандай, қашқын банкирдің сотты құрметтемегеніне қатысты шешім 2022 жылғы 19 тамыздағы АҚШ судья-магистраты Кэтрин Х. Паркер Әбілязовты жауаптылыққа тартуды және оған айыппұл салуды ұсынып қаулы шығарғаннан, сондай-ақ Әбілязовтың судья Паркердің шешіміне қарсылықтары қабыл алынбаған Нью-Йорк Оңтүстік округінің АҚШ округтік судьясы Джон Г. Коелттің 2022 жылғы 21 қазандағы қаулысынан кейін шығарылды.

19 тамыздағы шешімінде судья Паркер Әбілязовтың бұрынғы сот қаулыларын орындамағанына қатысты әр қарсылығын қабылдамай қойды.

Нью-Йоркте Алматы қаласы мен «БТА банкінің» атынан жүргізілген сот процесі осыдан 6 жылдан астам уақыт бұрын басталған, ол бойынша Мұхтар Әбілязов пен оның сыбайластарына ұрланған ақшаны АҚШ-қа жылыстатты және заңдастырды деген айып тағылған. Дүние жүзіндегі соттар анықтағандай, Әбілязов жалған кредит жолымен «БТА банкінен» миллиардтаған доллар ұрлаған. Бұл әрекеттері үшін ол Қазақстанда сотталып, үкімі шығарылған, сондай-ақ ол Ұлыбритания соттарында азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылуға тиіс деп танылған. АҚШ-тағы сот талқылауы кезінде талапкерлер Әбілязовтың жасаған қылмыстарының қосымша салмақты дәлелдерін жинап ұсынды, сонымен қатар осы қылмыстар бойынша көптеген куәнің берген айғақтарын қамтамасыз етті.

Сот процесі 2022 жылғы 28 қарашада Нью-Йоркте Американың әділқазылар алқасының алдында басталады деп жоспарланған.

Естеріңізге сала кетсек, 2020 жылы халықаралық журналистік зерттеу консорциумы жариялаған есептің мәліметтері бойынша Храпуновтар отбасы мен Мұхтар Әбілязовтің Қазақстаннан шамамен 755 миллион АҚШ долларын заңсыз алып кеткен.

2020 жылғы желтоқсанда Әбілязов Ресейде «БТА банкінің» ісі бойынша сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Қазақстанда ол сырттай 20 жылға колонияға кесілді. Өткен жылдың қазан айында Американың соты Әбілязов пен Храпуновтың ұлына санкция салған болатын. Ал осы жылдың жазында Мұхтар Әбілязов Франциядан экстрадициялануы мүмкін екені хабарланды.

Айдары: Дүрбі 06.11.2022 72

Қатысты мазмұн