Мамайдың мәлімдемесі агенттікті әбігерге салды

none

Тіркелмеген «Демократиялық партия» жетекшісі Жанболат Мамайдың «үкімет қаржы амнистиясын жариялады» деген жалған сөзінен кейін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сұрау салушылар көбейген. Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова журналистерге түсініктеме берді.

Оның айтуынша, қазір агенттік несиені кешіру мәселесін қарастырып жатқан жоқ. Өткен аптада Мамай бастаған бірнеше адам әлеуметтік желіде несиені кешіруге қатысты жалған ақпарат таратқаннан кейін агенттікке өте көп өтініш келіп түскен.

«Шамамен 18 мыңнан астам өтінішті қабылдадық. Арасында несиені қайта құрылымдау, кешіру туралы өтініштер де бар. Олардың барлығын қарадық, өңдедік. Қаржы ұйымдарына жолдадық. Борышкерлермен бірнеше рет кездестік» деді М.Әбілқасымова.

Әбілқасымованың айтуынша, несиені кешірудің 2019 жылы бір реттік акция ғана өткен. Қазір мұндай мәселе күн тәртібінде жоқ. Биыл қазан айында проблемалық несиелерді сотқа дейін реттеуді көздейтін жаңа ережелер күшіне енген. Қаржы ұйымдары, яғни банктер мен несие беретін басқа да ұйымдар азаматтардың қаржылық жағдайы нашарлаған жағдайда оған мәселені шешудің түрлі амалдарын ұсынады. Мысалы, несиені кейінге шегеру, пайыздық мөлшерлемесін азайту, өсімін алып тастау және өзге де амалдарды ұсынуы тиіс.

Әбілқасымованың айтуынша, агенттікке түскен өтініштердің барлығы банктерге жіберіліп, ол жақта әр азаматтың шағымы жеке қаралады. Қалай болған күнде де несие амнистиясы мемлекет қазынасы есебінен, яғни салық төлеушілер есебінен шешіледі. Азаматтардың несиесін кешіру қаржы ұйымдарының тұрақтылығына кері әсер етуі мүмкін.

«S»

Айдары: Түтін 15.12.2021 95

Қатысты мазмұн