Нұрлан Албан мен Ардақ Назаров қазақтың жолын біле ме?

none

Алматы облысының Нарынқол, Кеген, Талғар, Еңбекші қазақ, Ұйғыр аудандары және Қонаев қаласын қамтитын 11-округіндегі Мәжіліс сайлауына қатысып жатқан кандидаттар арасындағы жағдай ушықты. Бұған дейін Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат Нұрқаділов өзінің сайлау додасынан шығатынын, ол бұдан былай рулас ағасы Рысбек Сәрсенбай үшін үгіт-насихат бастайтынын хабарлаған. Сондай-ақ, ол осы саяси додадағы рулас інілерін де Рысбек Сәрсенбайдың маңына топтасып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығаруға үндеген. Алайда танымал әнші Нұрлан Албан (Тәжікенов) пен жекпе-жек спортының шебері Ардақ Назаров райынан қайтар емес. Ұлтшыл патриоттар ішіндегі дереккөздің мәлімдеуінше, екеуі де ел бірлігін ойлаған ақсақалдардың аталы сөзіне құлақ аспай жүр. Бұл жағдай албан руының екі үлкен тармағы – алжандар мен құрмандардың арасына сызат түсіретін секілді.

Танымал әнші мен спортшының саяси додада ағасы Рысбек Сәрсенбайға жол бермеуін өңір халқының тайпалық түсініктен аралып, саяси ұлт дәрежесіне көтерілгені тұрғысынан бағалауға болар еді, бірақ Нұрлан Албан мен Ардақ Назаровқа қатысты бұл жерде де рушыл сезім ойнап кетті. Рас, журналист Рысбек Сәрсенбай талай жылғы саяси күресте ысылып нағыз саясаткер болған адам. Оны бәрі біледі. Рысбек Сәрсенбаймен салыстырғанда Нұрлан Албан мен Ардақ Назаров оң-солын танымайтын ойын баласына ұқсайды.

Нұрлан Албан Қаңтар оқиғасынан кейін құрбандарға жаны ашығансып эмоцияға толы бір-екі видео түсірген. Басқа кезде той-томалақтың қызығын көбейтетін әнші-тамада болып, саясаттан бойын алыс ұстап айдалада жүретін. Оның аяқасты «қаңтаршыл» болып кеткеніне күмәнмен қарағандар көп. Қазір де «Нұрлан Албан Рысбек Сәрсенбайдың электоратын жырымдап бөліп алу жөнінде жоғарыдан тапсырма алған» деген болжам айтылады.

Бұрын Әлия Назарбаеваның оққағары болған Ардақ Назаров Қаңтар оқиғасы кезінде бейбіт шерушілер немесе басбұзар арандатушылар жағында болды ма, болмады ма, ол жөнінде мәлімет жоқ. Дегенмен, Қаңтар оқиғасы кезінде Алматы әуежайын қиратуға Нарынқол-Кегенде жекпе-жек спортымен айналысатын шоқша сақалды бір топ жас жігіт келгені жөнінде мәлімет бар. Ауылда жайбарқат жатқан жатқан есерсоқ жастарды тікелей әуежайға келуге кім бұйырғаны әлі күнге дейін белгісіз (оқиғаның жай-жапсарын журналист Мақсат Ілиясұлы Нұрыпбаевтан сұрап білу керек). Кезінде «Адал» партиясының беткеұстар белсенді мүшесі болған Ардақ Назаров Нарынқолдағы бір-екі ескі ғимартатты жөндеуге көмектесіп, сол жерде жас балаларға спортпен шұғылдануға мүмкіндік туғызған. Ол әлі осы қайырлы ісін өңір халқына міндетсіп жүр.

Екі-үш күн бұрын сайлаушылармен кездесу кезінде Ардақ Назаров өзінің басты мақсаты деп «жастар тәрбиесімен шұғылданатын» айтты. «Мәжіліс заң шығаратын орган, халықтың жағдайын түзеу үшін қандай заң жобаларын ұсанасың?» деген сұраққа ол тағы да «мен Мәжілісте жастар тәрбиесімен шұғылданам» деп жауап берді. Сайлаушылар көкейіндегі осы сұраққа берілген жауаптың өзінен-ақ Ардақ Назаровтың шалағай белсенді екенін, саясаттың не екенін әлі түсінбеген дүмбілез екенін көреміз. Солай бола тұрса да, 11-округте биліктің үміт артып отырған кандидаты Ардақ Назаров сияқты. Бұл болжамды аргументтейтін жанама дәлел жеткілікті.

Ал Нұрлан Албан нағыз саясаткер Рысбек Сәрсенбайдың жолын кес-кестеп, спортшы Ардақ Назаровтың жеңіске жетуі үшін саяси ойынға уақытша қосылған белсенді секілді.

Oraz Alimbekov,

Faceboоk парақшасынан алынды

Айдары: Дүрбі 09.03.2023 176

Қатысты мазмұн