7 маусымда Алматы қалалық сотында Жанболат Мамайдың апелляциялық шағымын қарау жалғасты. Мамайдың әйелі Инга Иманбай әлеуметтік желідегі оның парақшасында хабарлағандай, отырыс екінші рет бір сағаттан астам уақытқа кешіктіріліп өткізілді және жалпы ұзақтығы бір сағаттан аспайды. Осы уақыт ішінде адвокат Ернар Кенжебаевтың бірнеше өтініші ғана қаралыпты. Процесс Zoom режимінде, бар болғаны 40 минутқа есептелген тегін нұсқада өтеді, содан кейін байланыс үзіліп, қайта қосылу керек. Келесі отырыс 15 маусымға белгіленіпті.
Инга Иманбай процестің саяси сипатта екенін қайталай келе, билік түпкілікті шешімді әлі қабылдамаған шығар деген болжам жасап отыр. БҰҰ жұмыс тобының шешімі мен басқа да халықаралық ұйымдардың мәлімдемелері сотта емес, Ақордада қаралады деп жазады.
Шынында да, билік «ескі Қазақстан» тұсында басталып, қазір тығырыққа тірелген Мамай жобасының тағдырын шешуі керек. Жобаның тоқтатылатынын немесе оның халыққа сенімді көрінетін жалғасының болатынын және жалғасса, ендігі сценарий қандай болуы керек екенін саяси технологтар әлі шешпеген сияқты. Соттың созылып кеткені де осыдан. Жанболат Мамай шектеуге байланысты аудиториясының алдына шыға алмай, көлеңкеде қалды, бірақ назар фокусы өзіне аударылған Инга Иманбайдың ұпай жинап алуына мүмкіндік жаман емес.