Мамайдан Мандела сомдауға бола ма?

none

Адам құқығын қорғайтын Human Rights Watch халықаралық ұйымы Ақорданың жоспарына сәйкес әрекет етіп жатыр. Ұйым Ақорданың саяси жобасы саналатын Жанболат Мамайды тез арада босатуды талап етіпті. «Билік өзін сынайтындарды осылайша «тұншықтырып жатыр» екен. Әрине, құқық қорғау ұйымының сөз саптауында мін жоқ. Десек те, мұнда шындыққа жанаспайтын бірнеше мәселе бар.

Біріншіден, Мамай мен ол жетекші болып жүрген «демпартия» мүшелері – Назарбаев пен оның отбасының бітіспес оппоненті, соларды ғана қатты сынайды. Назарбаевтар әулеті биліктен кетті... Мамай қазір билікті, яғни ресми былайғы жұртқа көз қылып, өзінің оппозиция екенін көрсетіп қою үшін ғана Ақорданы сипай қамшылап өте шығады.
Екіншіден, қазақта «Жау кеткен соң қылышыңды б*ққа шап» деген мақал бар. Назарбаевтарды сынау қазір трендте. Қазіргі билік те қоғам тарапынан Назарбаевтардың қатты сыналғанын ұнатады. Мамай мен оның жақтастары Назарбаевтардың соңынан тас атудан қалыс қалып жатқан жоқ. Сондықтан Human Rights Watch ұйымының билікке сыни пікір айтқыш Мамайды әдейі қамап қойды дегені үйлеспей тұр.

Үшіншіден, Мамай «Қаңтар оқиғасын» еске алатын митингіге қатысып, «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деп қамауға алынған. Бұл митингіні ұйымдастырған Болат Әбілев еді. Оппозицияның басқа жетекшілері де сол жиынға қатысты, бірақ билік оларды Мамай секілді қамауға алған жоқ. Солардың ішінен таңдап тұрып Мамайды қамауға алудағы гәп мынада ғой. Мамай – биліктің саяси жобасы. Соңғы кезде Мамайдың оппозицияшыл беделі күрт нашарлап кетті. «Басқа митингішілерді қамауға алады, Мамай неге ұсталмайды?!» деген сыпсың сөз көбейді, Мамайдың шын оппозиция екеніне күмән қоюланды. Дәл осылай кете берсе, оппозицияшыл халық басқа біреудің соңынан еріп кетуі мүмкін. Айтқанға көнбейтін, айтақпен жүрмейтін әлдебір оппозицияшыл лидер қазіргі режимге қауіпті. Сондықтан билік өзі жасаған саяси жобаның оппозициялық келбетін халық сенетіндей жақсартып, Мамайдың беделін көтеруі керек.

Мамайға «полицияға шаптықты», «қарабет» деп тілдеді деген қосымша екі айып тағылуы да бекер емес. Оны екі ай бола ма, жарты жыл бола ма, әйтеуір түрмеде отырды деген өмірбаян қалыптастыруды ойластырып жатыр. Билік одан Мандела немесе Навальный жасап қойғанды жөн санайды. Human Rights Watch ұйымының Мамай үшін мәлімдеме жасауына қарап, билік бұл істе әжептәуір жетістікке жеткен секілді. Дегенмен, мұнда да қиюы келмей тұрған бір мәселе бар: Билік «Мамай» атты саяси жобаны іске қосқанда Жанболатқа Нобель сыйлығын алып беруді көздеген жоқ. Оны бұл саяси жобаға қосудағы мақсат – билікке наразы жұртты, яғни оппозицияны Мамай арқылы ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстап отыру. Міне, осы істі Мамай тиісті деңгейде орындай алмай келеді. «Халықаралық ұйым Мамайды мәлімдемесіне қосыпты екен» деп наразы жұрттың Жанболат үшін жанын бере қоюы неғайбыл. Ол халықтың сенімінен кеткен адам. Дұрысы және ең оңайы «Мамай жобасын» жауып, жаңа «саяси ойын» бастаған жөн. Мұны Ақорданың саяси технологтары біле ме екен?!..

"S"

Айдары: Дүрбі 28.03.2022 137

Қатысты мазмұн