Мамайдың соты өзінің пиарынан басталды

none

Жақында тергеу изоляторынан үйқамаққа шыққан тіркелмеген "Демократиялық партияның" жетекшісі Жанболат Мамай "паузаға қойылғандай" болып көрінген өзінің пиарын жалғастырды. Тоғыз айға жуық уақытқа жалғасқан тергеуден кейін 7 қарашада ақыры Алматының Бостандық аудандық №2 сотында Мамайдың соты басталды. Сот онлайн режимде өтті. Қылмыстық іс бойынша Мамайға "жалған ақпарат таратты", "билік өкілін қорлады" және "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айып тағылған.

БАҚ хабарлағандай, алғашқы сот отырысында судья Елена Кван тиісті рәсім бойынша тараптарды түгендеп болып, журналистерге "процестен тікелей эфир жүргізбеулеріңізді сұраймын" деп өтініш айтты. Ол "заң бойынша куәлер бір-бірінің берген жауабын естімеуі тиіс" деді.

Бірақ жұртшылық назарын өзіне аударуды аса ұнататын және әсіресе қазіргі кезде "жұлдызды ауруы асқынған" Жанболат Мамай процестік заңнама талабына сай әрекет еткен судьяның сөзіне қарсы шығып процесс ашық, сондықтан журналистер тікелей эфир жүргізуге құқылы деп шыға келді. Судья заң талабын сақтап айтқанынан қайтпап еді, Мамай сол бойда судьяға сенімсіздік білдірді.

Бұл жағдайдан судья кешке дейін үзіліс жариялауға мәжбүр болды. Ал үзілістен кейін соттың төрағасы айыпталушы Мамайдың өтінішін қанағаттандырмады. Төраға "журналистер процестен тікелей эфир жүргізе алады, алайда куәлерден жауап алынғанда тікелей эфирді тоқтату керек, жауап алынып болған соң эфирді қайта жалғастыруға болады" деп айтты. Сотқа билігі жүрмейтінін түсінген Мамай бұған келісіп, кешкі алтыдан кейін процесс қайта жалғасты. Судья тараптарға құқығын түсіндіріп, алдағы сот өтетін күндерді белгіледі. Жұмыс уақыты аяқталғандықтан келесі отырысты 8 қарашаға қалдырды.

Осылайша Ақорданың "Мерлезон балетінің" кезекті маусымы басталып та кетті. Оның басты кейіпкері Жанболат Мамай осы маусымдағы бірінші қойылымда жалынды демократ, әділдік жолындағы қайтпас күрескер бейнесін сомдауға кірісті. Судьяға сенімсіздік танытқан кезде ол өзін құдды Навальныйдай сезінсе керек. Өйткені оны жақтайтын ақпарат арналары оның қамаудан шығарылып, процестің тездетілуіне Англия мен Еуропа парламентарийлері мен құқық қорғаушыларының Ақордаға қысым жасауы тікелей себепші болды деп жазады. Сондықтан Мамайдың саяси аренадағы ұпайы өсіп, жұртшылық алдындағы беделі артуға тиіс деп күтіледі. Өз-өзіне беретін бағасы да қатты жоғарылаған сияқты.

Бірақ, оның өкінішіне орай осыдан аз уақыт бұрын шетелде жүрген қашқын олигарх Мұхтар Әбілязов Мамайдың Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қамаудағы бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімовтің оппозицияны құрту миссиясын орындайтын агенті екенін мәлімдеген болатын. Мәсімов қамауда болса да, Мамай әзірге билікке қажетті кадр болып тұрған рас сияқты. Өйткені алдағы президент сайлауына ортақ кандидат ұсынамыз деп басы біріккендей болып көрінген оппозиция өкілдері ақыр аяғында бір-бірімен ұрысып тынды. Кандидатты сол күйі ұсынбады. Бұл жағдай саяси сахнадағы көріністі тыс жұпыны етіп жіберді. Сол үшін оған аз-маз көркемдік беру қажет. Алдағы уақытта соттың шығаратын шешімі Мамайдың бұдан былайғы ойнайтын рөлі мен бейнесін анықтауға тиіс.

"S"

Айдары: Дүрбі 07.11.2022 102

Қатысты мазмұн