Майғазиев мамайшыл белсендіні сотқа берді. Кім жеңеді?

none

Шымкент қалалық мәдениет үйінің жетекшісі, әнші Сәкен Майғазиев тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» белсендісі Аружан Дүйсебаеваны сотқа берді. Әнші мамайшыл белсендіні «ар-намысыма тиіп, қорлады» деп айыптап отыр. Сот процесі бүгін басталды.

Өзін оппозиция санайтын Жанболат Мамайдың серігі А.Дүйсебаева наурыз айында Youtube арнасында екі видео жариялаған. Онда ол Шымкентте наурыз тойына бөлінді делінген 565 миллион теңгені мерекелік жобаға жетекші болған қалалық мәдениет үйі мақсатына сай жұмсамады деген. Бұған қоса Сәкен Майғазиевті айыптап, «мемлекет тарапынан бөлінген 565 млн теңгені жоқ қылды», «жемқорлыққа бару халыққа жасаған опасыздық», «жемқор» және т.с.с. ар-намысқа тиетін сөздер айтқан. Сол үшін Майғазиев соттан Дүйсебаеваны қылмыстық жауапкершілікке тартып, екі видеоны өшіруге және әлеуметтік желі арқылы кешірім сұрауға міндеттеуін сұраған.

Шымкентте Наурыз мерекесін тойлауға байланысты ақпаратты алғаш рет мемлекеттік сатып алудың ашықтығын зерттейтін журналистер тобы жариялаған болатын. Олар Майғазиевке қатысты нақты дәделді факт болмаған соң, мамайшыл белсенді секілді жөнсіз айыптау сөздер жазбаған еді. Себебі, зерттеуші журналистер біреуге жала жабудың ақыры жаман болатынын біледі. Ал саяси ұпай жинағысы, қоғамға халықшыл, патриот болып көрінгісі келетін кейбір қоғам белсенділері дегбір қылмай оңды-солды айыптап сөйлей береді. Мұндағы сорақылық мынада: олар дәлелсіз айыптауды сөз бостандығы мен демократияның, жариялылықтың құрамдас бөлігі деп қате түсінеді. «Сөз бостандығы жоқ!» деп байбалам сала жөнеледі. Рас, «Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ». Ақиқат әрқашан айтылуы керек, бірақ сол ақиқаттың нақты фактімен, бұлтартпас дәлел арқылы жариялануы – басты шарт. Егер олай болмаса, «Басты бәле – тілден» деген мақалды еске алған жөн.

Белсенді Аружан Дүйсебаева да өзіне саяси көсем санайтын Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбай секілді «тілінен қағынып» отыр. Соңғы екеуі Бауыржан Байбектің дүние-мүлкі жөнінде зерттеу жасаймын деп, дәлелсіз айыптағаны үшін сотқа тартылды, айтқан сөзіне дәлел келтіре алмай, сотта оңбай жеңіліс тапты. Аружан Дүйсебаева да солардың кебін кимекші. Қазіргі жағдай оқиғаның дәл солай аяқталатынын көрсетіп тұр.

Берік Мыңжасар

Айдары: Түтін 15.07.2021 152

Қатысты мазмұн