Макс Боқайға айыппұл салынып, ескерту жасалды

none

Атыраулық белсенді Макс Боқайға сот шешімін орындамады деген себеппен айыппұл салынды. Бұған қоса полиция оған әкімшілік қадағалау қағидаларын бұзғаны үшін ескерту жасады.

Азаттық радиосының хабарлауынша, 2016 жылы жер митингінен соң бес жылға сотталып, түрмеде отырып шыққан Макс Боқайға 13 қаңтарда пробация қызметкерлері "профилактикалық әңгіме жүргізуге" келіп кеткен. Арада бір сағат өтпестен қалалық полиция басқармасының төрт қызметкері Атыраудағы үйіне тағы келіп, былтыр қарашада YouTube желісіндегі "Политон клубы" арнасына сұхбат бергені үшін және өзінің Facebook парақшасында диссидент Арон Атабектің туған күні – 31 қаңтарды саяси тұтқындар күні деп жариялауды ұсынғаны үшін әкімшілік хаттама толтырып кеткен. Ертесінде сот болып, оған "сот шешімін орындамағаны үшін" 5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде 18 460 теңге (41 АҚШ доллары) айыппұл салынған.

Ал дүйсенбі, 15 қаңтарда, Атырау қалалық полиция басқармасына шақырып, "Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің" 480-бабының 1-тармағын (бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамның әкiмшiлiк қадағалау қағидаларын немесе өзiне қатысты сот белгілеген шектеулерді орындамауы) бұзғаны үшін ескерту жасау жөнінде қаулы тапсырған.

Макс Боқаев 2016 жылы 18 мамырда рұқсат етілмеген митингіге қатысуға шақырғаны үшін ұсталған. Оған қасақана жалған ақпарат таратқаны үшін айып тағылды. Атап айтқанда, белсенді өз басылымдарында жер заңнамасындағы өзгерістерді жалған түсіндіріп, үкіметтің Қытайға 1 миллион гектар ауылшаруашылық жерлерін беруіне баса назар аударған, бұл ақпарат шындыққа жанаспайды, деп жазады Zakon.kz. Жалпы Боқаевтың белсенділігі жер заңнамасын түзету мен билікті құлатуға қызығып, Атырауда наразылық акцияларын ұйымдастыруға ақша құйған "сыра королі" Тоқтар Түлешовпен байланысты. 2021 жылдың 4 ақпанында Макс Боқаев барлық жазасын өтегеннен кейін бостандыққа шықты.

Содан соң ол Атыраудағы Исатай – Махамбет алаңына барып саяси пікір білдірген. Артынша алаңға барып, Қазақстан Конституциясын өзгертуді, "ұлттық диалог жасауды" талап еткен. Бұған қоса ол тек партия мүшелері ғана мәслихат депутаттығына түсе алады деген ереже енгізілген заңдарға қол қойған сол кездегі сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевты және мәжіліс спикері Нұрлан Нығматулинді сотқа беріп, жеңілген.

Макс Боқай былтыр қаңтарда өткен сенат сайлауына, наурызда өткен мәжіліс сайлауына кандидат ретінде тіркелмек болған. Бірақ сайлау комиссиясы оны соттылығын өтемегені үшін депутаттықтан үміткер ретінде тіркеуден бас тартқан.

Айдары: Бақ-бақ 16.01.2024 52

Қатысты мазмұн